Хадис

Кутуб ситтә, № 1573

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
203. Әртүрлі хадистер
Нөмірі
№ 1573 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1573
Кутуб ситтә, № 1573 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْحَاجِّ، قَالَ: الشَّعِثُ التَّفِلُ. قِيلَ: وَأَيُّ الْحَجِّ أَفْضَلُ؟ قَالَ: الْعَجُّ وَالثَّجُّ. قِيلَ: وَمَا السَّبِيلُ؟ قَالَ: الزَّادُ وَالرَّاحِلَةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «الشَّعِثُ» الْبَعِيدُ الْعَهْدِ بِتَسْرِيحِ شَعْرِهِ وَغَسْلِهِ. وَ«التَّفِلُ» التَّارِكُ لِلطِّيبِ وَاسْتِعْمَالِهِ. وَ«الْعَجُّ» رَفْعُ الصَّوْتِ بِالتَّلْبِيَةِ. وَ«الثَّجُّ» سَيَلَانُ الدَّمِ مِنَ الْهَدْيِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Қажы қандай адам?” – деп сұралды. Ол: “Шашы ұйпа-тұйпа, хош иіс жақпаған адам”, – деді.

“Қай қажылық абзал?” – деп сұрағанда: “Тәлбияны дауыстап айтып, құрбан шалған қажылық”, – деді.

“Сәбил деген не?” – деп сұрағанда: “Жол азығы мен мініс көлігі”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) қажының екі сипатын атаған: шашы таралмаған және хош иіс жақпаған. Шаш күтімі мен хош иіс жағудан тыйылу ихрам тәртібіне жатады.

2. Абзал қажылықты сипаттағанда тәлбия мен құрбанды атау арқылы қажылықтың басы мен соңына меңзеген. Ғалымдар мұның арадағы уәжіп және нәпіл амалдардың бәрін қамтитынын айтқан.

3. Соңғы сауал қажылықтың парыз екенін білдіретін аяттағы «сәбил» сөзінің мағынасына қатысты: مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا «Қағбаны зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы»2.

«Сәбил» сөздікте «жол» дегенді білдіреді. Мұндағы «жол табуды» шамасы жету, мүмкіндік табу деп түсінуге болады. Бұл тұста «мүмкіндік» сөзі ұғымды дәлірек береді. Алла елшісі (с.а.с.) қажылықты парыз ететін мүмкіндікті екі нәрсемен сипаттаған:

1. Зад – жол азығы. Оған қажының барып қайтуына қажет қаражатпен бірге өзі сапарда жүргенде асырауындағы адамдардың күнкөрісіне жұмсалатын қаражат та кіреді. Мөлшері қажының тұрмысына қарай есептеледі, орташа мөлшерді негізге алу орынды саналған.

2. Рахила – мініс көлігі. Бұған жол серігі мен сапар қауіпсіздігі сияқты жағдайларды да жанама түрде жатқызуға болады.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (2998, Жанан басылымында 3001). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 6 (2896).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 97-аят.