وَعَنْ الْأَغَرِّ الْمُزَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّهُ لَيُغَانُ عَلَى قَلْبِي وَإِنِّي لَأَسْتَغْفِرُ اللَّهِ فِي الْيَوْمِ مِائَةَ مَرَّةٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ.
Әл-Ағарр әл-Музәни (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кейде жүрегімді бір перде бүркегендей болады. Мен Алладан күн сайын жүз рет кешірім сұраймын»1.
Түсіндірме
1. Арабша «ғайн» сөзі бұлтты білдіреді, сондай-ақ «жабу», «бүркеу» мағынасында жұмсалады. Алла елшісінің (с.а.с.) жүрегін бір перде бүркегендей болуы нені білдіреді? Ғалымдар хадистегі осы тіркесті әртүрлі түсіндірген.
Әш-Шәзили мұны «нұр бұлты» деген. Оның пайымынша, Алла елшісі (с.а.с.) жүрегінде мағрифат нұры артқан сайын бұрынғысынан да биік дәрежеге көтеріліп, алдыңғы хәлі үшін тәубе еткен. Мунауи бұл ойды жалғастырады. Оның түсіндіруінше, Алла елшісінің (с.а.с.) жүрегін кейде иләһи нұр бүркеп, сол сәтте жүрегінің әдеттегі ықылас хәлі өзгерген. Ол өзін бүркеген сол халдің жабылуын Алладан сұраған. Өйткені ерекше дәрежедегі құлдар көрген мұндай нұр үздіксіз төгілсе, олар Хақтың алдында өз болмысын жоғалтар еді. Сондықтан перделену олар үшін рақым, ал көпшілік үшін хикметке құрылған перде болады.
Ибн әл-Әсир «Ән-ниһаяда» мұны адамға тән сәттік жаңылумен байланыстырған. Оның түсіндіруінше, Пайғамбардың (с.а.с.) жүрегі үнемі Алланы еске алып тұратын. Үмбет пен діннің қамын ойлап, адамдардың ісімен шұғылданған сәтін де ол өзі үшін кемшілік санап, Алладан кешірім тілеген. Қазы Ияд «ғайн» деп үздіксіз зікірдің арасындағы осындай үзілісті түсіндірген.
Суюти бұл хадисті мағынасы айқын ашылмаған мүташабиһ мәтіндердің қатарына жатқызған. Тілші әл-Асмағи де осы сөзді түсіндіруден тартынып: «Алла елшісінің жүрегінен өзге жүрек туралы сөз болса, пікір айтар едім», – деген.
Бір ғалымдар оны көңілге келетін үндерге, енді біреулері жүректі баурайтын тыныштыққа балаған. Соңғылары истиғфарды Аллаға құлшылық ету және одан да қайырлысын бергені үшін шүкіршілік білдіру деп түсінген. Мұны тағзым хәлі, ал истиғфарды соған айтылған шүкір деп жорығандар да бар. Мұхасиби Аллаға жақын жандардың қорқынышы Оны ұлықтау мен тағзым етуден туатынын айтқан. Шиһабуддин Сухрауарди бұл халді кемелдікке жетелейтін сипат деп, оны көзді шаңнан сақтайтын қабаққа теңейді. Қабақ бір сәтке жабылып, көздің көруін сақтайды.
Синди Алла елшісінің (с.а.с.) жүрегіне қатысты бұл сөздің ақиқатын толық тану мүмкін еместігін айтқан. Пайғамбардың дәрежесі өзге кісілердің хәліне қатысты ұғымдармен өлшенбейді. Сондықтан Синди мұндай хадистің көзделген мағынасын Аллаға қалдыруды, яғни тәфуидті жөн көрген. Риуаяттан анық білінетіні – Алла елшісін истиғфарға жетелеген осындай хал туғанда, ол күн сайын жүз рет кешірім тілеген. Оның өзге қырларын Алла біледі.
Ислам ғалымдары осы хадисті талдағанда Алла елшісіне (с.а.с.) деген құрметті сақтап, сөзді теріс түсінуге себеп болатын жорамалдан тартынған.
- 1Мүслим, «Зікір», 41 (№ 2702а). Әбу Дәуіт, «Салат», 361 (№ 1515).