وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُعَاوِيَةَ الْغَاضِرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «ثَلَاثٌ مَنْ فَعَلَهُنَّ فَقَدْ طَعِمَ طَعْمَ الْإِيمَانِ: مَنْ عَبَدَ اللَّهَ وَحْدَهُ، وَعَلِمَ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَأَعْطَى زَكَاةَ مَالِهِ طَيِّبَةً بِهَا نَفْسُهُ رَافِدَةً عَلَيْهِ كُلَّ عَامٍ، وَلَمْ يُعْطِ الْهَرِمَةَ وَلَا الدَّرِنَةَ وَلَا الْمَرِيضَةَ وَلَا الشَّرَطَ اللَّئِيمَةَ، وَلَكِنْ مِنْ وَسَطِ أَمْوَالِكُمْ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَمْ يَسْأَلْكُمْ خَيْرَهُ وَلَمْ يَأْمُرْكُمْ بِشَرِّهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَمَعْنَى «رَافِدَةً عَلَيْهِ» أَيْ مُعِينَةٌ لَهُ عَلَى أَدَاءِ الزَّكَاةِ، غَيْرُ مُحَدِّثَةٍ نَفْسَهُ بِمَنْعِهَا، فَهِيَ تَرْفِدُهُ وَتُعِينُهُ. وَمَعْنَى «الدَّرِنَةِ وَالشَّرَطِ وَاللَّئِيمَةِ» رُذَالُ الْمَالِ وَصِغَارُهُ.
Абдуллаһ ибн Муғауия әл-Ғадири (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш істі атқарған адам иманның дәмін татады. Ол бір Аллаға ғана құлшылық етеді, Алладан басқа құдай жоқ екенін біледі, жыл сайын малының зекетін шын көңілмен, өз ықыласымен береді. Зекетке қартайған, қотыр басқан, ауру немесе ең нашар малын шығармайды, малының орташа күйдегісінен береді. Өйткені Алла тағала сендерден малыңның ең жақсысын сұраған жоқ, ең нашарын беруді де бұйырған жоқ”, – деді»1.
Түсіндірме
Алдыңғы хадистегідей, мұнда да иманның дәмін қалай татуға болатыны түсіндіріледі. Хадисте зекетке берілетін малдың сапасына ерекше мән берілген. «Рафидәтан аләйһи» тіркесі адамның зекет беруге ықылас танытып, оны іркіп қалуды ойламауын білдіреді. Аталған мал атаулары малдың жарамсызы мен тым ұсағын меңзейді. Зекет малдың орташа күйдегісінен алынады. Иесі қимайтын ең жақсы малын алу да, зекет алушының намысына тиетіндей құнсыз малды беру де жөн емес. Зекет жинаушыларға осы өлшемді сақтауды бұйыратын өзге хадистер де бар. Мәселен, отардан қой алынса, иесі айрықша бағып, көп еңбек сіңірген ең тәуір қойы алынбауға тиіс.
- 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 4 (№ 1582).