Хадис

Кутуб ситтә, № 1955

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
271. Бауыздаудың түрі мен орны
Нөмірі
№ 1955 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1955
Кутуб ситтә, № 1955 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Сағид әл-Худри

وَعَنِ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقِيلَ إِنَّا نَنْحَرُ النَّاقَةَ وَنَذْبَحُ الْبَقَرَةَ وَالشَّاةَ فِي بَطْنِهَا الْجَنِينُ، أَنُلْقِيهِ أَمْ نَأْكُلُهُ؟ فَقَالَ: كُلُوهُ إِنْ شِئْتُمْ فَإِنَّ ذَكَاتَهُ ذَكَاةُ أُمِّهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَهَذَا لَفْظُهُ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Біз буаз түйе, сиыр, қой соямыз. Ішіндегі төлін тастаймыз ба, жей аламыз ба?” – деп сұрады. Ол: “Қаласаңдар, жеңдер. Анасының сойылғаны төлі үшін де жеткілікті”, – деді».1

Түсіндірме

1. Жәнин – құрсақтағы төл. Төл жарыққа шыққан соң бұл атау қолданылмайды.

2. «Ән-Ниһаяда» «тәзкия» сөзі «зәбх» пен «нахр», яғни талапқа сай сою деп түсіндіріледі. Осы мағынада «зәкат» сөзі де қимыл атауы ретінде қолданылады.

3. Тирмизи: «Бұл хадиске сахабалар мен кейінгі ілім иелерінің көбі сүйенген. Суфиян, Ибн әл-Мубарак, Шәфиғи, Ахмад пен Исхақ та осы пікірде», – дейді.

Имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф та осы пікірді ұстанған. Имам Мәлик құрсақтағы төлге жүн шығуын қосымша шарт санаған. Ал Әбу Ханифа өлі шыққан төлдің еті желінбейді деп үкім берген. Оның пікірінше, аналық малдың талапқа сай сойылуы төл үшін жеткіліксіз.

Имам Мұхаммедтің «Мууаттасында» Абдулла ибн Омардың (р.а.) мына сөзі бар: «Ұрғашы түйе сойылса, құрсағындағы төлдің дене мүшелері толық жетіліп, жүні шыққан жағдайда анасының сойылғаны төл үшін де жеткілікті. Төлді құрсақтан шығарған соң, ішіндегі қаны ағып кетуі үшін бауыздайды». Сағид ибн әл-Мусайяб та: «Төлдің дене мүшелері жетіліп, жүні шықса, анасының сойылуы төл үшін жеткілікті», – деген.

Имам Ағзамның бұл мәселедегі үкімі көпшілік ғалымның пікірінен өзгеше.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 18 (2827); Тирмизи, «Атғима», 2 (1476).