وَعَنْ طَارِقٍ بْنِ شِهَابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ وَفْدُ بُزَاخَةَ إِلَى أَبِي بَكْرٍ الصِّدِيقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَسْأَلُونَهُ الصُّلْحَ، فَخَيَّرَهُمْ بَيْنَ الْحَرْبِ الْمُجْلِيَةِ، وَالسِّلْمِ الْمُخْزِيَةِ، فَقَالُوا هَذِهِ الْمُجْلِيَةُ قَدْ عَرَفْنَاهَا فَمَا الْمُخْزِيَةُ؟ قَالَ: نَنْزِعُ مِنْكُمُ الْحَلْقَةَ وَالْكُرَاعَ، وَنَغْنَمُ مَا أَصَبْنَا مِنْكُمْ وَتَرُدُّونَ عَلَيْنَا مَا أَصَبْتُمْ مِنَّا وَتَدُونَ لَنَا قَتْلَانَا وَتَكُونُ قَتْلَاكُمْ فِي النَّارِ، وَتَتْرُكُونَ أَقْوَامًا يَتْبَعُونَ أَذْنَابَ الْإِبِلِ حَتَّى يُرِيَ اللَّهُ خَلِيفَةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالْمُهَاجِرِينَ أَمْرًا يَعْذُرُونَكُمْ بِهِ، فَعَرَضَ أَبُو بَكْرٍ مَا قَالَ عَلَى الْقَوْمِ، فَقَالَ عُمَرُ: أَمَّا مَا ذَكَرْتَ مِنَ الْحَرْبِ الْمُجْلِيَةِ وَالسَّلْمِ الْمُخْزِيَةِ، فَنِعْمَ مَا ذَكَرْتَ، وَأَمَّا مَا ذَكَرْتَ أَنْ نَغْنَمَ مَا أَصَبْنَا مِنْكُمْ، وَتَرُدُّونَ مَا أَصَبْتُمْ مِنَّا فَنِعْمَ مَا ذَكَرْتَ، وَأَمَّا مَا ذَكَرْتَ تَدُونَ قَتْلَانَا، وَتَكُونُ قَتْلَاكُمْ فِي النَّارِ، فَإِنَّ قَتْلَانَا قَاتَلَتْ فَقُتِلَتْ عَلَى أَمْرِ اللَّهِ تَعَالَى، أُجُورُهَا عَلَى اللَّهِ لَيْسَ لَهَا دِيَاتٌ، فَبَايَعَ الْقَوْمُ عَلَى مَا قَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ.
Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) былай дейді: «Бузаха елшілері Әбу Бәкір әс-Сыддыққа (р.а.) келіп, бітім сұрады. Ол оларға ел-жұртынан айыратын соғыс пен намысына тиетін бітімнің бірін таңдауды ұсынды. Елшілер: “Елден айыратын соғысты түсіндік. Намысқа тиетін бітім қандай?” – деп сұрады.
Әбу Бәкір (р.а.): “Қару-жарақтарың мен мініс малдарыңды аламыз. Сендерден алғанымыз өзімізге олжа болып қалады. Бізден алғандарыңды қайтарасыңдар. Қаза тапқандарымыздың құнын төлейсіңдер. Сендерден өлгендер тозақта болады. Алла Өз елшісінің халифасы мен мұһажирлерге сендерді кешіруге негіз болатын жағдай көрсеткенше, елдерің түйе соңында, мал бағып жүре тұрады”, – деді.
Әбу Бәкір (р.а.) осы шарттарды жұрттың талқысына салды. Омар (р.а.) былай деді: “Елден айыратын соғыс пен намысқа тиетін бітім туралы сөзің орынды. Олардан алғанымызды олжа етіп, олар бізден алғанын қайтарсын дегенің де орынды. Ал біздің қаза тапқандарымыз үшін құн төлеу, олардың өлгендерінің тозақта болуы жөніндегі сөзіңе келсек, біздің адамдар Алланың әмірімен шайқасып, қаза тапты. Олардың сауабын Алла береді. Олар үшін құн алынбайды”.
Елшілер Омардың (р.а.) айтқан шарттарына сай серт берді».1
Жинақтаушы былай дейді: «Бұл хабарды Шарафуддин әл-Баризи толық келтірген, бірақ оны қай жинақтан алғанын атамаған. “Жәмиғ” авторы да оны келтірмеген. Бұхариде Әбу Бәкірдің (р.а.) мына сөзі ғана бар: “Алла Өз елшісінің халифасы мен мұһажирлерге сендерді кешіруге негіз болатын жағдай көрсеткенше, түйе соңында, мал бағып жүре тұрасыңдар”. Бұл үзінді “Ахкам” кітабының соңында иснадсыз берілген».
Түсіндірме
1. Бұхари бұл жердің атын «Бузаха» деп жазған. «Муғжам әл-булданда» да осы нұсқа берілген. «Тәйсирдегі» «Бәззаха» харакаты жаңсақ болуы мүмкін.
Бузаха – Нәжидтегі Тай тайпасына тиесілі суат. Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы тұсында, ридда соғыстары кезінде, осы жерде елеулі оқиға болды. Өзін пайғамбар жариялаған Туләйха ибн Хуайлид әл-Әсәди Әсәд пен Ғатафан тайпаларын маңына жинап, күшке ие болды. Әбу Бәкір оған қарсы Мусәйлима ісін аяқтаған Халид ибн Уәлидті (р.а.) аттандырды. Халид әуелі ансардың одақтасы Уккаша ибн Михсан әл-Әсәдиді жіберді. Туләйха оны Бәну Әсәдтің Бузаха суатында қарсы алып, өлтірді. Ұяйна ибн Хисн Бәну Фазарадан шыққан жеті жүз кісімен бірге Туләйханың жағында еді. Олардың артынан Халид келді.
Халид (р.а.) осы жерде Туләйханың әскерін жеңді. Жеңілістен кейін Әсәд пен Ғатафан тайпалары Әбу Бәкірге (р.а.) серт беру үшін елші жіберді.
Осы риуаят Әбу Бәкірдің (р.а.) сол елшілермен келіссөзін баяндайды. Ибн Хажар оқиғаны кеңірек түсіндіріп, жоғарыдағы нұсқаны Хумайдидің «Әл-Жәмғ бәйн әс-сахихайн» еңбегінен жеткізген. Ол нұсқада Омар (р.а.) сөзін: «Менің де бір пікірім бар, соны саған айтайын», – деп бастайды.
Әбу Бәкір (р.а.) бітім жасасып, серт аларда айналасындағылармен кеңесуге мән берген. Ол Омардың (р.а.) уәжін орынды көріп, келісімді соның шартымен жасады.
- 1Бұхари, «Ахкам», № 7221. Толық риуаятты Шарафуддин әл-Баризи келтірген. Бұхариде Әбу Бәкірдің сөзінің бір бөлігі «Ахкам» кітабының соңында иснадсыз берілген.