Хадис

Кутуб ситтә, № 1585

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
205. Тағзирдің мәні және шариғи негізі
Нөмірі
№ 1585 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1585
Кутуб ситтә, № 1585 · тараудағы реті: 1

عَنْ زَيْدِ بْنِ أَسْلَمَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَنْ غَيَّرَ دِينَهُ فَاضْرِبُوا عُنُقَهُ». قَالَ مَالِكٌ: وَمَعْنَى قَوْلِ النَّبِيِّ ﷺ فِيمَا نَرَى، وَاللَّهُ أَعْلَمُ، مَنْ خَرَجَ مِنَ الْإِسْلَامِ إِلَى غَيْرِهِ، مِثْلُ الزَّنَادِقَةِ وَأَشْبَاهِهِمْ، فَإِنَّ أُولَئِكَ إِذَا ظُهِرَ عَلَيْهِمْ يُقْتَلُونَ وَلَا يُسْتَتَابُونَ، لِأَنَّهُ لَا تُعْرَفُ تَوْبَتُهُمْ، وَأَنَّهُمْ كَانُوا يُسِرُّونَ الْكُفْرَ وَيُعْلِنُونَ الْإِسْلَامَ، فَلَا أَرَى أَنْ يُسْتَتَابَ هَؤُلَاءِ إِذَا ظَهَرَ عَلَى كُفْرِهِمْ بِمَا يَثْبُتُ بِهِ. قَالَ: وَالْأَمْرُ عِنْدَنَا أَنَّ مَنْ خَرَجَ مِنَ الْإِسْلَامِ إِلَى الرِّدَّةِ أَنْ يُسْتَتَابَ، فَإِنْ تَابَ وَإِلَّا قُتِلَ. قَالَ: وَمَعْنَى قَوْلِهِ ﷺ: «مَنْ تَرَكَ دِينَهُ فَاقْتُلُوهُ» أَيْ مَنْ خَرَجَ مِنَ الْإِسْلَامِ إِلَى غَيْرِهِ، لَا مَنْ خَرَجَ مِنْ دِينٍ غَيْرِ الْإِسْلَامِ إِلَى غَيْرِهِ، كَمَنْ خَرَجَ مِنْ يَهُودِيَّةٍ إِلَى نَصْرَانِيَّةٍ أَوْ مَجُوسِيَّةٍ، وَمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ مِنْ أَهْلِ الذِّمَّةِ لَمْ يُسْتَتَبْ وَلَمْ يُقْتَلْ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Дінін өзгерткеннің мойнын шабыңдар», – деген. Имам Мәлик бұл хадисті «Муаттада»1 келтіріп, былай түсіндірген: «Біздің пайымымызша, бұл сөз исламнан шығып, зындықтыққа және соған ұқсас жолға түскендерге қатысты. Алла жақсы біледі. Олар әшкере болса, өлім жазасына тартылады. Тәубеге шақырылмайды, өйткені тәубесінің шын екені білінбейді. Олар бұрын күпірлігін жасырып, мұсылман екенін жария етіп жүрген. Сондықтан күпірлігі дәлелмен анықталғанда, оларды тәубеге шақыруды жөн көрмеймін». Имам Мәлик сөзін жалғап: «Біздің ұстанымымыз бойынша, исламнан шыққан адам тәубеге шақырылады. Тәубе етсе, оған жаза қолданылмайды. Тәубеден бас тартса, өлім жазасына тартылады», – деген.

Имам Мәлик сөзін былай жалғаған: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Дінінен шыққанды өлтіріңдер” деген сөзі исламнан басқа дінге өткен адамға қатысты. Өзге діннен тағы бір өзге дінге өткен адам, мысалы, яһудиліктен христиандыққа немесе мәжусилікке өткен кісі, бұл үкімге кірмейді. Зимми қауымынан біреу дінін осылай өзгертсе, тәубеге шақырылмайды әрі өлім жазасына тартылмайды».

Түсіндірме

Діннен шығуды «иртидат» немесе «риддә», ал исламнан шыққан адамды «мүртәд» деп атайды. Діннен шығу үлкен күнә саналып, адамның ізгі амалдарының сауабын жояды. Имам Мәлик хадисті түсіндіргенде, өз нанымын жасырып, мұсылман болып жүрген зындықтың ісі әшкереленгеннен кейінгі тәубесіне сенім арту қиын екенін айтқан. Сондықтан Мәлик мұндай адамды тәубеге шақырмайды және исламға оралғанын мәлімдесе де, тәубесін қабыл етпейді. Имам Шәфиғи олардың тәубесі қабыл болады деген. Әбу Ханифадан осы мәселе жөнінде екі түрлі пікір жеткен.

Сөздікте «зындық» ақыретке немесе Алланың Раббылығына сенбейтін, яки күпірлігін жасырып, өзін иманды етіп көрсететін адам деп түсіндірілген.

Діннен шыққан адам туралы хадистің сөзі жалпы айтылған. Имам Шәфиғи оны нақтылап, мәжбүрлеумен дінін өзгерткен адамды үкімнен тыс қалдырған. Ол дәлелге мына аятты келтірген: إِلَّا مَنْ أُكْرِهَ وَقَلْبُهُ مُطْمَئِنٌّ بِالْإِيمَانِ. «Кімде-кім иман келтіргеннен кейін Аллаға күпірлік қылса, ондайлардың басына Алланың қаһары жауады һәм олар үшін алапат азап бар. Алайда жүрегі иман нұрымен нұрланып, көңілі жай тапқан соң, қатты қысым көріп күпірлік сөзді еріксіз айтқан жанның жөні бөлек»2.

Автордың баяндауынша, хадистегі үкімнің ер адамдарды қамтитынына ғалымдар бірауыздан келіскен. Ахмад ибн Ханбал, Шәфиғи, Мәлик және көпшілік ғалым оны әйелге де қатысты деп түсінген. Имам Ағзам бұл пікірді құптамаған. Ханафилер әйелдерді өлтіруге тыйым салған риуаятқа сүйеніп: «Бұл үкім ерлерге қатысты, әйелдің үкімі бөлек», – деген. Сондай-ақ: «Әуел бастан мұсылман болмаған адамға қатысты тәубе ету талабы қойылмайтыны секілді, кейін күпірлікке түскен адамға қатысты да қойылмайды», – деп уәж айтқан.

Ханафилердің пікіріне қарсы уәж айтқандар Ибн Аббастың (р.а.) «Діннен шыққан әйелге де өлім жазасы қолданылады» деген сөзін дәлелге келтірген. Олар Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы кезінде діннен шыққан әйелдің жазаланғанын, сол уақытта тірі жүрген сахабалардың ешқайсысы қарсылық білдірмегенін де алға тартқан.

Жинақта Муазға (р.а.) Йеменге аттанарында Алла елшісі (с.а.с.) исламнан теріс айналған адамды қайта шақыруды, райынан қайтса, оған жаза қолданбауды, қайтпаса, өлім жазасына тартуды айтқаны баяндалады. Риуаяттың жалғасында осы шарт әйелге де қатысты қайталанады.

Зурқани: «Муаздан жеткен бұл риуаят талас тудырған мәселе жөніндегі нақты мәтін, сондықтан үкімі басшылыққа алынады», – деген.

Бұхари мен басқа жинақтарда Икримадан мына оқиға жеткен:

عَنْ عِكْرِمَةَ أَنَّ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حَرَّقَ قَوْمًا، فَبَلَغَ ابْنَ عَبَّاسٍ فَقَالَ: «لَوْ كُنْتُ أَنَا لَمْ أُحَرِّقْهُمْ، لِأَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: “لَا تُعَذِّبُوا بِعَذَابِ اللَّهِ”، وَلَقَتَلْتُهُمْ كَمَا قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: “مَنْ بَدَّلَ دِينَهُ فَاقْتُلُوهُ”». وَفِي رِوَايَةٍ: «أُتِيَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِزَنَادِقَةٍ فَأَحْرَقَهُمْ».

Икриманың жеткізуінше, Әли (р.а.) бір топ адамды өртеген. Мұны естіген Ибн Аббас (р.а.): «Әлидің орнында болсам, оларды өртемес едім. Алла елшісі (с.а.с.): “Алланың азабымен азаптамаңдар”, – деген. Бірақ өлім жазасына тартар едім. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.): “Кім дінін өзгертсе, оны өлтіріңдер”, – деген», – деді. Басқа нұсқада Әлиге зындық деп танылған адамдар әкелінгені айтылады.3

Ахмад ибн Ханбал, Әбу Дәуіт және Нәсәи жеткізген нұсқада мынадай қосымша бар: «Ибн Аббастың (р.а.) сөзі Әлиге жеткенде, ол: “Ибн Аббастың анасы жылады”, – деді». Кейбір ғалымдар мұны Әлидің Ибн Аббастың қарсылығын жақтырмағанының белгісі деп түсіндірген. Олардың пікірінше, Әли (р.а.) хадистегі тыйымды тахрими, яғни қатаң тыйым ретінде емес, тәнзиһи, яғни істен бойды аулақ ұстауға шақыратын тыйым ретінде түсінген. Әли өртеуге рұқсат бар деп санаған. Халид ибн Уәлид пен кейбір сахаба да осы пікірде болған. Автор олардың сол әрекетпен қарсы жаққа қаталдық танытып, сес көрсетуді көздегенін айтады.

Зурқани: «Бұл риуаят Әлиге телінген “Ибн Аббас дұрыс айтты” деген сөзге қайшы келмейді. Мұндай құптау да тыйымды тәнзиһи деп түсінуден туындайды», – деген. Ал Ибн Абдулбәрр риуаяттың бірнеше нұсқасында Әлидің әуелі өлім жазасын орындатып, содан кейін денелерін өртеткені айтылатынын көрсеткен.

Ибн Абдулбәррдің келтірген нұсқалары бойынша, Әли ол адамдарды тірідей өртетпеген.

Уқайли келтірген нұсқада шиғалардан бір топ адам Әлиге (р.а.) келіп былай дейді:

– Уа, мүміндердің әміршісі! Сен Солсың!

– Мен кіммін? – деп сұрайды Әли.

– Сен Солсың! – дейді олар.

– Сендерге не болған? Мен кіммін? – деп тағы сұрайды Әли.

– Сен Раббымызсың! – деп, олар көкейіндегісін ашық айтады.

Әли (р.а.): «Бұл ойларыңды дереу доғарып, тәубе етіңдер!» – дейді. Олар тәубеге келуден бас тартады. Риуаятта Әлидің оларды өлім жазасына тартып, кейін Қанберге отын әзірлеуді тапсырғаны және денелерін қазылған орда өртеткені баяндалады.

  1. 1Имам Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 15 (2/736). Зәйд ибн Әсләмнен жеткен нұсқа – мүрсәл.
  2. 2«Нахл» сүресі, 106-аят.
  3. 3Бұхари, «Жиһад», № 3017, «Мүртәдтерді тәубеге шақыру», № 6922.