وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي، وَأَنَا مَعَهُ إِذَا ذَكَرَنِي. فَإِنْ ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي. وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلَأٍ ذَكَرْتُهُ فِي مَلَأِ خَيْرٍ مِنْهُ. وَإِنْ تَقَرَّبَ إِلَيَّ شِبْرًا تَقَرَّبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا. وَإِنْ تَقَرَّبَ إِلَيَّ ذِرَاعًا تَقَرَّبْتُ إِلَيْهِ بَاعًا، وَإِنْ أَتَانِي يَمْشِي أَتَيْتُهُ هَرْوَلَةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла тағала: “Құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен оған солай боламын. Ол Мені еске алғанда, онымен біргемін. Мені іштей еске алса, Мен де оны іштей еске аламын. Мені бір қауымның арасында еске алса, Мен оны одан да қайырлы қауымның арасында еске аламын. Ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Ол Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Ол Маған қарай жүріп келсе, Мен оған қарай жүгіріп барамын”, – деген».1
Түсіндірме
1. Бұл – мысалдары бұған дейін де келген мұтәшабиһ хадистердің бірі. Оны тек сөзбе-сөз ұғыну Исламның таухид сеніміне қайшы түсінікке алып келеді. Ибн Баттал былай дейді: «Алла бұл жерде Өзін құлына жақындайтын, құлын да Өзіне жақындайтын деп сипаттады. Өзіне қатысты “келу”, “жүгіру” сөздерін қолданды. Бұл сипаттар тура да, ауыспалы да мағынада жұмсалуы мүмкін. Тура түсіндірсек, аралықты жүріп өту мен денелердің бір-біріне жақындауын білдірер еді. Мұны Аллаға қатысты айту мүмкін емес. Араб тілінде сөзді тура мағынада түсіну мүмкін болмаса, ауыспалы мағынасы көзделеді. Құлдың бір қарыс не бір шынтақ жақындауы, жүруі және келуі – Аллаға мойынсұнып, парыздары мен нәпілдерін орындау арқылы Оған жақындауы. Алланың құлына жақындауы, келуі және жүруі – оның мойынсұнуына сауап беруі, рақымын жақындатуы. “Оған жүгіріп барамын” деген сөз “Құлыма сауабым шапшаң жетеді” дегенді білдіреді». Ибн Баттал Табаридің мына түсіндірмесін келтіреді: «Алла құлының аз ғана мойынсұнуын бір қарысқа, ал оған беретін сыйы мен сауабын бір шынтаққа ұқсатқан. Бұл – Оған мойынсұнуға ұмтылған құлдарына беретін сыйының молдығына дәлел».
Ибн әт-Тин былай дейді: «Мұндағы жақындық ﴿فَكَانَ قَابَ قَوْسَيْنِ أَوْ أَدْنَىٰ﴾ “Екі арада қос садақтың арасындай ғана аралық қалды, тіпті одан да жақын.” деген аяттағы жақындыққа ұқсайды. Бұл жерде дәреженің биіктігі мен сыйдың молдығы көзделген. “Жүгіру” сөзі де астарлы, ол Алланың рақымы құлға тез жететінін, Алланың құлына разы екенін және сауабының мол болатынын білдіреді».
Бұл теңеуді Алла құлының тәубесін тез қабыл етіп, мойынсұнуын жеңілдетеді, оған күш-қуат беріп, тура жолға салуын кемеліне жеткізеді және табыс нәсіп етеді деп түсіндіргендер де бар.
Рағибтың түсіндірмесі де осы хадистің мағынасын аша түседі: «Құлдың Аллаға жақындығы – Алланы сипаттауға лайық кей сипаттардың құлға да тән болуы. Әрине, олар құлда Аллаға тән дәрежеде болмайды. Хикмет, білім, ұстамдылық және мейірім осыған жатады. Құл адамдық шамасына сай надандық, жеңілтектік, ашу сияқты рухани кірден тазарғанда, осы сипаттарға ие болады. Бұл – рухани жақындық. “Құлым Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын” деген хадистің мәні осы».
- 1Бұхари, «Тәухид», 50-тарау, № 7405. Мүслим, «Зікір», 2-тарау, № 2675. Тирмизи, «Дағауат», 142-тарау (осы басылымда № 3598).