وَعَنْ أَبِي وَاقِدٍ اللَّيْثِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ النَّبِيَّ ﷺ يَقُولُ لِأَزْوَاجِهِ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ: هَذِهِ ثُمَّ ظُهُورُ الْحُصْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْحُصْرُ» جَمْعُ حَصِيرٍ، وَالْمُرَادُ: لَا تَخْرُجْنَ مِنْ بُيُوتِكُنَّ بَعْدَ هَذِهِ الْحَجَّةِ.
Әбу Уақид әл-Ләйси (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Қоштасу қажылығында жұбайларына: “Осы қажылық, содан соң үйлеріңдегі төсеніштер”, – дегенін естідім». «Хуср» – «хасир» («төсеніш») сөзінің көпше түрі. Мұнда «осы қажылықтан кейін үйлеріңде болыңдар» деген мағынада айтылған.1
Түсіндірме
1. Түсіндірушілердің айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығында жұбайларына: «Осы қажылықпен парыздарыңды өтедіңдер. Екінші рет қажылыққа бару уәжіп болмайды. Бұдан әрі үйлеріңде болыңдар», – деген мағынаны меңзеген.
2. Ғалымдар бұл хадистен қажылықтың бір-ақ рет парыз екенін де түйген. Әбу Дәуіт хадисті осы қырына қарай қажылық бөлімінің парыз туралы алғашқы тарауына енгізген.
3. Осы хадисті Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары Қоштасу қажылығынан кейін қажылыққа қайта бара алмайды дегенге дәлел еткендер бар. Өзге бір риуаятта: أَفْضَلُ الْجِهَادِ وَأَجْمَلُهُ حَجٌّ مَبْرُورٌ ثُمَّ لُزُومُ الْحُصْرِ «Жиһадтың ең абзалы әрі көркемі – қабыл болған қажылық, одан кейін үйде болу», – делінген. Бұл риуаятты да әйелдер парыз қажылықтан кейін үйлерінде қалуға тиіс деген мағынада түсінгендер болған. Алайда осы үкімге екі тұрғыдан қарсылық айтылған:
а) Әуелі, хадисте қайта қажылық жасауға анық тыйым жоқ делінген. Дәлел ретінде Бұхариде Айшадан (р.а.) жеткен мына риуаят келтірілген. Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Біз де сіздермен бірге жорыққа шығып, жиһадқа қатыспаймыз ба?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) былай жауап берген:
لَكِنَّ أَحْسَنَ الْجِهَادِ وَأَجْمَلَهُ الْحَجُّ، حَجٌّ مَبْرُورٌ.
«Алайда жиһадтың ең жақсысы әрі көркемі – қабыл болған қажылық».
Айша (р.а.): «Осы сөзді Алла елшісінен (с.а.с.) естігелі қажылықты тастаған емеспін», – деген. Ибн Мәжада келген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Айшаның (р.а.) сұрағына: نَعَمْ، عَلَيْهِنَّ جِهَادٌ لَا قِتَالَ فِيهِ: الْحَجُّ وَالْعُمْرَةُ – деп жауап берген.
«Иә, әйелдерге шайқассыз жиһад бар. Ол – қажылық пен умра».
Үммі Атия жеткізген риуаятта әйелдердің де жорыққа қатысып, науқастар мен жаралыларды емдегені айтылады.
Автордың пайымдауынша, Айша (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) қажылыққа шақырған осы сөздеріне сүйеніп, ерлердің жорыққа қайта шығуы мүбах болғаны сияқты, әйелдердің де қажылыққа қайта баруын мүбах деп түсінген.
Әзірет Омар (р.а.) алғашында бұл мәселеде тоқтамға келмей, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына қажылыққа баруға рұқсат бермеген. Кейін Айшаның (р.а.) дәлелін негізді көрсе керек, халифалығының соңында рұқсат еткен. Әзірет Осман (р.а.) да өз кезегінде оларды қажылыққа ертіп барған.
Бәйхақи былай дейді: «Айша жеткізген бұл хадис Әбу Уақид хадисінің мақсаты қажылықтың бір-ақ рет міндеттелетінін түсіндіру екенін көрсетеді. Ерлер секілді әйелдерге де қажылықты бірнеше рет жасаудың айыбы жоқ. Бұл – олардың үйде қалуы туралы әмірдің міндет жүктемейтініне дәлел».
3. Әбу Уақид риуаятын Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына Қоштасу қажылығынан кейін қайта бармауға берілген рұқсат деп түсіндірген. Өйткені олардың Алла елшісінен (с.а.с.) кейін қажылық жасағаны белгілі. Бұхаридегі риуаятта әзірет Омардың (р.а.) соңғы қажылығында оларға рұқсат беріп, бірге әзірет Осман мен әзірет Абдуррахманды (р.а.) жібергені айтылады. Ибн Сағд жеткізген бір риуаятта Үммі Мағбад бұл топты Қадидте қонып жатқанда кездестіргенін, жандарына барғанда сегіз әйелді көргенін айтқан. Ибн Сағд келтірген тағы бір риуаятта Әбу Исхақ әс-Сәбии Куфа әкімі Муғира ибн Шуғбаның тұсында Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларын үстіне жамылғы жабылған һәудажда2 қажылық жасап жүргенде көргенін айтады. Бұл шамамен һижраның елуінші жылдарына сәйкес келеді.
Ибн Сағдтың Айшадан (р.а.) жеткізген басқа бір риуаятына қарағанда, мүміндердің аналары қажылыққа бармақ болып, әзірет Османға (р.а.) жүгінеді. Ол: «Өзім де қажылыққа барамын. Сіздерді мен ертіп барайын», – дейді. Дүниеден өткен Зейнеп (р.а.) пен Сәудадан (р.а.) басқасының бәрі қажылыққа аттанады. Сәуда анамыз Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін өзі қайтыс болғанша үйінен шықпауды ұйғарған.
Ибн Сағд келтірген Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты да Зейнеп пен Сәудадан (р.а.) өзге жұбайлардың қажылық жасағанын растайды. Бұл екеуі: «Алла елшісінен (с.а.с.) кейін көлікке мінбейміз», – деп, үйлерінен шықпаған.
Ибн Сағд келтірген тағы бір риуаятта Айша (р.а.): مَنَعَنَا عُمَرُ الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ، حَتَّى إِذَا كَانَ آخِرُ عَامٍ فَأَذِنَ لَنَا «Әзірет Омар (р.а.) бізге қажылық пен умра жасауға рұқсат бермей жүрген еді. Соңғы жылы рұқсат етті», – деген.
Бұл риуаяттар Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін де мүміндер аналарының қажылық жасағанын растайды.