وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَشَدَّ حَيَاءً مِنَ الْعَذْرَاءِ فِي خِدْرِهَا وَكَانَ إِذَا رَأَى شَيْئًا يَكْرَهُهُ عَرَفْنَا ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) шымылдық ішіндегі бойжеткеннен де ұяң еді. Бір нәрсені ұнатпағанын жүзінен аңғаратынбыз.1
Түсіндірме
Бұл хадисте Алла елшісінің бойындағы ұяттың ерекше екені айтылған. Әдетте, ұяты күшті адамдар туралы сөз етілгенде тұрмысқа шықпаған қыздың ұяты айтылады. Міне, Расулалланың (с.а.с.) ұяты осындай жағдайдағы ар-намысы бекем қыздың ұятымен салыстырылып, одан да ұятты екені айтылған.
Хадис түсіндірмесін жасаған ғалымдар «Алла елшісінің (с.а.с.) бойындағы ұят діни ақиқаттарды айтуына кедергі болмайды» деген. Имам Бұхари келтірген бір хадисте зина жасағанын мойындап келген кісіге қатысты Алла елшісі: أَنِكْتَهَا؟ لَا يَكْنِي. «Онымен жыныстық қатынасқа түстің бе?» – деп астарламай, ашық сұрады.
- 1Бұхари, «Әдеп», 77, «Мәнақиб», 23. Мүслим, «Фадаил ән-нәби», 67, № 2320.