وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ثَلَاثُ دَعَوَاتٍ مُسْتَجَابَاتٌ لَا شَكَّ فِي إِجَابَتِهِنَّ: دَعْوَةُ الْمَظْلُومِ، وَدَعْوَةُ الْمُسَافِرِ، وَدَعْوَةُ الْوَالِدِ عَلَى وَلَدِهِ».
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Үш дұғаның қабыл болатынына күмән жоқ: жәбір көрген адамның дұғасы, жолаушының дұғасы және әкенің баласына қарсы жасаған дұғасы.»1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) дұғасы қабыл болатын үш адамды атаған: жәбір көрген адам, жолаушы және әке. Өзге хадистерде ораза ұстаған адамның ауыз ашардағы, әділ имамның және қасында жоқ адам үшін тілек тілеген жанның дұғалары да айтылады. Демек, мұндағы үш саны қабыл болатын дұғаларды шектемейді.
2. Жәбір көрген адамның дұғасының қабыл болуы оның мұсылман болуына байланысты емес. Өзге риуаяттарда оның үлкен күнә жасаған адам, тіпті кәпір болуы дұғасының қабыл болуына бөгет болмайтыны айтылады.
اتَّقُوا دَعْوَةَ الْمَظْلُومِ وَإِنْ كَانَ كَافِرًا فَإِنَّهُ لَيْسَ دُونَهَا حِجَابٌ.
«Зұлымдық көрген адамның дұғасынан сақтаныңдар. Ол кәпір болса да, оның дұғасының алдында перде жоқ».
دَعْوَةُ الْمَظْلُومِ مُسْتَجَابَةٌ وَإِنْ كَانَ فَاجِرًا فَفُجُورُهُ عَلَى نَفْسِهِ.
«Жәбір көрген адам күнәһар болса да, оның дұғасы қабыл болады. Күнәсінің зияны өзіне тиеді».
Хадисте зұлымдық атаулыға тыйым салынған. Ғалымдар осыған сүйеніп, адамның дүние-мүлкіне, жанына, ар-намысына жасалған қиянаттың қай түріне де тыйым салынғанын айтады.
- 1Тирмизи, Бирр 7 (1906); Жаннат 2 (2528), Дағуат 139 (3592); Әбу Дәуіт, Салат 364 (1536); Ибн Мәжа, «Дұға» 11 (3862).