وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَكْثِرُوا مِنْ قَوْلِ لَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ، فَإِنَّهَا كَنْزٌ مِنْ كُنُوزِ الْجَنَّةِ». قَالَ مَكْحُولٌ: «فَمَنْ قَالَهَا ثُمَّ قَالَ: لَا مَنْجَى مِنَ اللَّهِ إِلَّا إِلَيْهِ، كَشَفَ اللَّهُ عَنْهُ سَبْعِينَ بَابًا مِنَ الضُّرِّ أَدْنَاهَا الْفَقْرُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «“Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ” дегенді жиі айтыңдар. Өйткені ол – жәннат қазыналарының бірі». Мағынасы – «Күш те, қуат та Алладан».
Мәкхул былай дейді: «Кім осы сөзден кейін “Алладан құтылар пана – Оның Өзі ғана” десе, Алла одан жетпіс түрлі зиянды қайтарады. Олардың ең жеңілі – кедейлік1».
Түсіндірме
1. «Ән-ниһаяда» «хаул» сөзі «қимыл» деп түсіндіріледі. Оның «амал», «шара» деген мағынасы да бар. Мунауи қимылдың да, шара табудың да Алланың қалауымен болатынын айтады. Түбірлес сөздер осы мағынаны аша түседі. «Мухауала» – бір нәрсеге амалын тауып ұмтылу, «истихала» – бір күйден екінші күйге өту, «тахауул» – өзгеру. Олардың бәрінде күшті қажет ететін қимыл бар. Демек, осы зікір әрбір халімізде, ісімізде және игілігімізде қажет күш пен қуаттың Алладан екенін білдіреді.
Бәдиүззаман бұл сөздің мәнін адамның жоқтан бар болып, кемел мүмінге айналғанға дейінгі күллі хәліне қатысты қарастырады. Ол мына мысалдарды келтіреді:
1. Жоқтан бар болу үшін қажет күш пен қуат Алладан.
2. Жойылып кетпей, тіршілікті жалғастыру үшін қажет күш пен қуат Алладан.
3. Зиянды тойтарып, пайдаға кенелу үшін қажет күш пен қуат Алладан.
4. Апаттан аман қалып, мұратқа жету үшін қажет күш пен қуат Алладан.
5. Күнәдан сақтанып, құлшылықты жалғастыру үшін қажет күш пен қуат Алладан.
6. Азаптан аман қалып, нығметке бөлену үшін қажет күш пен қуат Алладан.
7. Қараңғылыққа түспей, нұрға бөлену үшін қажет күш пен қуат Алладан.
Осы мағыналарды ой елегінен өткізіп айтылған зікір адамның жүрегінде таухид пен ықыласты бекітеді. Сонда Алла елшісінің (с.а.с.) «Лә хаулә уә лә қууата» сөзінің қадірі туралы айтқаны түсінікті болады.
- 1Тирмизи, «Дағауат», 141 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3596).