وَعَنْ قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ بَلَّغَهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا رَأَى الْهِلَالَ قَالَ: هِلَالُ خَيْرٍ وَرُشْدٍ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، آمَنْتُ بِاللَّهِ الَّذِي خَلَقَكَ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، ثُمَّ يَقُولُ: الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي ذَهَبَ بِشَهْرِ كَذَا، وَجَاءَ بِشَهْرِ كَذَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَأَى الْهِلَالَ صَرَفَ وَجْهَهُ عَنْهُ».
Қатадаға жеткен хабарда Алла елшісі (с.а.с.) жаңа туған айды көргенде: «Қайыр мен туралықтың айы болсын», – дегені айтылады.
Осыны үш рет қайталап: «Сені жаратқан Аллаға иман келтірдім», – дейтін. Мұны да үш рет айтып: «… айын өткізіп, … айын жеткізген Аллаға мадақ», – дейтін1.
Әбу Дәуіт Қатададан жеткізген екінші риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) жаңа туған айды көргенде одан жүзін бұрғаны айтылады.
Түсіндірме
1. Жаңа туған айдың қайырлы болуын тілеу – сол айды Аллаға құлшылықпен өткізуді тілеу.
2. Риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) айларды атымен атаған. Мысалы: «Жұмада әл-әууәлді өткізіп, Жұмада әл-ахирді жеткізген Аллаға мадақ», – деген.
3. Әбу Дәуіттегі екінші риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) жаңа туған айды көргенде жүзін бұрғаны айтылады. Мунауи мұны айдың зиянынан сақтанумен түсіндіреді. Тирмизидің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) Айшаға: اسْتَعِيذِي بِاللَّهِ مِنْ شَرِّهِ فَإِنَّهُ الْغَاسِقُ إِذَا وَقَبَ. «Оның жамандығынан Аллаға сиын. Өйткені бұл – қараңғылық қоюланғанда кіретін әл-ғасиқ»2, – деген. Бұл сөз «Фәләқ» сүресіндегі ﴿وَمِنْ شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ﴾ «жер бетін қаптаған қараңғы түннің кесірінен» деген тіркеске қатысты. Жүзін бұрудың тағы бір ықтимал себебі – арғы атасы Ибраһимнің ﴿لَا أُحِبُّ الْآفِلِينَ﴾ «Мен ғайып болатындарды ұнатпаймын» деген сөзін үлгі етуі («Әнғам» сүресі, 76-аят).
4. Әбу Дәуіт «Жаңа туған айды көрген адам не айтады?» деген тарауға осы риуаяттарды енгізіп, бұл жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) сахих тізбекпен хадис жетпегенін ескертеді. Қатада – табиғин. Ол хабарды кімнен естігенін атамағандықтан, риуаяттары мурсәл. Ибн Хажар Қатаданың мурсәл риуаятына үндес хабарды Мусәддәдтің «Мүснад әл-Кәбирінен», ал тізбегі үзілмеген қуаттаушы риуаятты Әбу Нуғаймнан тапқанын айтқан.