Хадис

Кутуб ситтә, № 207

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
27. Үй құрылысы
Нөмірі
№ 207 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
207
Кутуб ситтә, № 207 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ قَيْسِ بْنِ أَبِي حَازِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَيْنَا خَبَّابَ بْنَ الْأَرَتِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ نَعُودُهُ، وَقَدِ اكْتَوَى سَبْعَ كَيَّاتٍ فِي بَطْنِهِ، فَقَالَ: «إِنَّ أَصْحَابَنَا الَّذِينَ سَلَفُوا مَضَوْا وَلَمْ تَنْقُصْهُمُ الدُّنْيَا، وَإِنَّا أَصَبْنَا مَا لَا نَجِدُ لَهُ مَوْضِعًا إِلَّا التُّرَابَ، وَلَوْلَا أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ نَهَانَا أَنْ نَدْعُوَ بِالْمَوْتِ لَدَعَوْتُ بِهِ». ثُمَّ أَتَيْنَاهُ مَرَّةً أُخْرَى وَهُوَ يَبْنِي حَائِطًا لَهُ، فَقَالَ: «إِنَّ الْمُسْلِمَ يُؤْجَرُ فِي كُلِّ شَيْءٍ يُنْفِقُهُ إِلَّا فِي شَيْءٍ يَجْعَلُهُ فِي هَذَا التُّرَابِ»». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Қайс ибн Әбу Хазим (р.а.) былай баяндайды: «Хаббаб ибн әл-Әраттың (р.а.) көңілін сұрауға бардық. Ол ем үшін ішінің жеті жеріне қызған темір бастырған екен. Хаббаб: “Бізден бұрын дүниеден өткен серіктеріміздің сауабынан дүние ештеңе кеміткен жоқ. Ал бізге бұйырған дүние соншалық, оны құрылысқа салудан басқа жұмсайтын жер таппадық. Пайғамбар (с.а.с.) өлім тілеуге тыйым салмағанда, өлім тілер едім”, – деді. Тағы бір барғанымызда, Хаббаб өзіне дуал тұрғызып жатыр екен. Сонда ол: “Мұсылманның әрбір шығынына сауап жазылады. Тек мына топыраққа, яғни құрылысқа салған шығыны бұған кірмейді”, – деді».1

Түсіндірме

Әбу Абдулла Хаббаб ибн әл-Әратт (р.а.) – алғашқы мұсылмандардың бірі. Тәмим руынан шыққан ол Меккеге пана іздеп келіп қоныстанған. Арқа сүйер руластары болмағандықтан, мұсылман болғаны үшін ауыр азап шекті. Мекке мүшріктері дінінен қайтару үшін денесіне қызған темір мен тас басқан. Одан қалған жараның ізі өмір бойы кетпеді. Хаббаб алғашқы мұсылмандармен бірге азап көріп, кейінгі жеңіс пен молшылықты көрмей дүниеден өткен серіктерін еске алады. Оның айтпағы – серіктерінің дінге сіңірген еңбегінің сыйы ақыретке қалды, ал молшылыққа жеткен кейінгі мұсылмандар сол еңбегінің өтеуін осы дүниеде көргендей болды.

Хаббаб меңзеген серіктерінің бірі – Мұсғаб ибн Умәйр (р.а.). Ол мұсылман болмай тұрып дәулетті отбасында өсті. Исламды қабылдаған соң отбасы одан бас тартып, қолдауын тоқтатты. Тұрмысы тарылса да, Мұсғаб Исламға қызмет етуден айнымады. Ұхұд шайқасында шейіт болғанда, денесін түгел жабатын кебін табылмады. Киімі басына тартқанда аяғына жетпеді. Аяғын құрғақ шөппен бүркеп, жерледі.

Хадистегі үй салудың ұнамсыздығы туралы сөзді ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Алайда олар қажеттіліктен артық, жұртқа көрсету үшін үй салуды мәкрүһ деп бірауыздан санаған. Қажетін өтейтін баспана салуды да мәкрүһ санамаған. Кей ғалым мұндай шығынға күнә да, сауап та жазылмайды десе, енді бірі сауап жазылатынын айтқан. Түсіндірмеде екінші пікір негізге алынады.

  1. 1Бұхари, «Марда», 19 (№5672), «Дағауат», 30, «Риқақ», 7, «Тәмәнни», 6; Мүслим, «Зікір», 12 (№2681); Нәсәи, «Жаназа», 2 (4/3–4, №1823).