Хадис

Кутуб ситтә, № 1628

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
210. № 1624–1638 хадистер
Нөмірі
№ 1628 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
1628
Кутуб ситтә, № 1628 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا «أَنَّ قُرَيْشًا أَهَمَّهُمْ شَأْنُ الْمَخْزُومِيَّةِ الَّتِي سَرَقَتْ، فَقَالُوا: مَنْ يُكَلِّمُ فِيهَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ؟ فَقَالُوا: وَمَنْ يَجْتَرِئُ عَلَيْهِ إِلَّا أُسَامَةُ بْنُ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، حِبُّ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟ فَكَلَّمَهُ أُسَامَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: أَتَشْفَعُ فِي حَدٍّ مِنْ حُدُودِ اللَّهِ تَعَالَىٰ؟ ثُمَّ قَامَ فَاخْتَطَبَ، ثُمَّ قَالَ: إِنَّمَا أَهْلَكَ الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ أَنَّهُمْ كَانُوا إِذَا سَرَقَ فِيهِمُ الشَّرِيفُ تَرَكُوهُ، وَإِذَا سَرَقَ فِيهِمُ الضَّعِيفُ أَقَامُوا عَلَيْهِ الْحَدَّ. وَايْمُ اللَّهِ، لَوْ أَنَّ فَاطِمَةَ بِنْتَ مُحَمَّدٍ سَرَقَتْ لَقَطَعْتُ يَدَهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلنَّسَائِيِّ عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ امْرَأَةً مَخْزُومِيَّةً كَانَتْ تَسْتَعِيرُ الْمَتَاعَ عَلَىٰ أَلْسِنَةِ جَارَاتِهَا وَتَجْحَدُهُ، فَأَمَرَ النَّبِيُّ ﷺ بِقَطْعِ يَدِهَا».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Махзум руынан шыққан бір әйелдің ұрлығы құрайыштарды қатты алаңдатты. Олар: “Осы әйелге араша түсіп, Алла елшісімен (с.а.с.) кім сөйлеседі?” – десті. Біреулері: “Бұған Алла елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі Усама ибн Зәйдтен өзге кімнің батылы барады?” – деді. Усама Алла елшісімен (с.а.с.) сөйлесті. Ол: “Алла тағала белгілеген хадд үкімінің біріне араша түспексің бе?” – деді. Содан кейін орнынан тұрып, құтба айтты: “Сендерден бұрынғыларды құрдымға кетірген жайт мынау еді: араларындағы текті адам ұрлық жасаса, жазасыз қалдыратын, ал әлсіз адам ұрлық жасаса, оған хадд жазасын қолданатын. Аллаға ант етемін, Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаған күнде де, қолын кесер едім”»1.

Әбу Дәуіт Айшадан (р.а.) жеткізген нұсқада: «Махзум руынан бір әйел бұйымдарды уақытша пайдалануға алып, кейін алғанын мойындамайтын», – делінген.

Нәсәидің Ибн Омардан (р.а.) жеткізген нұсқасында: «Махзумдық әйел көршілерінің атынан бұйымдарды уақытша пайдалануға алып, кейін алғанын мойындамайтын. Пайғамбар (с.а.с.) оның қолын кесуге үкім берді», – делінген.

Түсіндірме

1. Нәсәи жеткізген бір түсіндірмеде әйелдің Мекке алынған кезде ұрлық жасағаны айтылады. Ол елге танымал адамдарды араға салып, әшекей бұйымдарын уақытша пайдалануға алған да, сатып, ақшасын иемденбек болған. Бұл ісі әшкере болып, оны Алла елшісінің (с.а.с.) алдына әкелген. Хадд үкімі шыққанда, оны арашалағысы келгендер Алла елшісіне (с.а.с.) сөзі өтетін адам іздейді. Сөйтіп, оның сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Усаманы (р.а.) жібереді. Усама келген мақсатын айтқанда, Пайғамбардың (с.а.с.) қатты ашуланғаны жүзінен білінді.

2. Риуаяттарда кейін ол әйелдің шын көңілімен тәубе еткені, исламды берік ұстанғаны және тұрмысқа шығып, отбасы құрғаны айтылады. Айша (р.а.): «Осы оқиғадан кейін ол маған келіп жүрді, мен оның өтінішін Алла елшісіне (с.а.с.) жеткізетінмін», – деген.

3. Кей нұсқаларда әйелдің уақытша алған әшекейлерін сатып жібергені үшін қолы кесілгені айтылады. Кей ғалымдар осыған сүйеніп, уақытша алынған бұйымның құны нисабқа жетсе және алған адам оны алғанын жоққа шығарып, қайтармаса, қол кесу жазасы қолданылады деген. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһуя осы пікірде болған. Мәдина мен Куфа ғалымдары, шафиғилер және көпшілік ғұлама бұйымды қайтармаудың өзі мұндай жазаға негіз болмайды деп санаған. Имам Нәуәуи осы пікірді былай түсіндіреді: «Әйелдің қолы ұрлық жасағаны үшін кесілді. Уақытша алған затын мойындамауы – бөлек мәселе. Ол риуаятта әйелді сипаттау үшін айтылған. Оның қолы алған дүниесін қайтармағаны үшін кесілді деген мағына шықпайды. Кей нұсқаларда “Әйел ұрлық жасады және ұрлығы үшін қолы кесілді” деп анық айтылған. Риуаяттардың бәрі бір оқиға туралы болғандықтан, оларды осы нұсқамен бірге қараған жөн».

Ғалымдар бұл риуаяттан мынадай үкім шығарған. Хадд санатындағы іс имамға, оның өкіліне немесе қазыға жетсе, оны жасыруға не жазаны кешіртуге тырысу харам саналады. Іс ресми орындарға жеткенге дейін араша түсуге рұқсат бар. Хадд санатына кірмейтін істерде араша түсуге барлық жағдайда рұқсат берілген.

  1. 1Бұхари, «Худуд» (6788, 6789, 6800), Мүслим, «Худуд» (1688), Тирмизи, «Худуд» (1430), Әбу Дәуіт, «Худуд» (4373–4374), Нәсәи, «Сариқ» (4888).