Хадис

Кутуб ситтә, № 1839

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
243. Қиындық пен қайғыда оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1839 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1839
Кутуб ситтә, № 1839 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сағд

عَنْ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: دَعْوَةُ ذِي النُّونِ إِذْ دَعَاهُ فِي بَطْنِ الْحُوتِ: لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ، سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنْتُ مِنَ الظَّالِمِينَ. مَا دَعَا بِهَا أَحَدٌ قَطُّ إِلَّا اسْتُجِيبَ لَهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Зун-Нун балықтың қарнында жатып: Лә иләһә иллә әнтә, субханака, инни кунту миназ-залимин ﴿لَا إِلَٰهَ إِلَّا أَنْتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنْتُ مِنَ الظَّالِمِينَ﴾ “Сенен басқа тәңір жоқ! Сен мінсізсің! Мен расында өз-өзіне қиянат жасаған залымдардың бірі болыппын!”1 деп дұға еткен. Осы дұғаны айтқан адамның тілегі жауапсыз қалмайды».2

Түсіндірме

Зун-Нун – Юнус пайғамбардың (а.с.) лақап аты. Оны «Сахибул-хут» деп те атайды. Екі атау да «балық иесі» деген мағына береді. Юнусты бір балық жұтып қойғандықтан, ол осылай аталған.

Юнус пайғамбарды (а.с.) Ибн Мәтта, яғни Мәттаның ұлы деп те атайды. Ол Нинова қаласынан шыққан. Пайғамбарлық оған отыз жас шамасында берілген. Мол байлық пен сән-салтанатқа бөленген қауымы тура жолдан тайып, пұтқа табынды. Юнустың ақиқатқа шақырған үндеуіне құлақ аспады. Ол табандылықпен отыз үш жылдай еңбектенсе де, соңынан екі-ақ адам ерді. Елінің осы халіне күйінген Юнус (а.с.) қаладан кетуге бел буып, Алланың рұқсатын күтпей жолға шықты. Пайғамбарлар мұндай маңызды шешімді Алла тағаланың рұқсатымен қабылдауы керек еді.

Қаладан шыққан Юнус теңіз жағасына барып, жүзгелі тұрған кемеге мінді. Біраз жүргенде кеме бұзылып, ілгері де, кейін де жылжи алмай қалды. Кемедегілер оны қанша жөндесе де, әрекеттерінен түк шықпады. Үстіне алапат дауыл көтерілді. Суға бату қаупі төнгенде жолаушылар абдырап, не істерін білмей қалды. Олар бұл жайтты сәтсіздікке жорып: «Арамызда ауыр күнә істеген біреу бар», – деді. Қатерден құтылу үшін сол адамды жеребемен анықтамақ болды. Жеребе Юнусқа (а.с.) түсті. «Бұл – ізгі адам. Жеребеден қате кетті», – деп оны үш мәрте тартқаны риуаят етіледі. Әр жолы жеребе Юнусқа түсті.

Ақыры Юнус пайғамбарды асау толқын билеген қараңғы теңізге тастады. Артынша оны бір балық жұтып қойды («Саффат» сүресі, 142-аят).

Балықтың қарнында тірі қалған Юнус (а.с.) өз жаңылығын аңғарып, жоғарыдағы дұғаны шын ықыласымен айтты. Алла тағала оның тілегін қабыл алып, балыққа Юнусты жағаға шығаруды бұйырды. Қараңғы түнде асау толқынға тасталып, балық жұтып қойған Юнус осылайша аман құтылды.

Құранда бұл жайында ﴿فَلَوْلَا أَنَّهُ كَانَ مِنَ الْمُسَبِّحِينَ ۝ لَلَبِثَ فِي بَطْنِهِ إِلَىٰ يَوْمِ يُبْعَثُونَ﴾ «Егер ол Раббысын үнемі ұлықтап, дәріптейтін жан болмағанда, өлілер қайта тірілтілетін күнге дейін сол балықтың қарнында қалар еді.» делінген («Саффат» сүресі, 143–144-аяттар).

  1. 1«Әнбия» сүресі, 87-аят.
  2. 2Тирмизи, «Дағауат», № 3505 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3500).