Хадис

Кутуб ситтә, № 1722

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
223. № 1721–1724 хадистер
Нөмірі
№ 1722 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1722
Кутуб ситтә, № 1722 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَلَا تَسْتَعْمِلُنِي، فَضَرَبَ بِيَدِهِ عَلَى مَنْكِبِي، ثُمَّ قَالَ: يَا أَبَا ذَرٍّ: إِنَّكَ ضَعِيفٌ، وَإنَّهَا أمَانَةٌ، وَإنَّهَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ خِزْيٌ وَنَدَامَةٌ، إِلَّا مَنْ أَخَذَهَا بِحَقِّهَا، وَأَدَّى الَّذِي عَلَيْهِ فِيهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وأَبُو دَاوُدَ. وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى:«يَا أَبَا ذَرٍّ: إِنِّي أَرَاكَ ضَعِيفًا، وَإِنِّي أُحِبُّ لَكَ مَا أُحِبُّ لِنَفْسِي لَا تَأْمُرَنَّ عَلَى اثْنَيْنِ، وَلَا تَوَلَّيَنَّ مَالَ يَتِيمٍ». وَلَهُ فِي أُخْرَى قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الْعِرَافَةَ حَقٌّ، وَلَا بُدَّ لِلنَّاسِ مِنْ عُرَفَاءَ، وَلَكِنَّ الْعُرَفَاءَ فِي النَّارِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Бір күні: “Уа, Алла елшісі, маған бір қызмет бермейсіз бе?” – дедім. Ол қолымен иығымнан қағып: “Уа, Әбу Зәрр! Сен әлсізсің. Басшылық – аманат. Қиямет күні ол қорлық пен өкінішке айналады. Оны алуға лайық болып, жүктелген міндетті өтеген адамның жөні бөлек”, – деді».1

Әбу Дәуіттің басқа бір нұсқасында былай делінген: «Уа, Әбу Зәрр! Мен сенің әлсіз екеніңді көріп тұрмын. Өзіме тілегенімді саған да тілеймін. Екі адамға болса да басшылық етпе, жетімнің мал-мүлкін басқаруды да мойныңа алма».

Әбу Дәуіттің тағы бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Арифтік – қажет қызмет. Халыққа арифтер керек. Алайда арифтер тозақта», – деген.2

Түсіндірме

1. Бұл хадис Расулалланың (с.а.с.) басшылық қызметке деген көзқарасын көрсетеді. Оның айтуынша, басшылық қызмет:

• Жауапкершілігі өте жоғары міндет әрі аманат.

• Барлық адам оның ақысын беріп атқара алмайды.

• Ақысын бере алмағандарды ақыретте өкініш пен қорлық күтіп тұр.

• Әлсіз (біліктілігі жоқ, атқаруға шамасы жетпейтін) адамдарға басшылық қызмет берілмеуі керек.

• Басшылық қызметтің ақысын өтеген адам алаңдамауы керек.

• Басшылық қызмет сұралмайды.

2. Хадисте «әлсіздік» деген сөзбен біліксіздік және лайықты болмау айтылған деуге болады. Қабылданатын міндет, ұмтылатын мансапқа қарай әлсіздіктің мағынасы өзгеруі мүмкін.

3. Расулалланың (с.а.с.) ариф болу (түсіндіруші) туралы айтқан сөзі де назар аудартады. Мұның дұрыс екендігі әрі бұл істі мойнына алғандардың, яғни халық мұңын басшыларға жеткізушілердің тозақтық екені айтылған. Бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ. Өйткені басшы мен халық арасында көпір болатын, яғни халықтың мәселелерін басшыға ұсынатын, басшы атынан халыққа қызмет ететін және істерді атқаратын адамдар қажет. Расулалла (с.а.с.) бұл қызметтің қажет екенін айтқан. Алайда ол бұған қоса осы жұмыстарды атқаратындардың көп жағдайда әділдік пен әділеттілікті ұстанбайтынын, олардың жауапкершілігіне салғырт қарап, кейбір заңсыз әрекеттерге жол беріп, обалға қалатынын тілге тиек еткен. «Арифтар тозақтық» деген сөзді алдыңғы хадисте келген «Алайда басшылық қызметке лайық болып, міндетін мінсіз, адал атқарғандардың жөні бөлек» деген сөйлеммен бірге түсіну керек.

Сөйлемнің мутлақ мағынада келуі, көпшіліктің салғырттыққа жол беретініне байланысты және ескертуде қатаңдықты ұстану мақсаты көзделген болуы да мүмкін.

  1. 1Мүслим, «Имарат», 17 (№ 1825–1826). Әбу Дәуіт, «Уәсая», 4 (№ 2868). Нәсәи, «Уәсая», 10 (№ 3667).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Хараж», 5 (№ 2934).