Хадис

Кутуб ситтә, № 1899

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
258. Пайғамбарға салауат айту
Нөмірі
№ 1899 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1899
Кутуб ситтә, № 1899 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ لِلَّهِ مَلَائِكَةً سَيَّاحِينَ فِي الْأَرْضِ يُبَلِّغُونِي عَنْ أُمَّتِي السَّلَامَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алланың жер жүзін аралап жүретін періштелері бар. Олар үмбетімнің сәлемін маған жеткізеді»1.

Түсіндірме

1. Бұл тараудағы төрт хадис Алла елшісіне (с.а.с.) салауат пен сәлем жолдауға қатысты. Оларда салауат айтудың қажеттігі мен сауабы және салауаттың мәтіні баяндалады. Енді осы мәселелерді бірге қарастырамыз.

Салауат айтудың үкімі

Алла елшісіне (с.а.с.) салауат пен сәлем жолдау – Алланың әмірі. «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: ﴿إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا﴾ «Расында, Алла пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» – делінеді.

Бұл әмір парызды, уәжіпті әлде мұстахабты білдіре ме? Ғалымдар осы сұраққа он түрлі жауап берген.

1. Табаридың пікірінше, салауат айту – мұстахаб.

2. Ибн әл-Қассардың жеткізуінше, салауат айту – уәжіп және ғалымдар осы үкімге бірауыздан келіскен.

3. Өмірде бір рет салауат айту – уәжіп. Таухид сөзін айтқандай, оны намазда айтса да, намаздан тыс айтса да, міндетін өтейді. Ханафи ғалымы Әбу Бәкір әр-Рази мен Ибн Хазм осы пікірді ұстанған. Қуртуби: «Өмірде ең кемі бір рет салауат айтудың уәжіп екенінде дау жоқ. Ол – бекітілген сүннеттер тәрізді. Олар уәжіп болған жағдайда, бұл да уәжіп болады», – деген.

4. Намаздың соңғы отырысында ташаһһуд пен намазды аяқтайтын сәлемнің арасында салауат айту – уәжіп. Шафиғи мен оның ізбасарлары осы пікірде.

5. Ташаһһудта салауат айту – уәжіп. Шағби мен Исхақ осылай пайымдаған. Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбал оны парыз деп есептесе, ханафилер, Мәлик және ғалымдардың көпшілігі сүннет деп санайды. Парыз дегендер салауат оқылмаса, намаз жарамсыз болады, оны қайта оқу керек дейді. Шафиғидың бұл пікірі сыналған.

6. Әбу Жағфар әл-Бақырдың: «Ташаһһудпен шектелмей, намаздың кез келген жерінде салауат айту – уәжіп», – деген сөзі жеткен.

7. Әбу Бәкір әл-Мәлики: «Салауатты белгілі бір санмен шектемей, көп айту – уәжіп», – деген.

8. Кей ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) аты аталғанда немесе ол еске түскенде салауат айту керек деген. Тахауи мен бірқатар ханафилер, Халими мен бірқатар шафиғилер, сондай-ақ Замахшари мен мәлики ғалымы Ибн әл-Араби мұны сақтыққа сай көрген.

9. Замахшаридың жеткізуінше, бір мәжілісте Алла елшісінің (с.а.с.) аты бірнеше рет аталса да, бір рет салауат пен сәлем айту жеткілікті. Әр аталған сайын айту – мұстахаб.

10. Замахшари жеткізген тағы бір пікір бойынша, әр дұғада салауат айту – уәжіп.

Ғалымдар салауат айтудың уәжіп екеніне таласпаған. Олардың пікірлері салауаттың қай жағдайда уәжіп болатынына келгенде әркелкі. Алла елшісінің (с.а.с.) аты аталған сайын салауат айтқан жөн. Құтба тыңдағанда немесе Құран оқып отырғанда салауат айту уәжіп емес.

Салауат дегеніміз не?

Рағибтың айтуынша, «салауат» сөзі тілдік тұрғыдан дұға, бата беру және ұлықтау деген мағыналарды білдіреді. Діни қолданыста дұға мен ғибадатты білдіреді. Құлдың Аллаға салауаты туралы айтылса, дұға, намаз немесе ұлықтау мағынасында келеді. Алла мен Пайғамбардың (с.а.с.) адамдарға салауаты туралы айтылса, тазарту мен Алланың рақымына бөлеуді білдіреді. Періштелердің салауаты – дұға мен истиғфар. Жоғарыдағы аятта періштелердің Пайғамбар (с.а.с.) үшін кешірім тілеуі, Алланың оны рақымына бөлеуі айтылған. Сәйид Шәрифтің түсіндіруінше, салауат – Алладан рақым, періштелерден истиғфар, мүміндерден ізгі дұға. Ибн Хажар Алланың Пайғамбарға салауатын рақымының артуы, ал өзге жандарға салауатын рақым ету мен тазарту деп түсіндірген. Мужаһидтің айтуынша, Алланың салауаты – тауфиқ беру мен күнәдан сақтау, періштелердің салауаты – жәрдем, ал үмбеттің салауаты – Пайғамбарға еру. Кей ғалымдар: «Раббының Пайғамбарға салауаты – оның мәртебесін көтеріп, ардақтау. Періштелердің салауаты – оның ардақтылығын паш ету. Үмбетінің салауаты – оның шапағатын тілеу», – деген.

Кей ғалымдар періштелердің салауатын жанашырлық деп түсіндіреді. Бұл сөз Аллаға қатысты айтылса, құлдарын періштелерінің алдында мадақтауын немесе кемел рақымын білдіреді. Бірінші мағына Алланың пайғамбарларына салауатын түсіндіруге көбірек келеді. Алладан өзгеге қатысты айтылғанда, ол – ізгі дұға. Бәйдауи: «Алла елшісіне салауат айту – оның абыройын танытып, мәртебесін ұлықтап, ардақтауға көңіл бөлу», – деген.

Ибн Хажар бірнеше ғалымның осыған ұқсас пікірлерін келтіріп, былай дейді: «Осы пікірлердің ішінен Әбу әл-Алияның мына сөзі орындырақ: “Алланың Пайғамбарға (с.а.с.) салауаты – оны мадақтап, мәртебесін ұлықтауы. Періштелер мен адамдардың салауаты – Пайғамбар үшін осыны Алладан тілеу. Олар оған берілген салауаттың арта түсуін тілейді…”». Ибн Хажар осы түсіндірмені жөн көреді, өйткені салауат сөзі Аллаға да, періштелер мен адамдарға да қатысты айтылғанда бір мағынаны сақтайды.

Ғалымдар бұл аятта мүміндерге Алла елшісін (с.а.с.) айрықша ардақтау бұйырылғанына бірауыздан келіскен. Халими сол ардақтың мәнін былай ашады: «Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айту – оны ұлықтау. “Аллаһуммә салли алә Мұхаммәдин”, яғни “Уа, Алла, Мұхаммедке салауат ет” деген сөз عَظِّمْ مُحَمَّدًا “Мұхаммедтің мәртебесін ұлықта” дегенді білдіреді. Бұл дүние мен ақыретке бірдей қатысты. Дүниеде ол Пайғамбар есімінің ардақталуы, дінінің таралуы, шариғатының сақталуы арқылы көрінеді. Ақыретте ол сауабының молаюы, үмбетіне шапағатшы болуы және Мақам Махмуд арқылы мәртебесінің мәңгі сақталуы түрінде көрінеді. Демек, аяттағы ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا﴾ “Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!” деген әмір Пайғамбар үшін Раббыларыңа дұға етіп, оған осындай мәртебе беруін тілеңдер дегенді білдіреді».

«Бәрик» – «Береке бер» деген сөз. Мұнда береке игілік пен құрметтің артуын білдіреді. Кей ғалымдар оны кемшіліктерден арылтып, тазарту деп түсіндірген. Енді біреулер: «Мұндағы мақсат – берекенің бекіп, жалғаса беруі. بَرَكَتِ الْإِبِلُ тіркесі “Түйелер шөгіп, орнықты” дегенді білдіреді», – деген.

Пайғамбарлардан басқа кісіге салауат айтуға бола ма?

Ғалымдардың бұл жөніндегі пікірлері әртүрлі. Рұқсат еткендер салауатты рақым тілеу деп түсінген. Алла елшісі (с.а.с.) осы мағынада: اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى آلِ أَبِي أَوْفَى. «Уа, Алла! Әбу Әуфаның әулетіне рақымың мен берекеңді бер», – деп дұға еткен. Рұқсат етпегендер салауаттың ұлықтау мағынасын басшылыққа алған. «Аллаһуммә салли алә Мұхаммәдин» сөзі тек «Уа, Алла! Мұхаммедке рақым ет» дегенді білдірсе, оны пайғамбарлардан өзге кісілерге де қолдануға болар еді. Сол сияқты, салауат тек береке мен рақым дегенді білдірсе, намазда «Әссәләму аләйкә әйюһән-нәбийю уә рахматуллаһи уә бәракатуһ» деген сәлеммен бірге салауат айтуды уәжіп санағандардың уәжі жойылар еді. Жоғарыда айтылғандай, салауаттың негізгі мағынасы – ұлықтау мен ардақтау. Ғалымдар осы мағынадағы салауат Алла елшісіне (с.а.с.) тән екеніне бірауыздан келіскен.

Мұхаммедтің (с.а.с.) әулеті

Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айтқанда, оның әулетіне де салауат пен сәлем жолдаймыз. «Мұхаммедтің әулеті» дегенге кімдер кіреді?

• Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Бір пікір бойынша, «әһл» сөзінен шыққан «әл» сөзі «әулет» дегенді білдіреді. Кей ғалымдар «Мұхаммедтің әулеті» деп Алла елшісінің (с.а.с.) садақа алуына тыйым салынған туыстарын түсінген. Имам Шафиғи мен ғалымдардың көпшілігі осы пікірде. Алла елшісі (с.а.с.) Хасан ибн Әлиге: «Біз – Мұхаммедтің әулетіміз. Бізге садақа алу халал емес», – деген. Садақа алуына тыйым салынған туыстардың кімдер екені жөнінде де пікірлер әртүрлі.

• Ахмад ибн Ханбал: «Ташаһһуд туралы хадистегі “Мұхаммедтің әулеті” дегені – оның әһлі бәйті», – деген.

• Кей ғалымдар «Мұхаммедтің әулеті» дегенге Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайлары мен ұрпағын жатқызған. Басқалары оған жұбайлары мен ұрпағымен бірге садақа алуына тыйым салынған туыстары да кіретінін айтқан. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта осы үш топ та Мұхаммедтің әулетіне жатқызылған. Осы пікірді ұстанғандар жекелеген риуаяттарда рауилер олардың кейбірін ұмытып, атамай кеткен деп түсіндіреді.

• Кей риуаяттарда «Мұхаммедтің әулеті» деп Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары ғана аталған.

• Кей риуаяттарда «ұрпағы» деген сөз тек Фатимадан тараған ұрпақты білдіреді.

• «Мұхаммедтің әулеті» дегенге бүкіл құрайышты жатқызғандар да бар.

• «Мұхаммедтің әулеті» деп бүкіл үмбетті түсінгендер де болған. Бұл пікірді Мәлик, Азһари және бірқатар шафиғи ғалымдары ұстанған. Нәуәуи «Шарху Мүслимде» осы пікірді жөн көрген. Қади Хусейн мен Рағиб тәрізді ғалымдар бұған тақуалықты шарт етіп, «үмбеттің тақуа адамдары» деген. Олар «Әнфал» сүресінің 34-аятындағы ﴿إِنْ أَوْلِيَاؤُهُ إِلَّا الْمُتَّقُونَ﴾ «Харам мешітін басқаруға, ол жерге тәу етіп келген ел-жұртқа қызмет көрсетуге тақуалы жандар ғана лайық.» деген сөзді және Алла елшісінің (с.а.с.) إِنَّ أَوْلِيَائِي مِنْكُمُ الْمُتَّقُونَ «Араларыңдағы тақуа жандар – менің достарым» деген хадисін дәлел еткен.

Ибраһимнің (а.с.) аталуы

Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айтқанда: «Уа, Алла! Ибраһимге және оның әулетіне салауат еткеніңдей Мұхаммедке және оның әулетіне де салауат ет», – дейміз. Бұл дұғада Мұхаммедке (с.а.с.) салауат тілеу Ибраһимге (а.с.) берілген салауатқа теңеледі. Алла елшісі (с.а.с.) Ибраһим мен оның әулетінен абзал болса, неліктен Мұхаммед (с.а.с.) пен оның әулетіне салауат тілегенде Ибраһим мен оның әулеті үлгі ретінде аталады? Ғалымдар осы сұраққа әртүрлі жауап берген.

Бұл пікірлерге көшпес бұрын Ибраһим (а.с.) мен оның әулетіне Алланың айрықша рақымы тигені «Һуд» сүресінің 73-аятында айтылғанын еске салайық: ﴿قَالُوا أَتَعْجَبِينَ مِنْ أَمْرِ اللَّهِ رَحْمَتُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ عَلَيْكُمْ أَهْلَ الْبَيْتِ إِنَّهُ حَمِيدٌ مَجِيدٌ﴾ «Періштелер оған: “Алланың ісіне таңғалып тұрмысың? Уа, үй иелері! Сендерге Алланың рақымы мен мол берекеті жаусын! Алла шексіз мадаққа, шүкіршілікке һәм ұлықтауға әбден лайық”, – деп айтты.» Бұл сұраққа берілген жауаптардың кейбірі мынадай:

• Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді Ибраһимнен (а.с.) абзал екенін білмей тұрған кезде айтқан.

• Алла елшісі (с.а.с.) мұны кішіпейілділік танытып айтқан.

• Теңеу олардың дәрежесіне емес, амалдың өзіне қатысты. Құранда осыған ұқсас мысалдар бар. «Бақара» сүресінің 183-аятында ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді.», ал «Ниса» сүресінің 163-аятында ﴿إِنَّا أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ كَمَا أَوْحَيْنَا إِلَى نُوحٍ وَالنَّبِيِّينَ مِنْ بَعْدِهِ﴾ «Біз Нұхқа һәм одан кейінгі пайғамбарларға уахи түсіргеніміздей саған да уахи түсірдік.» делінеді. Тағы бір түсіндіру бойынша, бұл – кемді кемелге теңеу емес, көпке әлі танылмағанды жұртқа бұрыннан мәлім нәрсеге теңеу.

• Теңеу Пайғамбар (с.а.с.) мен оның әулетіне берілген салауаттың жиынтығы мен Ибраһим (а.с.) мен оның әулетіне берілген салауаттың жиынтығына қатысты. Ибраһимнің әулетіне көптеген пайғамбар кіретінін ескерсек, оны үлгі етіп алудың себебі түсінікті. Ибраһимнің (а.с.) ұрпағынан көп пайғамбар тараған. Мұхаммедтің (с.а.с.) ұрпағынан әулиелер шыққан, ал пайғамбар шықпайды. Пайғамбардың мәртебесі әулиенің мәртебесінен биік болғандықтан, Ибраһимнің (а.с.) өз артықшылығына ұрпағынан шыққан пайғамбарлардың артықшылықтарын қосқанда, олардың жиынтығы басым түседі. Мұхаммедті (с.а.с.) және оның әулетін де Ибраһимнің (а.с.) әулетіне жатқызуға болады, өйткені Пайғамбардың (с.а.с.) тегі Ибраһимге барып тіреледі. Ибн Аббастан (р.а.) «Мұхаммед – Ибраһимнің әулетінен» деген хадис жеткен.

• Алла елшісі (с.а.с.) осы дұғада Ибраһимге (а.с.) берілген нығметтің толық болғанындай, өзіне берілген нығметтің де толық болуын тілеген.

Аталған және мұнда келтірілмеген өзге пікірлердің әрқайсысының негізі бар. Бұл мәселені талдағандар Мұхаммед (с.а.с.) пен оның әулетінің және Ибраһим (а.с.) мен оның әулетінің артықшылықтарын тұтас қарастырған. Олар Мұхаммедті (с.а.с.) Қияметке дейін ие болатын артықшылықтарымен қоса Ибраһимнің (а.с.) артықшылықтары қатарында қарастырып, теңеуді осы тұрғыдан түсіндіруді орынды көрген. Дұрысын Алла біледі.

Салауат айтудың маңыздылығы

Исламда Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айту – пенденің құлшылығын білдіретін маңызды амал. Алдыңғы хадистерде айтылғандай, салауат – қабыл болатын дұғалардың бірі әрі өзге дұғалардың қабыл болу шарттарының бірі. Дұғаның басында, ортасында және соңында салауат айтқан жөн.

Алла елшісі (с.а.с.) көп хадисінде үмбетін салауат айтуға үндеген. Солардың бірнешеуі төменде берілді.

• «Дұға еткен кісі Пайғамбарға салауат айтқанша, дұғасы перделі күйде қалады (межесіне жетпейді)».

• «Дұғаның көкке көтерілуіне бөгет бар. Маған салауат айтылған дұға көкке көтеріледі».

• «Кім маған салауат айтуды ұмытса, жәннаттың жолынан жаңылады».

• «Жәбірейіл (а.с.) маған жолыққанда: “Саған сүйінші! Алла: ‘Кім саған сәлем берсе, Мен оған сәлем беремін. Кім саған салауат айтса, Мен оған салауат етемін’, – деді”, – деген».

• Убәй ибн Кағб (р.а.) былай дейді: «Мен: “Уа, Алла елшісі! Мен Сізге көп салауат айтамын. Дұғамның қанша бөлігін Сізге салауат айтуға арнайын?” – деп сұрадым.

– Қалағаныңша, – деді ол.

– Төрттен бірін арнасам ше? – дедім.

– Қалағаныңша. Көбірек арнасаң, өзіңе қайырлы, – деді.

– Үштен бірін арнасам ше?

– Қалағаныңша. Көбірек арнасаң, өзіңе қайырлы.

– Жартысын арнасам ше?

– Қалағаныңша. Көбірек арнасаң, өзіңе қайырлы.

– Үштен екісін арнасам ше?

– Қалағаныңша. Көбірек арнасаң, өзіңе қайырлы.

– Дұғамның бәрін Сізге салауат айтуға арнасам ше?

– Онда уайым-қайғың сейіліп, күнәң кешіріледі, – деді».2

Құн төлеу

Адамның құны

Құнның арабша атауы – دِيَةٌ. Ол وَدَى, яғни «өлтірілген адамның туысына құн төледі» деген етістікпен түбірлес. Кісі өлтірілгенде марқұмның туыстарына оның құны ретінде берілетін мал-мүлік осылай аталады. Бұл – қимыл атауынан жасалған зат есім. Бұл атау адам өлтіргенде төленетін құнмен қатар, қысас қолданылатын өзге қылмыстарда да қысастың орнына берілетін заттай өтемге қолданылады.

  1. 1Нәсәи, «Сәһу», 46 (3/43, № 1282).
  2. 2Тирмизи, «Қияметтің сипаты» (№ 2457). Тирмизи нұсқасында төрттен бірі, жартысы және үштен екісі аталады. Жананның түсіндірмесінде үштен бірі де келтірілген.