وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَيْتُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ جَالِسٌ فِي ظِلِّ الْكَعْبَةِ، فَلَمَّا رَآنِي قَالَ: “هُمُ الْأَخْسَرُونَ وَرَبِّ الْكَعْبَةِ”. قُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، فِدَاكَ أَبِي وَأُمِّي، مَنْ هُمْ؟” قَالَ: “هُمُ الْأَكْثَرُونَ أَمْوَالًا، إِلَّا مَنْ قَالَ هَكَذَا وَهَكَذَا وَهَكَذَا” ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، مِنْ بَيْنِ يَدَيْهِ وَمِنْ خَلْفِهِ وَعَنْ يَمِينِهِ وَعَنْ شِمَالِهِ، “وَقَلِيلٌ مَا هُمْ. مَا مِنْ صَاحِبِ إِبِلٍ وَلَا بَقَرٍ وَلَا غَنَمٍ لَا يُؤَدِّي زَكَاتَهَا إِلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَعْظَمَ مَا كَانَتْ وَأَسْمَنَهُ، تَنْطِحُهُ بِقُرُونِهَا وَتَطَؤُهُ بِأَظْلَافِهَا، كُلَّمَا نَفِدَتْ أُخْرَاهَا عَادَتْ عَلَيْهِ أُولَاهَا، حَتَّى يُقْضَى بَيْنَ النَّاسِ”». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ.
Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаның көлеңкесінде отырғанда қасына келдім. Мені көріп: “Қағбаның Раббына ант етемін, олар – ең көп зиянға ұшырайтындар”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, әке-шешем сізге құрбан болсын, олар кімдер?” – деп сұрадым. Ол: “Олар – мал-мүлкі ең көп адамдар. Малын былай, былай, былай үлестіргендер бұған жатпайды”, – деп, алдына, артына, оңына және солына үш рет ишара жасады. Сосын: “Ондай адамдар аз. Түйесінің, сиырының не қойының зекетін өтемеген иесіне малы қиямет күні ең ірі, ең семіз күйінде келіп, оны мүйізімен сүзеді, тұяғымен таптайды. Соңғысы өтіп біткен сайын, біріншісі қайта оралады. Адамдар арасында үкім шығарылғанға дейін осылай жалғасады”, – деді».1
Түсіндірме
Имам Нәуәуи бұл хадистен мынадай тұжырымдар шығарады:
1. Садақа ізгі істің барлық түрін қамтиды. Хадис әртүрлі жолмен садақа беруге үндейді.
2. Ешкім талап етпесе де, ант етуге болады. Бір сөзді қуаттау не маңызды мақсатқа жету үшін ант ету – мұстахаб. Кейде бір істің ерікке қалдырылмағанын не оған рұқсат етілмегенін білдіру үшін де ант етіледі. Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерінде мұндай анттар көп кездеседі.
3. Орынды жерде «Әке-шешем саған құрбан болсын!» деуге болады.
4. Алла елшісінің (с.а.с.) алға, артқа, оңға және солға қолымен ишарат етуі мұқтаждық қай жақтан байқалса да, жәрдемді кешіктірмеу керектігін білдіреді.
- 1Мүслим, «Зекет» (№990). Бұхари, «Әйман», 3, «Зекет», 43. Тирмизи, «Зекет», 1 (№617). Нәсәи, «Зекет», 2 (№2440).