عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «حَجَّ النَّبِيُّ ﷺ ثَلَاثَ حِجَجٍ، حَجَّتَيْنِ قَبْلَ أَنْ يُهَاجِرَ، وَحَجَّةً بَعْدَ مَا هَاجَرَ وَمَعَهَا عُمْرَةٌ، فَسَاقَ ثَلَاثًا وَسِتِّينَ بَدَنَةً. وَجَاءَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مِنَ الْيَمَنِ بِبَقِيَّتِهَا، فِيهَا جَمَلٌ لِأَبِي جَهْلٍ فِي أَنْفِهِ بُرَةٌ مِنْ فِضَّةٍ، فَنَحَرَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَأَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مِنْ كُلِّ بَدَنَةٍ بِبَضْعَةٍ، فَطُبِخَتْ وَشَرِبَ مِنْ مَرَقِهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) үш рет қажылық жасады. Һижрадан бұрын екі рет, һижрадан кейін бір рет қажылық жасап, соңғысына умраны қоса атқарды. Сол қажылыққа алпыс үш түйе айдатып әкелді. Әли (р.а.) қалған түйелерді Иеменнен алып келді. Араларында мұрнына күміс шығыршық тағылған, кезінде Әбу Жәһилге тиесілі түйе бар еді. Алла елшісі (с.а.с.) түйелерді құрбанға шалып, әр түйеден бір жапырақ ет алуды бұйырды. Бәрі бірге пісірілді, ол сорпасынан ішті»1.
Түсіндірме
1. Алла елшісінің (с.а.с.) һижрадан кейін жасаған қажылығы – Қоштасу қажылығы. Сол қажылықта жүз түйе құрбанға шалынған. № 1319 хадисте айтылғандай, түйелердің бір бөлігін Әли (р.а.) Иеменнен алып келген. Жоғарыдағы риуаяттағы «қалған түйелер» – солар.
2. Кезінде Әбу Жәһилге тиесілі, мұрнына күміс шығыршық тағылған түйе туралы № 1520 хадисте түсіндірме берілген. Ол түйе Бәдір шайқасында олжаға түскен.
3. Алла елшісінің (с.а.с.) әр түйеден алынған бір жапырақ етті бірге пісіртіп, сорпасынан ішуінің мәні бар. Еттен жегенде, әр түйенікінен дәм тату мүмкін болмас еді. Ал сорпада бәрінің үлесі бар. Осылайша ол әр құрбандықтың етінен дәм татқан болып есептеледі.
- 1Тирмизи, «Хаж», 6 (815). Риуаятты Тирмизи ғариб деп бағалаған. Мұхаммед әл-Бұхаридің пікірінше, бұл иснадпен жеткен нұсқа сақталған сенімді нұсқаға жатпайды.