Хадис

Кутуб ситтә, № 192

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
25. Жақсылық туралы хадистер
Нөмірі
№ 192 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
192
Кутуб ситтә, № 192 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ади ибн Хатим

وَعَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا مِنْكُمْ مِنْ أَحَدٍ إِلَّا سَيُكَلِّمُهُ رَبُّهُ، وَلَيْسَ بَيْنَهُ وَبَيْنَهُ تَرْجُمَانٌ، فَيَنْظُرُ أَيْمَنَ مِنْهُ فَلَا يَرَى إِلَّا مَا قَدَّمَ، وَيَنْظُرُ أَشْأَمَ مِنْهُ فَلَا يَرَى إِلَّا مَا قَدَّمَ، وَيَنْظُرُ بَيْنَ يَدَيْهِ فَلَا يَرَى إِلَّا النَّارَ تِلْقَاءَ وَجْهِهِ. فَاتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةٍ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Раббысы әрқайсыңмен тілдеседі, арада тілмаш болмайды. Сонда адам оң жағына қараса да, сол жағына қараса да, осы дүниеде істеген амалдарынан өзгені көрмейді. Ал тура қарағанда, қарсы алдынан тек тозақ отын көреді. Ендеше, жарты құрманы садақа етіп болса да, тозақ отынан сақтаныңдар. Оны да таба алмаған адам жылы сөз айтып сақтансын»1.

Түсіндірме

Тозақ отынан сақтанғысы келген адам болмашы көрінген жақсылықтың өзін азсынбасын. Ізгі іс жасау үшін байығанын, ғалым болғанын немесе белгілі бір жасқа жеткенін күтудің қажеті жоқ. Әркім қолынан келген жақсылығын жасай берсін.

Әр адамның шамасы жететін жақсылығы бар. Біреуді жылы жүзбен қарсы алу, көңілін көтеру, жақсы сөз айту, жолдағы кедергіні алып тастау, тіпті жарты құрманы садақа ету де жақсылыққа жатады.

Басқа хадистерде өзгеге зиян келтіруден тыйылу да садақаға жататыны айтылады. Ізгі іс жасауға ниеттеніп, оны орындай алмаған адамға да сауап жазылады. Жамандыққа ниеттенген адам Алланың разылығы үшін одан бас тартса, оған да жақсылық жазылады. Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла Тағала жақсылықтар мен жамандықтарды жазып, олардың қалай жазылатынын түсіндірді. Кім жақсылық жасауға ниеттеніп, оны істемесе, Алла Өз құзырында оған бір толық жақсылық жазады. Ал ниеттенген жақсылығын істесе, Алла оған оннан жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп сауап жазады. Кім жамандық жасауға ниеттеніп, оны істемесе, Алла Өз құзырында оған бір толық жақсылық жазады. Ал ниеттенген жамандығын істесе, Алла оған бір ғана жамандық жазады»2. Демек, мүміннің тозақ отынан сақтануына себеп болар жақсылықтың түрі көп.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүмінді қай істе де жақсылықты көздеп, оны жасауға ұмтылуға үйретеді.

Мүмін қиын-қыстау шақта да жақсылық жасауға жол тауып, соның қарымын бір Алладан күтеді.

Өзгеге жақсылық жасау адамның өз қадірін сезінуіне сеп болып, үмітсіздікке бой алдырудан сақтайды.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 49, 51, «Тәухид», 36, 24, «Зекет», 9, «Мәнәқиб», 25, «Әдеп», 34. Мүслим, «Зекет», 67 (№1016). Тирмизи, «Қиямет», 1 (№2415).
  2. 2Бұхари, «Риқақ», 31 (№6491). Мүслим, «Иман», 207 (№131).