وَعَنْ عُمَيْرِ بْنِ سَعِيدٍ النَّخَعِيِّ قَالَ: «سَمِعْتُ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: مَا كُنْتُ لِأُقِيمَ عَلَىٰ أَحَدٍ حَدًّا فَيَمُوتَ، فَأَجِدَ فِي نَفْسِي مِنْهُ شَيْئًا، إِلَّا صَاحِبَ الْخَمْرِ، فَإِنَّهُ لَوْ مَاتَ وَدَيْتُهُ، فَإِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لَمْ يَسُنَّهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ، وَقَالَ: «لَمْ يَسُنَّ فِيهِ شَيْئًا، إِنَّمَا هُوَ شَيْءٌ قُلْنَاهُ نَحْنُ».
Умәйр ибн Сағид ән-Нахағи былай дейді: «Әлидің (р.а.) былай дегенін естідім: “Хадд қолданылған адам қайтыс болса, ішімдік ішкен адамнан басқасы үшін көңілімде алаң болмайды. Хамр ішкен адам қайтыс болса, оның құнын төлер едім. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) бұл жазаға нақты мөлшер белгілемеген”». Әбу Дәуіт нұсқасында: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл туралы нақты сүннет белгілемеді. Мұны біз айттық», – делінген1.
Түсіндірме
1. Хаттаби былай дейді: «Хадд орындалып жатқанда кінәлі адам қаза тапса, үкім берген кісі дият төлемейді. Бұл жөнінде ғалымдар бір пікірде. Ал хамр ішкені үшін хадд қолданылып, адам қаза тапса, дият төленеді».
Имам Шафиғи бұл мәселені жазаға қолданылған құралмен байланыстырып түсіндірген: «Қамшымен ұрып, адам қаза тапса, дият төленеді. Қамшыдан өзге құрал қолданылса, дият төленбейді. Қырықтан асырып ұрып, соның салдарынан адам қаза тапса да, дият төленеді. Дияттың төленуі имамның жазаны қалай белгілегеніне байланысты».
2. Әлидің (р.а.) «Алла елшісі (с.а.с.) хамрға қатысты нақты мөлшер белгілемеді» деген сөзі мен қырық дүре туралы риуаяттарды Ибн Хажар былай сабақтастырады: «Бұл – Алла елшісі (с.а.с.) сексен дүрені немесе қырықтан асатын мөлшерді сүннет етіп белгілемеген деген сөз. Әлидің “Мұны біз айттық” деуі осыны қуаттайды». Әли осы сөзімен Омардың (р.а.) кейін жазаны арттырғанын меңзеген. Ибн Хажардың пайымынша, Әли ижтиһадпен арттырылған осы жаза Алланың қалауына сай келді ме деп алаңдаған.
3. Әлидің «Алла елшісі (с.а.с.) оны сүннет етіп белгілемеді» деген сөзіндегі «оны» есімдігі дүре соғу тәсіліне қатысты болуы мүмкін. Сонда мағынасы мынадай болады: «Алла елшісі (с.а.с.) қамшымен дүре соғуды сүннет етіп белгілемеді. Хамр ішкендерге қол, аяқкиім, құрма бұтағы немесе киімнің шеті қолданылған».
- 1Бұхари, «Худуд», 4 (6778), Мүслим, «Худуд», 38 (1707б), Әбу Дәуіт, «Худуд» (4486).