Хадис

Кутуб ситтә, № 1981

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
276. Мейірімді болуға үндеу
Нөмірі
№ 1981 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1981
Кутуб ситтә, № 1981 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَبَّلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْحَسَنَ بْنَ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا وَعِنْدَهُ الْأَقْرَعُ بْنُ حَابِسٍ. فَقَالَ الْأَقْرَعُ: إِنَّ لِي عَشْرَةً مِنَ الْوَلَدِ مَا قَبَّلْتُ مِنْهُمْ أَحَدًا! فَنَظَرَ إِلَيْهِ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ قَالَ: مَنْ لَا يَرْحَمُ لَا يُرْحَمُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَزَادَ رَزِينٌ: أَوَ أَمْلِكُ إِنْ كَانَ اللَّهُ نَزَعَ مِنْكُمْ الرَّحْمَةَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) қасында Ақрағ ибн Хабис отырған кезде немересі Хасан ибн Әлиді (р.а.) сүйді. Сонда Ақрағ: “Он балам бар, бірде-бірін сүйген емеспін”, – деді. Алла елшісі оған қарап: “Мейірім танытпағанға мейірім көрсетілмейді”, – деді».1

Рәзин Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін де келтіреді: «Алла жүректеріңнен мейірімді алып тастаған болса, мен не істей аламын?»

Түсіндірме

1. Рәзин келтірген қосымшаға мағыналас, Пайғамбарға телінген риуаят Бұхари мен Мүслимнің «Сахих» жинақтарында бар.2

2. Ибн Әбу Жамра хадисті былай түсіндіреді: «Бұл сөзден өзгеге ешбір жақсылық жасамаған адам сауапқа кенелмейді деген мағына шығуы мүмкін». Бұл пікір ﴿هَلْ جَزَاءُ الْإِحْسَانِ إِلَّا الْإِحْسَانُ﴾ «Иә, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!» («Рахман» сүресі, 60-аят) деген аятпен үндеседі. Осыған орай хадисті «Дүниеде иманнан туған мейірімі болмағанға ақыретте рақым етілмейді» немесе «Алланың әмірін орындап, тыйымынан сақтану арқылы өзіне мейірім танытпағанға Алла рақым етпейді, өйткені оған Алла алдында мұндай уәде берілмеген» деп түсінуге болады. Бұл ретте мейірім – амал, ал рақым – сол амалдың сауабы.3 Демек, сауапқа ізгі амал жасаған адам кенеледі. Сондай-ақ мейірім садақаны, ал рақым бәледен сақтауды білдірсе, «Бәледен садақа бергендер аман қалады» деген мағына шығады. «Жанға бататын бір әрекет араластырмай, таза мейіріммен қарамағанға мейірім көрсетілмейді» деген түсінік те бар. Немесе «Алла адам ізгі амал істесе де, рақымын жүрегінде мейірімі барларға ғана нәсіп етеді» деген мағынада. Ибн Әбу Жамра әрі қарай: «Адам өзін осы түсініктердің бәріне салып таразылауы керек. Бірінен өзіне оң нәтиже көрмесе, дереу Аллаға жүгініп, жәрдем сұрасын», – дейді.

3. Алла елшісі (с.а.с.) балаларды сүюге үндеген. Баланы сүймеуді жүрек қаттылығы мен мейірімсіздіктің белгісі әрі Алланың рақымынан мақұрым қалудың бір себебі деген. Баланы сүюдің тәрбиеде орны бөлек. Бұл жайында жоғарыда кеңірек айттық.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 18. Мүслим, «Фәдаил», 65 (№ 2318). Тирмизи, «Бирр», 12 (№ 1912). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 156 (№ 5218).
  2. 2Бұхари, «Әдеп», 18. Мүслим, «Фәдаил», 64 (№ 2317).
  3. 3Хадистің арабша нұсқасында екі жерде де «мейірім көрсету» мағынасындағы يَرْحَمُ етістігі қолданылған.