وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمَنْكِبِي وَقَالَ: «كُنْ فِي الدُّنْيَا كَأَنَّكَ غَرِيبٌ أَوْ عَابِرُ سَبِيلٍ». وَكَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: «إِذَا أَمْسَيْتَ فَلَا تَنْتَظِرِ الصَّبَاحَ، وَإِذَا أَصْبَحْتَ فَلَا تَنْتَظِرِ الْمَسَاءَ، وَخُذْ مِنْ صِحَّتِكَ لِمَرَضِكَ، وَمِنْ حَيَاتِكَ لِمَوْتِكَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ التِّرْمِذِيُّ بَعْدَ قَوْلِهِ «أَوْ عَابِرُ سَبِيلٍ»: «وَعُدَّ نَفْسَكَ فِي أَهْلِ الْقُبُورِ».
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) иығымнан ұстап: “Бұл дүниеде жат жұртта жүрген адамдай немесе жолаушыдай бол”, – деді».
Ибн Омар (р.а.) былай дейтін: «Кешке жетсең, таңды күтпе. Таңға жетсең, кешті күтпе. Ауырған шағыңа сау күніңде, өліміңе тірі күніңде қамдан».
Тирмизи риуаятында «немесе жолаушыдай бол» деген сөзден кейін «Өзіңді қабірдегілердің қатарында сана» деген сөз қосылған1.
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте құлшылыққа ден қойған адамды әуелі жат жұртта жүрген кісіге, содан соң жолаушыға ұқсатады. Жолаушы аялдаған жерінде рақатқа батып, тұрақтап қалуды көздемейді. Тынығып, сапарына қажет дүниесін түгендеген соң жолын жалғайды. Бөтен елдегі кісінің танысы да, сенетін адамы да аз. Сондықтан ол айналасына сақ қарайды. Жолаушы да өзіне қажет, көтеруге шамасы жететін жүгін ғана алады. Оған артық жүктің керегі жоқ. «Жат жұрттағы адамдай не жолаушыдай бол» деген өсиет дүниеге байланып қалмай, өлімнен кейінгі өмірге қамдануды меңзейді. Мәңгілік мекенге бастайтын сапардың азығы – ғибадат. Өсиеттің өзегі – дүниеге құнықпау, яғни зуһд. Имам Нәуәуи мұның мағынасын былай түсіндіреді: «Дүниеге алданба! Оны мәңгілік мекенім деп бой ұрма. Мұнда мәңгі қаламын деп ойлама. Шын отаныңа жеткенше, көңіл бөлуге тұрмайтын істерге берілме».
Кейбір ғалымдар хадисті былай түсіндірген: «Жолаушы – діттеген еліне бет алған адам. Пенде де дүниеде қожайыны бір істі тындырып келуге жат жерге жіберген кісі іспетті. Оның міндеті – тапсырманы тезірек орындап, кері қайту. Ол тапсырмасынан өзге іске көңілін бөлмейді. Сол сияқты мүмін де өзінің түпкі мекені ақырет екенін ұмытпауы керек. Бұл дүниеге құлшылық ету үшін келгенін біліп, өткінші нәрселерге байланып қалмасын. Бір күні қайтатын асыл мекенін ойынан да, жүрегінен де шығармауы керек».
2. Риуаяттың екінші бөлігі – Ибн Омардың (р.а.) өз сөзі. Сондықтан ол мауқуф хадис саналады. Дегенмен осы мағына Пайғамбарға телінген мәрфуғ риуаяттарда да кездеседі.
Хаким жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Бес нәрсе келмей тұрғанда бес нәрсенің қадірін біл. Қартаймай тұрып жастық шағыңның, ауырмай тұрып денсаулығыңның, кедейлік келмей тұрып байлығыңның, қарбаласқа түспей тұрып бос уақытыңның, ажалың жетпей тұрып өміріңнің қадірін біл», – деген. Кейбір ғалымдар Ибн Омардың (р.а.) жоғарыдағы сөздерін мәрфуғ хадистен алғанын айтады. Ол адамды ғұмырын шексіз көріп, құлшылықты ертеңге ысыра беруден сақтандырады. Ақылды адам кешке жетсе, таңды күтпейді, сол күнгі құлшылығын толық атқарады. Таңға жетсе, кешті күтпейді, әр істі өз уақытында орындайды. Өйткені ажалы таңға немесе кешке жеткізбей келуі мүмкін екенін естен шығармайды.
3. «Денің сау кезде сырқат шағыңа қамдан» деген сөздің мәні мынадай: «Денің сауында өлгеннен кейін пайдасы тиетін амалға асық. Қолдағы мүмкіндікті жібермей, жақсылықты кейінге қалдырма. Ауру аяқ астынан келіп, ізгі амалға бөгет болуы мүмкін. “Кейін жасармын” деп жүріп, ақыретке азықсыз аттанып кетпе». Ибн Хажар бұл өсиеттің «Пенде ауырса немесе сапарға шықса, оған дені сау, тұрғылықты кезінде үзбей жасаған амалдарының сауабы жазылады» деген хадиске қайшы келмейтінін айтады. Өйткені ол хадис игі амалды әдет еткен пенде туралы. Мүмін дені сау, жағдайы келіп тұрғанда жақсы ниетпен үзбей істеген амалын ауру, сапар немесе кәрілік салдарынан атқара алмай қалса, Алла тағала оның ниетіне сай сауабын кемітпей жазады. Ал қиындыққа сабыр еткені үшін алатын сауабы бұдан бөлек. Ибн Омардың ескертуі мүмкіндігі бола тұра еш амал жасамаған адамға қатысты. Ондай кісі ауырғанда дені сау кезін зая өткізгеніне өкінеді. Бірақ амал етуге шамасы келмей қалған шақта өкініші пайда бермейді.
4. Алла елшісі (с.а.с.) Абдулла ибн Омардың (р.а.) назарын аударып, арадағы жақындық пен сүйіспеншілікті нығайту үшін оны иығынан ұстаған. Пайғамбардың бұл әрекеті тәлім беретіндерге де үлгі. Ықыласпен тіл қату айтылған сөздің тыңдаушыға әсерін күшейтеді.
Алла елшісі (с.а.с.) бір адамға тіл қатқанымен, өсиетін бүкіл үмбетіне арнаған. Бұл риуаяттан оның үмбетіне жақсылық тілегені және адамдарды дүниеге байланып қалмай, өзіне керегімен қанағат етуге шақырғаны аңғарылады.
- 1Бұхари, «Риқақ», 2 (№ 6416). Тирмизи, «Зуһд», 25 (№ 2333, Жананда № 2334).