Хадис

Кутуб ситтә, № 1712

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
221. № 1710–1714 хадистер
Нөмірі
№ 1712 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1712
Кутуб ситтә, № 1712 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَانَتْ بَنُو إِسْرَائِيلَ تَسُوسُهُمُ الْأَنْبِيَاءُ عَلَيْهِمُ السَّلَامُ كُلَّمَا هَلَكَ نَبِيٌّ خَلَفَهُ نَبِيٌّ، وَأَنَّهُ لَا نَبِيَّ بَعْدِي، وَسَيَكُونَ بَعْدِي خُلَفَاءُ فَيَكْثُرونَ. قَالُوا: فَمَا تَأْمُرُنَا؟ قَالَ: أَوْفُوا بِبَيْعَةِ الْأَوَّلِ، ثُمَّ أَعْطُوهُمْ حَقَّهُمْ، وَاسْأَلُوا اللَّهَ تَعَالَى الَّذِي لَكُمْ، فَإِنَّ اللّه تَعَالَى سَائِلُهُمْ عَمَّا اسْتَرْعَاهُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарды. Бір пайғамбар дүние салғанда, орнына басқа пайғамбар келетін. Менен кейін пайғамбар болмайды. Алайда халифалар келеді және олардың саны көп болады». Сахабалар: «Сонда бізге не бұйырасыз?» – деп сұрады. Алла елшісі: «Алғаш байғат берген халифаға берген серттеріңде тұрыңдар, кейінгілеріне де кезегімен солай етіңдер. Оларға тиесілі ақыны беріңдер, өз ақыларыңды Алладан сұраңдар. Алла оларға аманат етілген халық үшін өздерінен есеп сұрайды», – деді.1

Түсіндірме

Бұл хадисте тақырыпқа қатысты айтылған бір мәселені нақтылап алу керек: Расулалла (с.а.с.) алдымен кімге ант берілген болса, ол міндетін атқарып жүрген уақытта басқа ешкімге ант берілмейтінін, мұның харам екенін айтқан. Сондай-ақ ант талап еткен міндеттерді орындау керек екенін бұйырған. Қол беру (бәйғат) – бағынуға берілген келісім-шарт. Олай болса, басшыға бағынған адам өзіне заңды саналатын бұйрықтарды орындауға міндетті. Басшы өз міндеттерін орындамай зұлымдық жасаса да, оған мойынсұнуға міндетті. Басшының зұлымдығы қол астындағылардың оған бағынбау, қарсы шығу және басшыға қатысты міндеттерін ескермеу құқығын бермейді. Ғалымдар «Олардағы ақыларыңды Алладан сұраңдар!» деген сөйлемнен «Қарсы шығып, бүлік шығармаңдар!» – деген үкім шығарған. Қол астындағылардың басшыдан ақы талап етуге тырысуы – бүліктің бір түрі немесе басшы сондай ойға қалып бүлікке себеп болуы мүмкін.

Мына хадисте бұл мәселе жайлы нақты айтқан:

تَسْمَعُ وَتُطِيعُ لِلْأَمِيرِ وَإِنْ ضُرِبَ ظَهْرُكَ وَأُخِذَ مَالُكَ فَاسْمَعْ وَأطِعْ.

«Билеушінің сөзін тыңдап, оған бағын. Арқаңнан ұрып, малыңды тартып алса да, тыңда әрі бағын!»2

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 50 (№ 3455). Мүслим, «Имарат», 44 (№ 1842).
  2. 2Мүслим, «Имара», № 1847.