Хадис

Күн күркіреп, найзағай ойнағанда оқылатын дұға

Кутуб ситтә, 5-том, 249-тарау · 4 хадис · № 1859–1862

Хадистер

1859
Кутуб ситтә, № 1859 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا سَمِعَ الرَّعْدَ وَالصَّوَاعِقَ قَالَ: اللَّهُمَّ لَا تَقْتُلْنَا بِغَضَبِكَ، وَلَا تُهْلِكْنَا بِعَذَابِكَ، وَعَافِنَا قَبْلَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) күн күркіреп, найзағай жарқылдағанда: “Уа, Алла! Бізді қаһарыңмен өлтірме, азабыңмен опат етпе, оған дейін бізге амандық бере гөр”, – деп дұға ететін»1.

Түсіндірме

1. «Рағд» араб тілінде күннің күркіреуін білдіреді. Бұлттарға қарайтын періштені де солай атайды. Шафиғи Мужаһидтен: «Рағд – періште, найзағай – оның қанаты. Бұлттарды сол қанатымен айдайды», – деген сөз жеткізген. Шафиғи бұл сөздің Құранның сыртқы мағынасына сай екенін айтқан. Бағауи тәпсіршілердің көпшілігінен: «Рағд – бұлттарды айдайтын періште. Естілетін дауыс – оның тәсбихы», – деген пікір келтіреді. Құранда ﴿هُوَ الَّذِي يُرِيكُمُ الْبَرْقَ خَوْفًا وَطَمَعًا وَيُنْشِئُ السَّحَابَ الثِّقَالَ ۝ وَيُسَبِّحُ الرَّعْدُ بِحَمْدِهِ وَالْمَلَائِكَةُ مِنْ خِيفَتِهِ وَيُرْسِلُ الصَّوَاعِقَ فَيُصِيبُ بِهَا مَنْ يَشَاءُ﴾ «Ол сендерге найзағайды һәм үрей салатын, һәм үміт отын жағатындай етіп көрсетеді, әрі қорғасындай ауыр сауын бұлттарды жаратады. Күннің күркірі Оны кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Періштелер де Оны ерекше құрметпен әрі қорқа отырып, ұлықтайды. Әрі Ол қалағанының төбесіне жай түсіреді.» делінген («Рағыд» сүресі, 12–13-аяттар).

2. «Сәуәиқ» – «саиқа» сөзінің көпше түрі. Кей ғалымдар саиқаны күн қатты күркірегенде жерге түсетін от ұшқыны деп түсіндірген. Қазақша оны «найзағай» дейміз. Өзге ғалымдар «азаптың шыңғырығы» деп түсіндіріп, күннің аса қатты күркіреуін де «саиқа» деп атаған.

3. Алла елшісі (с.а.с.) күн күркіреп, найзағай жарқылдағанда «Бізді қаһарыңмен өлтірме, азабыңмен опат етпе» деп дұға етіп, үмбетіне бұрынғы қауымдардың басына осылай түскен жазаларды еске салған. Ад, Сәмуд және Нұхтың қауымы бастан өткерген апаттардың әрқайсысы – ғибрат.

  1. 1Тирмизи, «Дағауат», № 3450 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3446).
1860
Кутуб ситтә, № 1860 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَأَى نَاشِئًا فِي أُفُقِ السَّمَاءِ تَرَكَ الْعَمَلَ، وَإِنْ كَانَ فِي صَلَاةٍ خَفَّفَ، ثُمَّ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّهَا، فَإِنْ مُطِرَ قَالَ: اللَّهُمَّ صَيِّبًا هَنِيئًا». وَ«النَّاشِئُ» السَّحَابُ، وَ«الصَّيِّبُ» الْمِدْرَارُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَ»النَّاشِئُ» السَّحَابُ، وَ»الصَّيِّبُ» الْمِدْرَارُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) көкжиекте бұлт көтерілгенін көрсе, істеп жатқан ісін қоятын. Намазда болса, намазын қысқа қайыратын. Сосын: “Уа, Алла! Мына бұлттың жамандығынан Өзіңе сиынамын”, – дейтін. Жаңбыр жауа бастаса: “Уа, Алла! Мол әрі қайырлы жаңбыр жаудыра гөр”, – деп дұға ететін»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб, 113, (5099); ибн Мәжа, дұға 21, (3889).
1861
Кутуб ситтә, № 1861 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا عَصَفَتِ الرِّيحُ قَالَ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ خَيْرَهَا وَخَيْرَ مَا فِيهَا وَخَيْرَ مَا أُرْسِلَتْ بِهِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّهَا وَشَرِّ مَا فِيهَا وَشَرِّ مَا أُرْسِلَتْ بِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ هَكَذَا وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Жел қатты соққанда Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Осы желдің, оның бойындағы нәрсенің және ол не үшін жіберілсе, соның қайырын Сенен сұраймын. Осы желдің, оның бойындағы нәрсенің және ол не үшін жіберілсе, соның жамандығынан Өзіңе сиынамын”, – дейтін»1.

Түсіндірме

Бұхари мен Мүслим бұл хадисті бірнеше нұсқада жеткізген. Кей нұсқаларда қосымша сөздер бар. Мүслимнің бір риуаятында Айша (р.а.): «Аспанды бұлт торлап, жел күшейсе, Алла елшісінің (с.а.с.) жүзі өзгеретін. Мазасызданып, бір кіріп, бір шығатын. Жаңбыр жауған соң тынышталатын. Мұны жүзінен аңғаратынмын», – дейді. Айша мұның себебін сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Айша! Мынау Құранда Ад қауымы жайында айтылған азап болуы мүмкін. ﴿فَلَمَّا رَأَوْهُ عَارِضًا مُسْتَقْبِلَ أَوْدِيَتِهِمْ قَالُوا هَٰذَا عَارِضٌ مُمْطِرُنَا﴾ “Ақырында, олар азаптың көкжиекті қаптаған бұлт кейпінде алқаптарына қарай бет алып келе жатқанын көргенде: ‘Бұл – бізге жауын әкелетін бұлт’, – десті.”», – деп жауап берген («Ахқаф» сүресі, 24-аят).

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», «Тәпсір», «Әдеп». Мүслим, «Истисқа», № 899. Тирмизи, «Дағауат», № 3449 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3445).
1862
Кутуб ситтә, № 1862 · тараудағы реті: 4

وَلَهُ عَنْ أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: لَا تَسُبُّوا الرِّيحَ، فَإِنْ رَأَيْتُمْ مَا تَكْرَهُونَ، فَقُولُوا: اللَّهُمَّ إِنَّا نَسْأَلُكَ مِنْ خَيْرِ هَذِهِ الرِّيحِ وَخَيْرِ مَا فِيهَا وَخَيْرِ مَا أُمِرَتْ بِهِ، وَنَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ هَذِهِ الرِّيحِ وَشَرِّ مَا فِيهَا وَشَرِّ مَا أُمِرَتْ بِهِ». «عَصَفَتِ الرِّيحُ» إِذَا اشْتَدَّ هُبُوبُهَا.

Қазақша аудармасы

Тирмизи Убәй ибн Кәғбтен (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Желге тіл тигізбеңдер. Көңілдеріңе жақпайтын нәрсе көрсеңдер: “Уа, Алла! Мына желдің, оның бойындағының және ол неге бұйырылса, соның қайырын сұраймыз. Осы желдің, оның бойындағының және ол неге бұйырылса, соның жамандығынан Өзіңе сиынамыз”, – деңдер»1.

Түсіндірме

1. Қарғыс айтуға асықпаған жөн. Ибн Аббастан (р.анһума) жеткен риуаятта: «Бір нәрсеге қарғыс айтылып, ол қарғысқа лайық болмаса, қарғыс айтқан адамның өзіне қайтады», – делінген.

2. Ахмад ибн Ханбал Әбу Һурайрадан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: لَا تَسُبُّوا الرِّيحَ فَإِنَّهَا مِنْ رَوْحِ اللَّهِ تَعَالَى، تَأْتِي بِالرَّحْمَةِ وَالْعَذَابِ، وَلَكِنْ سَلُوا اللَّهَ مِنْ خَيْرِهَا وَتَعَوَّذُوا بِاللَّهِ مِنْ شَرِّهَا. – «Желге тіл тигізбеңдер. Ол – Алланың рақымынан. Ол рақым да, азап та әкеледі. Оның қайырын Алладан сұраңдар, жамандығынан Аллаға сиыныңдар».

3. Жел жаңбыр мен таза ауа әкеліп, адамға жайлылық сыйлайды. Өсімдіктердің тозаңдануына да көмектесетіні ертеден белгілі. Осы қасиетіне орай Құранда желдер «тозаңдандырушы» деп сипатталған («Хижр» сүресі, 22-аят).

Шафиғи: «Желге тіл тигізуге болмайды. Ол – Аллаға бағынышты жаратылыс, Алланың әскерлерінің бірі. Алла қаласа, ол жақсылық әкеледі, қаласа, бәле әкеледі», – деген. Шафиғи жеткізген бір риуаятта бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) кедейлігін айтып шағынғанда, ол: «Сен желге тіл тигіздің», – деп жауап берген.

Кей ғалымдар желдің мол пайдасын білдіріп: «Жел тұрмаса, аспан мен жердің арасы сасып кетер еді», – деген.

  1. 1Тирмизи, «Фитән», № 2252 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2253).