وَعَنِ الْحَسَنِ الْبَصْرِيِّ عَنْ مَعْقِلٍ بْنِ يَسَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَامِنْ عَبْدٍ يَسْتَرْعِيهِ اللَّهُ رَعِيَّةً يَمُوتُ يَوْمَ يَمُوتُ وَهُوَ غَاشٌّ لِرَعِيَّتِهِ إِلَّا حَرَّمَ اللَّهُ عَلَيْهِ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ عَنِ الْحَسَنِ الْبَصْرِيِّ:«أَنَّ عَائِذَ بْنَ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَكَانَ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دَخَلَ عَلَى عُبَيْدِ اللَّهِ بْن زِيَادٍ فَقَالَ: أَيْ بُنَيَّ إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ شَرَّ الرِّعَاءِ الْحُطَمَةُ، فَإِيَّاكَ أَنْ تَكُونَ مِنْهُمْ، فَقَالَ: اجْلِسْ إِنَّمَا أَنْتَ مِنْ نُخَالَةِ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: وَهَلْ كَانَ لَهُمْ نُخَالَةٌ؟ إِنَّمَا النُّخَالَةُ بَعْدَهُمْ وَفِي غَيْرِهِمْ».
Хасан Басри Мағқил ибн Ясардың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Алла бір құлына халықты басқаруды тапсырып, ол қол астындағыларын алдап жүрген күйінде жан тапсырса, Алла оған жұмақты харам етеді”, – дегенін естідім».1
Мүслим Хасан Басриден тағы мына бір риуаятты алған: «Аиз ибн Амр (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) сахабаларының бірі. Ол бірде Убәйдулла ибн Зиядтың жанына барып оған бірден: “Әй, ұлым, мен Расулалланың (с.а.с.): ‘Бақташылардың ең жаманы – хутама деп аталатын қатыгез түйе бақташысы, олардың қатарында бола көрме!’ – дегенін естідім”, – дейді. Убәйдулла: “Отырыңыз, сіз Расулалланың (с.а.с.) сахабаларының кебегісіз”, – дей бергенде, Аиз ибн Амр (р.а.): “Олардың кебегі бар ма еді? Кебектер олардан кейін және олардың қатарында болмаған адамдардың арасында пайда болды ғой”, – деп жауап береді».2
Түсіндірме
1. Убәйдулла ибн Зияд Муғауияның (р.а.) халифалығы тұсында Басраның әкімі болған.
2. Бірінші риуаятта басшының халыққа қиянат жасауына, екінші риуаятта оған қатыгездік көрсетуіне тыйым салынған. Алла елшісі (с.а.с.) ел басқарғандарды алдаудан да, қатыгездіктен де сақтандырған.
Ғалымдар бұл жерде тыйым салынған қулық жайлы былай дейді: Бұл басшының қол астындағылардың мүлкін иемденуі, қанын төгуі немесе оның ар-намысына қол сұғуы, құқықтарын шектеуі, діни және дүниелік мәселелерден үйретуі міндетті болған нәрселерді үйретпеуі, бүлікшілерді жазалауға салғырт қарау, қарапайым халықты қорғамау сынды зұлымдық сөзімен білдірілетін әрекеттермен пайда болады».
3. Мүслимде берілген риуаятта нақты айтылғанындай, Басра қаласының әкімі Убәйдуллаға ұлық сахаба Айз ибн Амрдың (р.а.) насихаты ауыр тиіп, менмендігі қозып кеткен болса керек. Ол тіпті жағымсыз әрекет жасап, оны келемеждеп, абыройын түсіргісі келеді. Алайда Аиз (р.а.) байсалды түрде сахабалардың кебек еместігін олардың бәрінің таңдаулы адамдар екенін, жеңілтектердің сахабалардан кейінгі ұрпақтан пайда болғанын айтады. Әһл-сүннет ғұламалары сахабаларды бөліп-жармай, олардың барлығының сенімді, адал (тақуа) және діндар, таңдаулы адамдар екені жайлы ортақ пікірде. Әзірет Аиз (р.а.) да осыны айтқан.