Хадис

Кутуб ситтә, № 14

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
2. Иман ақиқаты
Нөмірі
№ 14 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
14
Кутуб ситтә, № 14 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، وَقَالَ لَهُ رَجُلٌ: «أَلَا تَغْزُو؟» فَقَالَ: إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ الْإِسْلَامَ بُنِيَ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَحَجِّ الْبَيْتِ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бір кісі Абдулла ибн Омар ибн әл-Хаттабтан (р. анһума): «Жорыққа шықпайсың ба?» – деп сұрайды. Абдулла: «Мен Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Ислам бес негізге құрылған: Алладан өзге құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Қағбаға қажылық жасау және Рамазан оразасын ұстау”»1, – деп жауап береді. Хадисті Әбу Дәуіттен өзге аталған жинақ иелері риуаят еткен.

Түсіндірме

Имам Бәйһақидің айтуынша, Ибн Омарға сұрақ қойған кісінің аты – Хаким. Ибн Омар оның жиһадты әр адамға жеке міндеттелетін парыз айн деп білетінін аңғарғандықтан, осы хадиспен жауап берген. Негізінде жиһадтың үкімі – парыз кифая. Хадисте жиһадтың аталмауы оның парыз кифая екенін немесе хадис айтылған кезде әлі парыз етілмегенін білдіреді. Ал хадисте аталған бес амал – парыз айн.

Дауудидің айтуынша, жиһад әуелде парыз айн ретінде бекітілген. Мекке алынған соң, қарсы жақтан алыс тұратын мұсылмандарға бұл үкім жүрмейтін болды. Ал оларға жақын қоныстанған мұсылмандар үшін ол парыз күйінде қалды. Ибн Омар, Суфиян әс-Саури және Ибн Шубруманың пікірінше, жиһад әуелден әр адамға міндетті болған жоқ. Елге жау шауып, басшы мұсылмандарға оны тойтаруды бұйырғанда ғана парыз болады. Үмбет ғұламалары жиһадтың артықшылығы жөнінде ортақ пікірге келген. Оның парыз екені Құран, сүннет және ижмағ арқылы бекітілген.

Исламның шарттары бір хадисте «Алладан өзге құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету» деп беріледі. Өзге риуаяттарда «Алланы бір деп білу» немесе «Аллаға құлшылық ету» делінеді. Бұл айырмашылықтың себебі неде?

Ғалымдардың түсіндіруінше, бірінші хадистің сөзі сол қалпында, ал өзге риуаяттар мағынасы бойынша жеткізілген. Хадисті мағынасына сүйеніп риуаят ету жөнінде пікір көп. Имам Мәлік мұны құптамайды, ал көпшілік ғұлама рұқсат деп біледі. Дегенмен олар хадистегі сөздер мен тіркестердің өзара байланысын, мағыналық реңкін білмейтін адамның оны өз сөзімен жеткізуіне тыйым салынған деп есептейді.

Бұл хадистерде аталған бес амал неліктен діннің негізі саналады?

Құлшылық сөзбен, белгілі бір істен тыйылу немесе белгілі бір амалды орындау арқылы атқарылады. Кәлима шаһадат – сөзбен жасалатын құлшылық. Ораза кезінде адам ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылады. Ал амалмен атқарылатын құлшылықтың бірі денемен, бірі мал-мүлікпен, енді бірі екеуімен де орындалады. Намаз денемен, зекет мал-мүлікпен атқарылады. Қажылыққа дене күші де, мал-мүлік те жұмсалады.

Мұсылман сенуге тиіс пайғамбарлар, періштелер және өзге иман шарттары бұл хадистерде неліктен жеке аталмайды? Жәбірейіл хадисінде олардың бәрі аталған ғой.

Өйткені аталған бес шарттың біріншісі – куәлік ету. Ол Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) және оның жеткізген ақиқаттарының бәріне сеніп, оларды растауды білдіреді.

  1. 1Бұхари, «Иман», 1 (№ 8). Мүслим, «Иман», 22 (№ 16). Нәсәи, «Иман», 13 (№ 5001). Тирмизи, «Иман», 3 (№ 2609, Ибраһим Жанан басылымында № 2612).