Хадис

Кутуб ситтә, № 1525

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
191. Ауру мен сырқат салдарынан бөгелгендер
Нөмірі
№ 1525 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1525
Кутуб ситтә, № 1525 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ الْحَجَّاجِ بْنِ عَمْرٍو الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَنْ كُسِرَ أَوْ عَرَجَ فَقَدْ حَلَّ وَعَلَيْهِ الْحَجُّ مِنْ قَابِلٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әл-Хажжаж ибн Амр әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Кімнің аяғы сынса немесе мертігіп жүре алмай қалса, ол ихрамнан шығады. Келесі жылы қажылық жасауы керек”, – дегенін естідім»1.

Түсіндірме

1. Қажылық үшін ихрамға кіріп, жолда бөгелгендер жөнінде Құранда فَإِنْ أُحْصِرْتُمْ فَمَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ «Егер бір себеппен жолдарың бөгеліп, толық атқара алмасаңдар, жағдайларыңа қарай бір құрбандық атаңдар. Құрбандық өзінің шалынатын жеріне жетіп, сойылғанға дейін шаштарыңды алмаңдар»2 делінген.

2. Хадисте сүйектің сынуы мен мертігу аятта рұқсат етілген себептерге жататыны айтылады. Мұндай жағдайдағы адам ихрамнан шығып, еліне қайта алады. Хаттабидің түсіндіруінше, келесі жылы қажылық өтеу міндеті парыз қажылыққа ниет еткен адамға қатысты. Нәпіл қажылығын осы себептен аяқтай алмаған адамға ихсар құрбанынан басқа міндет жүктелмейді. Имам Мәлік пен Шафиғидің пікірі де осындай.

Хаттаби бұл хадисті Әбу Ханифа мен Сәури секілді ғалымдардың дәлелі деп атаған. Олар дұшпан бөгемесе де, ауру мен өзге де үзір ихрамнан шығуға себеп болады деп санаған.

Әбу Ханифа мұндай кедергіге тап болған адам міндеттелген құрбанды шалып, кейін ұмраны да, қажылықты да өтейді деген.

Мужаһид, Шағби және Икрима келесі жылы қажылық жасау керек деген пікір айтқан.

3. Ғалымдар мертігу мен жарақат ихрамнан шығуға негіз болуы үшін олардың ихрамға кіргеннен кейін орын алуын шарт еткен.

  1. 1Тирмизи, «Хаж», 96 (940). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 44 (1862). Нәсәи, «Хаж», 102 (5/198–199).
  2. 2«Бақара» сүресі, 196-аят (үзінді).