وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿وَاللَّاتِي يَأْتِينَ الْفَاحِشَةَ مِنْ نِسَائِكُمْ﴾ الْآيَةَ إِلَى قَوْلِهِ: ﴿سَبِيلًا﴾. فَذَكَرَ الرَّجُلَ بَعْدَ الْمَرْأَةِ، ثُمَّ جَمَعَهُمَا فَقَالَ: ﴿وَاللَّذَانِ يَأْتِيَانِهَا مِنْكُمْ﴾ الْآيَةَ. فَنَسَخَ اللَّهُ ذَلِكَ بِآيَةِ الْجَلْدِ فَقَالَ: ﴿الزَّانِيَةُ وَالزَّانِي فَاجْلِدُوا كُلَّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا مِائَةَ جَلْدَةٍ﴾. ثُمَّ نَزَلَتْ آيَةُ الرَّجْمِ فِي النُّورِ، فَكَانَ الْأَوَّلُ لِلْبِكْرِ، ثُمَّ رُفِعَتْ آيَةُ الرَّجْمِ مِنَ التِّلَاوَةِ وَبَقِيَ الْحُكْمُ بِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ إِلَى قَوْلِهِ: «مِائَةَ جَلْدَةٍ»، وَأَخْرَجَ بَاقِيَهُ رَزِينٌ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла тағала Құран кәрімде: “Әйелдеріңнің арасынан азғындық жасағандарға қатысты өз араларыңнан төрт ер адамды куәға тартуларың керек. Егер олар оқиғаның болғанын растаса, онда әйелдеріңді ажалы жеткенше, не болмаса Алла оларға қатысты басқа бір жол көрсеткенге дейін үйде қамап ұстаңдар”1, – деді. Әйелден кейін ер адамды атап, сосын екеуін қатар айтып: “Араларыңнан зина жасаған ер мен әйелді ауыр сөздермен айыптап, сөгіп немесе таяққа жығып жазалаңдар. Егер олар тәубесіне келіп, түзелетін болса, жазалауды тоқтатып, өз жайына қоя беріңдер. Шүбәсіз, Алла – Тәууәб, Рахим”2, – деді. Алла бұл үкімді дүре соғу аятымен мансұх етті: “Зина қылған әйел мен зина қылған ер адамның әрқайсысына жүз дүреден соғыңдар. Егер Аллаға және ақырет күніне сенетін болсаңдар, Алланың дінінің үкімін орындауға келгенде, ол екеуіне жандарың ашымасын! Һәм екеуінің тартқан азабына бір топ мүмін куә болсын”3. Рәзин келтірген жалғасында ражм аятының «Нұр» сүресінде түскені, ал алдыңғы үкімнің некеде болмағандарға қатысты екені айтылады. Кейін ражм аятының Құран ретінде оқылуы жойылып, үкімі сақталған»4.
Түсіндірме
Автордың айтуынша, сахабалар мен мұжтаһид имамдар мұхсан адам өз еркімен зина жасаса, ражм үкімі қолданылатынына келіскен. Харижилер мен мұғтазиланың кейбір өкілі Құран мәтінінде ражм туралы аят болмағандықтан, бұл үкімді қабылдамаған. Әһлі сүннет ғалымдары Алла елшісінің (с.а.с.) және сахабалардың осы үкімді қолданғаны туралы риуаяттарды дәлелге алған.
Бірқатар ғалым аяттағы үйде қамап ұстау әмірін сол кездегі орта жағдайымен байланыстырған. Олардың түсіндіруінше, әйелдің сыртқа шығып, ерлермен араласуын шектеу арқылы зинаға бару мүмкіндігін азайту көзделген.
Ибн Аббас (р.а.): «Бұл аят бойынша әйел зина жасаса, ажалы жеткенше үйде қамауда ұсталатын. Бұл үкім “Зина қылған әйел мен зина қылған ер адамның әрқайсысына жүз дүреден соғыңдар…”5 деген аят түскенге дейін жалғасты. Осылайша Алла тағала алдыңғы аятта айтылған басқа “жолды” көрсетті. Содан кейін зина жасаған адамға жүз дүре салынып, босатылатын болды», – деген.
Суюти: «Исламның алғашқы жылдарында зина жасағандарды қамау бұйырылды. Кейін некеде болмағанға жүз дүре соғу мен бір жыл жер аудару, ал мұхсан адамға ражм қолдану қарастырылды», – деген.