Хадис

Кутуб ситтә, № 1973

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
274. Дүниеқоңыздықтың айыпталуы
Нөмірі
№ 1973 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
1973
Кутуб ситтә, № 1973 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ارْتَحَلَتِ الدُّنْيَا مُدْبِرَةً وَارْتَحَلَتِ الْآخِرَةُ مُقْبِلَةً! وَإِنَّ لِكُلِّ وَاحِدَةٍ مِنْهُمَا بَنِينَ. فَكُونُوا مِنْ أَبْنَاءِ الْآخِرَةِ، وَلَا تَكُونُوا مِنْ أَبْنَاءِ الدُّنْيَا. فَإِنَّ الْيَوْمَ عَمَلٌ وَلَا حِسَابَ، وَغَدًا حِسَابٌ وَلَا عَمَلَ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ. قُلْتُ: وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ بِغَيْرِ إِسْنَادٍ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай деген: «Дүние теріс бұрылып, алыстап барады, ал ақырет бет түзеп, жақындап келеді. Екеуінің де өз балалары бар. Ақыреттің балалары болыңдар, дүниенің балалары болмаңдар. Бүгін амал бар, есеп жоқ, ал ертең есеп бар, амал жоқ».1

Түсіндірме

1. «Дүние теріс бұрылып, алыстап барады» деген сөз Әлиден мауқуф, яғни өзінің сөзі ретінде де, марфуғ, яғни Пайғамбардың сөзі ретінде де жеткен. «Хилиядағы» нұсқасы ұзағырақ: «Сендердің нәпсіге еріп, дүние үшін ұзақ үмітке беріліп кетулеріңнен қатты қорқамын. Нәпсіге еру хақтың жолын бөгейді, ұзақ үмітке берілу ақыретті ұмыттырады. Біліп қойыңдар, дүние теріс бұрылып, алыстап барады…»

Пайғамбарға телінген бір нұсқада мынадай өзгешелік бар: «Нәпсіге еру жүректеріңді хақтан бұрады, ал ұзақ үмітке берілу бар ынталарыңды дүниеге аударады».

Кей даналар Әлидің сөзіне сүйеніп, былай деген: الدُّنْيَا مُدْبِرَةٌ وَالْآخِرَةُ مُقْبِلَةٌ فَعَجَبٌ لِمَنْ يُقْبِلُ عَلَى الْمُدْبِرَةِ وَيُدْبِرُ عَلَى الْمُقْبِلَةِ

«Дүние теріс бұрылып, алыстап барады, ақырет бет түзеп, жақындап келеді. Алыстап бара жатқанға бет бұрып, жақындап келе жатқаннан сырт айналғанға таңғаласың!» Орайы келгенде, дүниеде мәңгі қалатындай ұзақ үмітке берілуді сынайтын марфуғ риуаяттардың бірін келтірейік. أَرْبَعَةٌ مِنَ الشَّقَاءِ: جُمُودُ الْعَيْنِ وَقَسْوَةُ الْقَلْبِ وَطُولُ الْأَمَلِ وَالْحِرْصُ عَلَى الدُّنْيَا.

«Төрт нәрсе – бақытсыздықтың белгісі. Олар – күнәсін ойлап көз жасын төкпеу, жүректің қатаюы, дүниеде өлместей ұзақ үмітке берілу және дүниеге құнығу».

Абдулла ибн Амр Алла елшісінен (с.а.с.) мына сөзді жеткізген: «Бұл үмбеттің алғашқы буынының ізгілігі дүниеге қызықпау мен кәміл сенімнен бастау алады. Ал соңғы буынының құрдымға кетуіне сараңдық пен ұзақ үмітке берілу себеп болады».

Ғалымдар дүние үшін ұзақ үмітке берілу құлшылыққа салғырт қарауға, тәубені кейінге ысыра беруге, дүниеге құмартып, ақыретті ұмытуға, жүректің қатаюына және өзге де рухани дерттерге бастайтынын айтқан. Өлімді, қабірді, сауап пен жазаны, қияметтің үрейлі сәттерін еске алу жүректі жұмсартып, тазартады. Аятта ﴿فَطَالَ عَلَيْهِمُ الْأَمَدُ فَقَسَتْ قُلُوبُهُمْ﴾ «Олар уақыт оза келе жүректері тас болып қатып қалған еді» («Хадид» сүресі, 16-аят) делінген. Кей ғалымдар: «Кім ұзақ үмітке аз берілсе, соның уайымы азайып, жүрегі нұрланады. Өлімді еске алғанда, құлшылыққа ықыласы артып, азға қанағат етеді», – деген.

Мұхаммед ибн Әбу Бәкір: «Ұзақ үмітке берілу көпшілікке мін саналады. Ал ғалымдар үмітсіз қалса, кітап пен еңбек жазу ісі тоқтайды», – деген. Кейбіреулер үмітті адам баласына туа біткен сезім деп қарайды. Хадисте لَا يَزَالُ قَلْبُ الْكَبِيرِ شَابًّا فِي اثْنَتَيْنِ: حُبِّ الدُّنْيَا وَطُولِ الْأَمَلِ. «Қартайған адамның жүрегі екі нәрседе жас қалпын сақтайды. Ол – дүние сүйіспеншілігі мен ұзақ үміт», – делінген.

Ибн Хажар: «Үміттің бір нәзік сыры бар. Үмітсіз адам өмірден ләззат алмайды, дүниелік іске де құлшынбайды. Сондықтан адам одан мүлде бас тарта алмайды. Қатер – дүние үшін ұзақ үмітке алданып, ақыретке қамдануды қоюда. Мұндай шекке бармаған адамнан ұзақ үмітін үзуді талап етуге болмайды», – деген.

Хадистер мен оларға берілген түсіндірмелерге сүйенсек, дүние сүйіспеншілігі – адамға туа біткен, қажетті сезім. Алайда сол сезімге бой алдырған адам ақыретті ұмытып, дүниелік қалаудың соңына түседі, сөйтіп күнә мен харамға ұрынады. Қай дәуірде де кездесетін шектен тыс пайдақорлық, соның салдарынан туған дау-жанжал, қулық-сұмдық, алаяқтық пен кісі өлімі – Ислам шектеуге үндеген осы құмарлықтың салдары. Ислам бұл мәселеде тепе-теңдікке шақырып, ақыретті ұмыттырмайтын, құлшылықтан қалдырмайтын, харамға ұрындырмайтын шекте дүние табуға рұқсат береді.

Қайратты мұсылманның әлсіз мұсылманнан Аллаға сүйіктірек екенін, берген қолдың алған қолдан жоғары тұратынын айтқан Ислам адамнан дүниені біржолата тастауды талап етпейді.

  1. 1Рәзин. Бұхари, «Риқақ», 4-тараудың кіріспесі (№ 6417 алдындағы Әлиден иснадсыз келтірілген сөз).