وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «خَصْلَتَانِ لَا تَجْتَمِعَانِ فِي مُؤْمِنٍ: الْبُخْلُ وَسُوءُ الْخُلُقِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Мүміннің бойында екі мінез қатар болмайды. Олар – сараңдық пен жаман мінез», – деген.1
Түсіндірме
Хадис сараңдық пен жаман мінездің мүмін бойында қатар орнығуынан сақтандырады. Түрбүштидің түсіндіруінше, мұнда екі теріс мінез адамның бойын түгел билеп алған жағдай айтылған. Ондай жан осы мінездерден арылуға талпынбайды. Олардың жамандығын сезбегендіктен, тіпті өз қылығына разы болып жүруі мүмкін.
Кей адам ара-тұра сараңдық танытып не теріс қылық жасап, кейін қатты өкінеді. Нәпсісі сараңдыққа немесе жаман іске итермелегенде, ар-ұжданы қарсы тұрып, ол өзімен іштей күреседі. Мұндай адам хадисте сипатталғандардың қатарына жатпайды. Әр мүмін осындай мінездермен сыналуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) мүміндерді сараңдықты өмірлік ұстанымға айналдырудан сақтандырған.
- 1Тирмизи, «Бирр», 41 (№1962).