وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: أَخْرِجُوا مِنَ النَّارِ مَنْ ذَكَرَنِي يَوْمًا أَوْ خَافَنِي فِي مَقَامٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла тағала былай дейді: “Мені бір сәт еске алған немесе бір жағдайда Менен қорыққан адамды тозақ отынан шығарыңдар!”»1
Түсіндірме
1. Хадистегі «бір күн» уақыттың кез келген бір мезетін білдіреді. Мүміннің Алланы бір сәт еске алғаны да зая кетпейді. Ол өзге күнәлары үшін тозаққа кірсе де, дүниедегі сол бір сәттік зікірінің арқасында оттан шығарылады.
Тиби хадисте көзделген зікірдің «ықыласқа толы жүрекпен және дұрыс ниетпен жасалған зікір» екендігін айтқан. «Өйткені жүрегімен толықтай айтпағанымен, тілімен кәпірлер де зікір айтты» дейді. Алла елшісі (с.а.с.) осыған ұқсас: مَنْ قَالَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهَ خَالِصًا مِنْ قَلْبِهِ دَخَلَ الْجَنَّةَ. «Кім шынайы жүрекпен “Лә иләһа иллаллаһ” десе жұмаққа кіреді» – деген.
2. «Мақам» күнә істеуге мүмкіндік туғанда, Алладан қорқып, одан бас тартуды меңзейді. Құранда وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِۦ وَنَهَى ٱلنَّفْسَ عَنِ ٱلْهَوَىٰ فَإِنَّ ٱلْجَنَّةَ هِىَ ٱلْمَأْوَىٰ «Ал кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін әуейіліктен тыйған болса, шүбәсіз, оның ақырында барып паналайтын жері жаннат болмақ!» («Назиғат» сүресі, 40–41-аяттар) делінген. Алладан қорқу адамның күнәдан тыйылып, Раббысына бойсұнуынан көрінеді. Күнәдан тыймайтын қорқыныш сөз күйінде қалады. Шынайы қорқыныш ізгі амалға бастайды.
- 1Тирмизи, Тозақ 9 (2597).