وَعَنْ طَلْحَةَ بْنِ عُبَيْدِ اللَّهِ قَالَ: جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ أَهْلِ نَجْدٍ ثَائِرَ الرَّأْسِ، نَسْمَعُ دَوِيَّ صَوْتِهِ وَلَا نَفْقَهُ مَا يَقُولُ، حَتَّى دَنَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَإِذَا هُوَ يَسْأَلُ عَنِ الْإِسْلَامِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «خَمْسُ صَلَوَاتٍ فِي الْيَوْمِ وَاللَّيْلَةِ». فَقَالَ: «هَلْ عَلَيَّ غَيْرُهُنَّ؟» قَالَ: «لَا، إِلَّا أَنْ تَطَوَّعَ». فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «وَصِيَامُ رَمَضَانَ». فَقَالَ: «هَلْ عَلَيَّ غَيْرُهُ؟» قَالَ: «لَا، إِلَّا أَنْ تَطَوَّعَ». وَذَكَرَ لَهُ الزَّكَاةَ، فَقَالَ: «هَلْ عَلَيَّ غَيْرُهَا؟» قَالَ: «لَا، إِلَّا أَنْ تَطَوَّعَ». فَأَدْبَرَ وَهُوَ يَقُولُ: «لَا أَزِيدُ عَلَى هَذَا وَلَا أَنْقُصُ مِنْهُ». فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَفْلَحَ إِنْ صَدَقَ»، أَوْ «دَخَلَ الْجَنَّةَ إِنْ صَدَقَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «أَفْلَحَ وَأَبِيهِ إِنْ صَدَقَ».
Талха ибн Убайдуллаһ былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) Нәжд өңірінен шашы ұйпа-тұйпа бір кісі келді. Даусы естілгенімен, не айтып тұрғанын ұға алмадық.
Ол Алла елшісіне (с.а.с.) жақындағанда ғана Ислам жайында сұрап тұрғанын білдік. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір тәулікте бес уақыт намаз оқу”, – деді. Әлгі кісі: “Осы бесеуінен басқа міндетім бар ма?” – деп сұрады.
Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, қаласаң, нәпіл намаз оқуыңа болады”, – деді де: “Рамазан оразасын ұстау да бар”, – деді. Әлгі кісі: “Одан басқа міндетті ораза бар ма?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, қаласаң, нәпіл ораза ұстауыңа болады”, – деді.
Алла елшісі (с.а.с.) оған зекет жайында да айтты. Ол: “Зекеттен басқа беруге міндетті нәрсем бар ма?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, қаласаң, нәпіл садақа беруіңе болады”, – деді. Әлгі кісі бұрылып бара жатып: “Бұған ештеңе қоспаймын да, бұдан ештеңе кемітпеймін де”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Сөзінде тұрса, құтылар”, – деді. Не болмаса: “Сөзінде тұрса, жәннатқа кірер”, – деді».
Әбу Дәуіттің бір риуаятында «Әкесінің атымен ант етейін, сөзінде тұрса, құтылар», – делінген1.
Түсіндірме
Бұл хадис Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт және Нәсәи жинақтарында келтірілген.
Имам Бұхари бұл кісінің Димам ибн Сағлаба екенін айтқан. Алайда кей ғалымдар Талхадан жеткен осы хадисті Бұхариде Әнастан (р.а.) риуаят етілген хадистен бөлек қарайды. Өйткені Әнастың риуаятында қажылық та аталады. Алла елшісіне келген адам өзі атқаруға міндетті құлшылықтарды анық білгісі келді. Сондықтан Пайғамбар (с.а.с.) оған Жәбірейілге берген жауабынан өзгеше жауап берді.
Әлгі кісінің даусы алыстан анық естілмеді. Жақындаған соң ғана оның сөзін ұға бастады. Алла елшісі (с.а.с.) бір құлшылықтың парыз екенін айтқан сайын, әлгі кісі:
– Бұдан басқа міндетім бар ма? – деп сұрайды.
– Жоқ. Өз еркіңмен қосымша атқаруыңа болады, – деп жауап береді.
Шафиғи және өзге де бірқатар ғалым бұл жердегі ерекшелеуді «мұнқатиғ истисна»2 деп түсіндірген. Олардың ұғынуынша, жауаптың мағынасы мынадай. «Бұдан басқа міндетің жоқ. Алайда қаласаң, нәпіл құлшылық атқарғаның құпталады».
Осыған сүйенген ғалымдардың пікірінше, басталған нәпіл құлшылықты аяқтау – мұстахаб, міндетті амал емес.
Ханафи мен мәлики ғалымдары мұны «мұттасыл истисна» деп түсіндіреді. Яғни «Бұдан басқа міндетің жоқ. Бірақ нәпіл құлшылықты бастап қойсаң, оны аяқтау міндетіңе айналады» деген мағына шығады.
Олардың уәжі бойынша, болымсыз сөйлемде ерекшеленіп көрсетілген нәрсеге кері үкім жүреді. Бұл жерде қосымша құлшылықтың әуелден міндетті екені терістеліп тұр. Ал басталған нәпіл құлшылық сол жалпы үкімнен тыс қалады. Сондықтан оны аяқтау міндетті деп есептеледі.
Сұрақ қойған кісінің «Уаллаһи, бұған ештеңе қоспаймын да, бұдан ештеңе кемітпеймін де» деген антына байланысты екі сауал туады.
Жақсылық жасаудан бас тартуға ант етуге шариғатта тыйым салынған. Ендеше, әлгі кісі қосымша құлшылық атқармауға қалай ант еткен?
Риуаятта барлық парыз, шариғат тыйымдары, сүннеттер мен мұстахаб амалдар түгел аталмайды. Ендеше, аталған істерден өзгені атқармауға ант беру сол амалдарды теріске шығарғандай болмай ма?
Бұхаридегі бір риуаяттың соңы әлгі кісінің ниетін айқындай түседі. Онда: «Алла елшісі (с.а.с.) оған Исламның үкімдерін түсіндірді. Сонда ол “Алланың атымен ант етемін, Алла маған парыз еткен істерге ештеңе қоспаймын да, оларды кемітпеймін де” деп, бұрылып кетті», – делінеді.
Демек, ол парыздарын кемітпей, толық атқаруға ант еткен.
Кей ғалымдар бұл әңгіме нәпіл құлшылықтар бекітілмей тұрып болған деп санайды. Енді біреулер әлгі кісі парыздардың белгіленген санын сақтауға, мысалы, бесіннің парызын бес рәкат етіп оқымауға ант етті деген. Бұл – әлсіз жорамал. Тағы бір пікір бойынша, ол нәпіл құлшылық атқармайтынын айтқан, өйткені парыздарын толық орындаған адам құтылуға үмітті. Дегенмен сүннеттерді тәрк ету шариғатта айыпталады. Тіпті сүннетті тәрк еткен адамның куәлігі қабылданбайды деген пікір де бар.
Мағриб ғалымдарының кейбірі анттың мәнін «Алланың атымен ант етемін, айтылғанның бәрін сол күйінде қабылдап, растадым. Бұған ештеңе қоспаймын да, бұдан ештеңе кемітпеймін де» деп ұғады. Бұл хадисте де, Әбу Һурайра жеткізген Жәбірейіл хадисінде де қажылық аталмаған. Осы тараудағы кей хадисте ораза, кейбірінде зекет айтылмайды. Ал басқа риуаяттарда туыстық байланысты сақтау не бес уақыт намаз аталады. Осылайша риуаяттарда санамаланған міндеттер бірдей емес. Қади Ияд және басқа ғалымдар мұны түсіндірген. Ибн әс-Салах олардың жауабын былай түйіндейді: «Мәселе хадистің Алла елшісінен жеткен-жетпегенінде емес, оны жеткізушілердің оқиғаны әрқилы қамтуында. Кей рауи оқиғаны өзі ұққанынша ықшамдап жеткізген. Бір риуаяттан толық көрінген хабардың кей тұстары өзге риуаяттарда ғана ашылады».