Хадис

Кутуб ситтә, № 1639

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
211. Ішімдік ішкені үшін белгіленген жаза
Нөмірі
№ 1639 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1639
Кутуб ситтә, № 1639 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ضَرَبَ النَّبِيُّ ﷺ فِي الْخَمْرِ بِالْجَرِيدِ وَالنِّعَالِ، وَجَلَدَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَرْبَعِينَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلتِّرْمِذِيِّ: «أُتِيَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِرَجُلٍ قَدْ شَرِبَ الْخَمْرَ، فَضَرَبَهُ بِجَرِيدَتَيْنِ نَحْوَ الْأَرْبَعِينَ، وَفَعَلَهُ أَبُو بَكْرٍ. فَلَمَّا كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ اسْتَشَارَ النَّاسَ، فَقَالَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنُ عَوْفٍ: كَأَخَفِّ الْحُدُودِ، ثَمَانِينَ. فَأَمَرَ بِهِ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) хамр ішкен адамға құрма бұтағы мен аяқкиім арқылы жаза қолданды. Әбу Бәкір (р.а.) қырық дүре соқтырды». Тирмизи нұсқасында: «Алла елшісіне (с.а.с.) хамр ішкен адам әкелінді. Оған құрманың екі бұтағымен қырық шақты дүре соғылды. Әбу Бәкір де солай істеді. Омар тұсында жұртпен кеңесті. Абдуррахман ибн Ауф: “Хадд жазасының ең жеңіліндей, сексен дүре болсын”, – деді. Омар солай үкім етті», – делінген1.

Түсіндірме

Хамр ішкен адамға қолданылған жаза жөнінде пікірлер әртүрлі. Алла елшісі (с.а.с.) мен Әбу Бәкір (р.а.) тұсында қырық шақты дүре соғылған. Омар (р.а.) алғашқы кезде осыны жалғастырып, кейін жазаны сексен дүреге дейін арттырған. Оның халифалығы тұсында ел құнарлы өңірлерге қоныстанып, бау-бақша өсіріп, тұрмысы жақсарған. Хамр ішу көбейіп, кей адамдар бұрынғы жазаны жеңіл көріп, елемейтін болған. Бұл жайында Халид ибн Уәлидтің Омарға хат жазғаны айтылады. Омар мұһажирлермен, ансарлармен және өзге сахабалармен кеңеседі. Абдуррахман ибн Ауф Құранда аталған хадд жазаларының ең жеңіліне тең, сексен дүре белгілеуді ұсынады. Әли (р.а.) де осыған жақын пікір айтқан: «Арақ ішкен адам мас болады. Мас адам не айтқанын білмей, артық сөйлейді. Сөйтіп, біреуге жала жабады. Құранда жаланың жазасы сексен дүре деп белгіленген». Ғалымдар Омар тұсында келісілген осы ұстанымды Алла елшісінің (с.а.с.) мына хадисіне сүйеніп қабылдаған:

عَلَيْكُمْ بِسُنَّتِي وَسُنَّةِ الْخُلَفَاءِ الرَّاشِدِينَ مِنْ بَعْدِي

«Менің сүннетімді және менен кейінгі тура жолдағы халифалардың сүннетін ұстаныңдар».

Айни Омардың заман жағдайына қарай хамр ішкені үшін жазаны арттырғанын айта келе: «Омар қазір келсе, бұл күндегілерге екі есе жаза белгілер еді», – деген.

Ішімдік ішкен адамға берілген жазада қолданылған құрал туралы да пікірлер әртүрлі. Жоғарыдағы риуаятта құрма бұтағы мен аяқкиім аталады. Кей нұсқада киіммен ұрылғаны айтылады. Қамшы қолдану жөнінде ғалымдар бір пікірге тоқтамаған.

Ибн Хажар бұл мәселеде үш пікір келтіреді:

а) Ең дұрыс саналған пікір бойынша, қамшы қолдануға болады. Қолмен, аяқкиіммен немесе киіммен ұру да жеткілікті саналған.

ә) Қамшы қолданылуы керек.

б) Қамшыдан өзге құрал қолданылуы керек.

Қамшы қолдануды құптаған ғалымдар оны таяқтай жуан да, қамыстай жіңішке де болмауы керек деп санаған. Құрма бұтағы мен соған ұқсас құралдарды құптағандар олардың тым жас та, тым құрғақ та болмауын шарт еткен.

Шәрхте дүре тым қатты да, тым жеңіл де соғылмай, орташа болуы керек деген шарт аталған. Жазаны орындаушы қолын басынан асырмайды. Қамшы қолдануға қарсы ғалымдар қамшыдан адам қаза тапса, жазаны орындаған адам дият (құн) төлейді деген.

Ибн Хажар қолданылатын құрал мен жазаланған адамның күйі жөніндегі пікірлерді былай түйіндеген: «Кейінгі ғалымдар ортақ жол ұстанып, хамр ішуін жалғастырған адамға қамшы, ал әлсіз не оны әдетке айналдырмаған адамға киімнің шеті немесе аяқкиім қолданылғанын құптаған. Осы пікір дұрыс».

  1. 1Бұхари, «Худуд», 2, 4 (6773), Мүслим, «Худуд» (1706), Тирмизи, «Худуд», 13 (1443), Әбу Дәуіт, «Худуд» (4479).