Хадис

Кутуб ситтә, № 1813

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
236. Сәлемнен кейін оқылатын дұға
Нөмірі
№ 1813 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1813
Кутуб ситтә, № 1813 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Кәғб ибн Ужра

وَعَنْ كَعْبٍ بْنِ عُجْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: مُعَقِّبَاتٌ لَا يَخِيبُ قَائِلُهُنَّ، أَوْ فَاعِلُهُنَّ دُبُرَ كُلِّ صَلَاةٍ، ثَلَاثٌ وَثَلَاثُونَ تَسْبِيحَةً، وَثَلَاثٌ وَثَلَاثُونَ تَحْمِيدَةً، وَأَرْبَعٌ وَثَلَاثُونَ تَكْبِيرَةً». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلِّنَّسَائِيِّ عَنْ زَيْدٍ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فَلَمَّا أُمِرُوا بِذَلِكَ رَأَى رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ فِي مَنَامِهِ أَنَّ رَجُلًا يَقُولُ اجْعَلُوهَا خَمْسًا وَعِشْرِينَ، وَاجْعَلُوا فِيهَا التَّهْلِيلَ، فَلَمَّا أَصْبَحَ ذَكَرَ ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: اجْعَلُوهَا كَذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Кәғб ибн Ужра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Намаздың соңынан ілесушілері бар. Оларды әр намаздан кейін айтқандар немесе жасағандар (жәннат пен марапат мәселесінде) қайғыға ұшырамайды. Олар 33 мәрте тәсбих, 33 мәрте тахмид, 34 мәрте тәкбір”».1

Нәсәи Зәйд ибн Сәбиттен (р.а.) жеткізген риуаятта былай делінеді: «Осы хадис айтылған кездері ансарлардан бір кісі түсінде біреудің: “Бұны жиырма бес етіңдер де, таһлилды қосыңдар” дегенін көреді. Таң атқан соң көрген түсін Алла елшісіне баяндады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Айтылғандай жасаңдар” деді».

Түсіндірме

1. Хадисте айтылған «муаққибат» сөзі тілдік тұрғыдан «артынан ілесушілер» дегенді білдіреді. Бұндағы мақсат – тәсбих. Тәсбихтер бірінің артынан бірі ілесетіндіктен осылай аталған. Намаздың артынан айтылатындықтан да осылай аталғандығы жайлы да пікірлер бар. Алиул-Қари басқаша мағына береді.

2. Хадисте айтылған тәсбих – «субханаллаһ» сөзі, тахмид – «әлхамду лилләһ», тәкбир – «Аллаһу әкбар» сөздері.

3. Ибн Хажар бұл үш сөзге қатысты әртүрлі риуаяттар жеткенін айтады. Мәселен, «субханаллаһ» сөзінің кейбіреулерде 33, кейбіреулерде 25, енді басқаларында 11, 10, 3, 1, 70 және 100 мәрте зікір етуге кеңес берілгендігін, сондай-ақ «әлхамду лилләһ» сөзінің 33, 25, 11, 10, 100 мәрте қайталау айтылғанын, «лә иләһә иллаллаһ» сөзіне қатысты 10, 25, 100 сандары бар екендігін білдіреді.

Зәйнуддин әл-Ирақи: «Бұлардың барлығы да жақсы, санының артуы Алланы көбірек разы етеді» дейді.

Осындай әртүрлі риуаяттарды Бағауи былай біріктіруге тырысады: «Бұл риуаяттарды әртүрлі уақытта айтылуы ықтимал. Әр адамның өз жағдайына қарай, осы сандардың бірін таңдап, сол мөлшерде қайталауға ерік берілген».

Ғалымдар жалпылама осы тәсбих сөздерін отыз үш мәрте айтудың абзал екендігін білдірген. Тәкбирден кейін лә иләһа иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ... деумен жүзге толады.

Ғалымдар хадистегі сандарға бағынып, артық-кем жасамауды, кері жағдайда уәде етілген сауапты дәл солай ала алмайтындығын, біз көріп, біле алмағанымен бұл сандарда бірқатар сырлар бар екендігін айтқан. Базбір ғалымдар қасақана артық-кем жасаса сауап жазылмайды десе, енді басқалары санның өзгеруі сауапты жоймайтындығын алға тартқан.

Кейбір риуаяттар тәсбихті Алла елшісінің (с.а.с.) саусақпен жасағандығын білдіреді. Тіпті Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Саусақпен санаңдар, өйткені олар сұралады және сөйлейді» деген хадисі жеткен. Әбу Һурайра (р.а.) мың түйіні бар жіңішке арқаны болғанын, сонымен санағанын және әр түні бір мәрте айналдырмастан ұйықтамағандығын айтқан. Оны санау үшін дәнектерді қолданғанына қатысты да риуаяттар жеткен. Тәсбихтерді санауда сахабалар мен мүміндердің аналары ұсақ тастар мен дәнектерді қолданғанын білдіретін риуаяттар аз емес. Бұларды Алла елшісі көріп, қарсылық білдірмеген, яғни құптаған. Кейбір ғалымдар саусақпен санаудың тәспі, т.б. соған ұқсас заттармен санаудан абзал екендігін айтқанымен, маңыздысы қателік жасаудан сақтанып, қандай жағдайда санаудан жаңылыспайтын болса, сол дұрыс (Алиул-Қари).

  1. 1Мүслим, Мәсәжид 144, (596); Тирмизи Дағуат 25, (3409); Нәсәи, 91, (3, 75).