Хадис

Кутуб ситтә, № 1724

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
223. № 1721–1724 хадистер
Нөмірі
№ 1724 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1724
Кутуб ситтә, № 1724 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَا وَرَجُلَانٍ مِنْ بَنِي عَمِّي، فَقَالَ أَحَدُهُمَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَمِّرْنَا عَلَى بَعْضِ مَا وَلَّاكَ اللَّهُ تَعَالَى، وَقَالَ الْآخَرُ: مِثْلَ ذَلِكَ، فَقَالَ: إِنَّا وَاللَّهِ لَا نُوَلِّي هَذَا الْعَمَلَ أَحَدًا سَأَلَهُ أَوْ أَحَدًا حَرَصَ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Бірде әкемнің бауырының екі ұлын ертіп, Алла елшісінің (с.а.с.) алдына бардым. Екеуінің бірі: “Уа, Алла елшісі! Алла өзіңізге тапсырған істердің біріне бізді басшы етіп тағайындаңыз”, – деді. Екіншісі де сол өтінішті айтты. Алла елшісі: “Аллаға ант етемін, бұл іске оны сұрағанды да, соған құмартқанды да тағайындамаймыз!” – деді».1

Түсіндірме

1. Бөлімнің осы соңғы риуаяты да басшылық қызметті сұрауды терістеген хадистердің бірі. Негізінде, хадис кітаптарында мұның басқа мысалдары да бар. Расулалла (с.а.с.) өзінен осылай басшылық қызмет сұрағандарды кейде мүлде өзгеше, кейде жұмсақ тәсілмен қайтарып отырған.

Бұхаридің айтуынша, ансарлық бір кісі: «Уа, Расулалла! Пәленшені басшқылық қызметке тағайындағаның сияқты, маған да басшылық қызмет берсең болмай ма?» – деп өтінгенде, Алла елшісі (с.а.с.) былай деп жауап береді: «Менен кейін (материалдық мүддеде өздерін алға шығарған басшыларда) өзімшілдік көретін боласыңдар. Сол кезде ақыретте кәусар хауызының басында маған қауышқанға дейін сабыр етіңдер».

Әбу Дәуіттің бір риуаятында, осыған ұқсас қызмет сұраған кейбір адамдар артынан кешірім сұрайтын мына қатал жауапты алған: «Менің ойымша, қиянатта ең алда болғандарың – қызмет сұрағандарың...»

2. Басшылық қызметті қай жағдайда сұрауға болады?

Жазылған риуаяттардың барлығы басшылық қызметті терістесе, керісінше, мұны қуаттайтын аят-хадис мысалдар да кездеседі. Ең алдымен Құран кәрімде әзірет Юсуфтың мысалы бар. Ол Мысыр елінің патшасының сарайында сол елдің қазыналарын басқарушы етіп тағайындауын сұраған.

﴿قَالَ اجْعَلْنِي عَلَى خَزَائِنِ الْأَرْضِ إِنِّي حَفِيظٌ عَلِيمٌ﴾ «Сонда Юсуф оған: “Ендеше, мені бұл жердің қазыналарын басқарушы етіп тағайында. Өйткені мен қазынаны ұстай алатын сенімді әрі қазына ісін жүргізуді жақсы білемін”, – деді.»2

Сол сияқты Әбу Дәуітте келген бір хадисте былай делінген: «Кімде-кім мұсылмандарға қазы болғысы келіп, соған қол жеткізсе, содан кейін әділ үкімдерімен, әділ болмағандарды жеңсе, Жаннаттық болады. Ал егер әділетсіз үкімдері басым болса, тозақтық болады».

Ибн Хажар қазылықты сұрау мәселесінде бұл риуаятта берілген рұқсатпен, алдыңғы риуаяттарда айтылған басшылық қызметті сұрауға салынған тыйым арасындағы қайшылықты былай түсіндіреді: «Қызметті сұрағаны үшін өзіне көмек көрсетілмеу жағдайы, қазылық қызметке қол жеткізген жағдайда оның әділ үкім беруіне бөгет болмайды. Немесе біріншісінде әдейі сұрау бар, екіншісінде тағайындалуға жүгіну бар. Негізінде, Әбу Мұса келтірген хадисте “Біз билікке құмартатын адамды тағайындамаймыз”, – деген, мұның қарымтасын да “қолдау” мен білдірген. Сондықтан егер қызметіне қатысты Алладан қолдау болмаса, бұл қызметке ол адам білікті емес деген сөз. Оның сұрағанына оң жауап берілмеуі керек. Әрі басшылық қызметте көптеген машақат пен қиындық, ауыр жүктің бары анық. Олай болса, кім Алланың қолдауына ие болмаса, бастаған қызметінде орны толмас зиянға ұшырап, ақыреті де, дүниесі де құриды. Сондықтан ақылды адам ешқашан басшылық қызметті сұрамайды, сол қызметтің соңына түспейді. Алайда білікті, лайықты болса және оған сұрамай-ақ берілсе, бұл жағдайда оған уәдесіне берік Расулалла (с.а.с.) жәрдем берілетінін айтқан. Мұндай басшылық қызметте артықшылық барын түсіндіріп жатудың керегі жоқ».

Ендеше, тыйым біліксіздікке, лайықты болмауға қатысты айтылған. Бір іске лайықты болмай жатып, ол талап етілмеуі тиіс. Мүмін мұның жауапкершілігін ойланып барып сұрауы керек. Тағайындауға уәкілетті адамдар да сол іске лайықты адамды іздеуі керек.

Осы мәселеге қатысты имам Нәуәуидің жасаған тұжырымы бұл тақырыпты байыта түседі. Кейбір кірме сөздерді сол күйінде беруді тақырыптың маңыздылығы себепті орынды әрі пайдалы деп санаймыз: «Бұл хадис басшылық қызметтен бас тартуға керемет дәлел. Басшылық қызметтен бас тарту, әсіресе, оның талап ететін міндеттерін орындай алмайтын адамдар үшін шарт болып есептеледі. Хадисте айтылған опық жеп өкіну мен қорлану сол қызметті атқара алмайтын, лайықты емес немесе лайықты болса да, орындау барысында әділдікті ұстанбайтын адамдарға қатысты. Алла оларды қиямет күні қор етеді. Ал басшы болуға лайықты және өз міндетін әділ орындайтын адамдар үшін үлкен артықшылық бар. Бұл мәселе жөнінде көптеген сахих хадистер келген. Лайықты және әділ басшылардың артықшылығына қатысты мұсылмандар ортақ пікірде. Әйтсе де басшылық қызметтің қатерлі екені ақиқат және осы себепті Расулалла (с.а.с.) одан сақ болуды ескертті. Ғалымдар да ескертті әрі бұрынғы ғұламалардың көбі бірқатар қиындықтарды есепке алып, басшылық қызметтен бас тартты».

Басшылық қызметті алмау үшін зынданға қамалу, дүре соғу және тіпті өлім бар болса да басын қатерге тіккендердің басында Имам Ағзам Әбу Ханифаның барын ұмытпауымыз керек.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 7, 12, «Ижара», 8, «Иститаба», 2. Мүслим, «Имарат», 7 (№ 1733). Әбу Дәуіт, «Хараж», 2 (№ 2930). Нәсәи, «Қудат», 4 (8/224).
  2. 2«Юсуф» сүресі, 55-аят.