1. Осы екі риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Минада айтқан құтбасы жөнінде мынадай деректер бар:
1) Алла елшісі (с.а.с.) құтбаны сәске мезгілінде айтқан.
2) Құтба шайтанға тас лақтыратын жердің маңында айтылған.
3) Алла елшісі (с.а.с.) құтбаны көліктің үстінде отырып айтқан.
4) Ол Минада кейбір топтардың қонатын жерін белгілеген. Қажылар сол нұсқауға сай жайғасқан.
5) Алла елшісінің (с.а.с.) даусы алыстағы қажыларға да жетсін деп, оның сөзін қайталап жеткізетін адамдар белгіленген. Әзірет Әли солардың бірі еді. Деректер бойынша, ол жерде шамамен 130 мың адам болған.
6) Жұрттың бір бөлігі отырып, бір бөлігі түрегеп тұрып тыңдаған.
7) Алла елшісі (с.а.с.) шайтанға лақтыратын тастың көлемін де көрсеткен. Бұдан оның қажылық рәсімдерін егжей-тегжейлі үйреткені байқалады.
8) Алла елшісі (с.а.с.) даусы анық естілсін деп, қолын көтеріп, екі сұқ саусағын құлағына қойған. Жинақтағы кейбір нұсқаларда «құлақ» сөзі жоқ, ал Әбу Дәуіттің риуаятында бар. Біләл Хабашидің азан шақырғанда солай жасағаны да риуаят етіледі. Азаншылар осы сүннетті ұстанады.
9) Хадис түсіндірмелерінде бірінші риуаят оқиғаны болған ретімен түгел баяндамағаны, рауидің есіне түскен кейбір тұстарын жеткізгені айтылады. Мысалы, екі саусақты құлаққа қоюды алдымен айтуға болар еді.
10) Ғалымдардың қажылықтағы құтбаның орны мен мезгілі жайлы пікірлері әртүрлі:
Ханафи және Мәлики ғалымдары Құрбан айттың алғашқы күні (йәум ән-нахр) қажылықтың арнайы құтбасы оқылмайды деген. Рауилер Алла елшісінің (с.а.с.) жоғарыдағы сөзін «құтба» деп атағанымен, бұл ғалымдар оны қажыларға берілген жалпы нұсқау деп түсінген. Олардың пікірінше, қажылықта мына күндері құтба оқылады:
1) Зүлхижжаның жетінші күні, 2) Арапа күні (Зүлхижжаның тоғызы), 3) Құрбан айттың екінші күні (Зүлхижжаның он бірі) құтба оқылады.
Имам Шафиғи Құрбан айттың алғашқы күні де құтба оқылады деп есептеген. Оның пікірінше, сол күні қажылар тас лақтырады, құрбан шалады, шашын алдырады және тауап етеді. Осы рәсімдерді түсіндіру үшін құтба қажет. Ол бұған жоғарыдағы хадистерді дәлел еткен. Сондай-ақ Құрбан айттың екінші күніне белгіленген құтбаны үшінші күні оқу керек деген.
Тахауи жоғарыдағы хадистегі сөзді қажылықтың арнайы құтбасы деп есептемеген. Оның пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) оны қажыларға жалпы нұсқау беру үшін айтқан.
Ибн әл-Қассар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөздерді алыстан келгендерге қажылық рәсімдерін үйрету үшін айтты. Оны көргендер құтба оқыды деп ойлады. Шафиғидің жұртқа ихрамнан шығарда орындалатын амалдарды үйрету керек деген уәжі негізді көрінбейді. Имам ол амалдарды Меккеде не Арафатта да түсіндіре алар еді».
Бұл пікірлерге мынадай жауап берілген: «Құрбан айттың алғашқы күніндегі құтба жайлы риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) сол күннің, Зүлхижжаның оныншы күнінің және Харам аймағының қасиеті туралы насихат айтқаны, ал сахабалардың оны құтба деп атағаны анық. Сондықтан өзге жорамалға жүгінудің қажеті жоқ. Қажыларға керекті мәліметті Арапа күні-ақ жеткізуге болады деген уәж де көңілге қонбайды. Өйткені алғашқы күні құтба оқылмайды дейтіндер Арафатқа бет алғаннан кейінгі амалдардың бәрін тәруия күні (Зүлхижжаның сегізі) үйретуге бола тұра, айттың екінші күні құтба оқылатынын мойындайды. Әр күннің өзіне тән рәсімі бар. Сондықтан сол күнгі амалдарды қайта үйрету орынды әрі қажет. Тахауидің айттың алғашқы күніндегі сөзді жалпы нұсқау деуіне Бұхариде келген Амр ибн әл-Астың (р.а.) риуаяты сай келмейді. Рауи Алла елшісінің (с.а.с.) құтбасына куә болғанын, кейбір сахабалар рәсімдердің орындалу ретінен жаңылғанда сұрақ қойып, жауап алғанын айтады» (№ 1461 хадисті қараңыз).