وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ اشْتَرَىٰ هَدْيَهُ مِنْ قُدَيْدٍ، وَفَعَلَ ابْنُ عُمَرَ مِثْلَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) һәдисін Мекке мен Мәдинаның арасындағы Құдайдтан сатып алғаны айтылады. Ибн Омар (р.а.) да солай істеген1.
Ихсар, фәуат және підия
Түсіндірме
Бұл тарауда қажылық пен ұмра рәсімдерін орындауға кедергі келтіретін жағдайлар, соларға қатысты үкімдер және өтем түрлері баяндалады. Әуелі негізгі ұғымдарға тоқталайық.
Ихсар – қажылық не ұмра үшін ихрамға кірген адамның тауап немесе уақфа жасауына бөгет тууы. Оған дұшпан, ауру, жылан мен шаян шағуы және басқа да себептер негіз болуы мүмкін. Куфа ғалымдары мұны «сыну, ауру және қауіп» деп жинақтаған. Айнидің айтуынша, Әбу Ханифа мен мәзһаб ғалымдары Бәйтуллаға жетуге бөгет болатын ауруды, дұшпанды, сүйек сынуын, жол қаражатының жоғалуын және сол сияқты себептерді ихсарға жатқызған. Ләйс ибн Сағд, Мәлік, Шафиғи, Ахмад және Исхақ ихсардың осы үкімін тек дұшпан бөгеген жағдайға қолданған. Ихсарға ұшыраған адам, яғни мұхсар, Меккеге құрбандық малын не оның құнын жібереді. Белгіленген мерзім жеткенше ихрамнан шықпайды. Ханафилер бойынша, мал шалынғанда ихрамнан шығады, ал шафиғилер шаш алдыруды да шарт санайды. Имам Мәліктің пікірінше, бұл ұғым қажылыққа қатысты. Ұмраның қажылықтай шектеулі уақыты болмағандықтан, ұмраға шыққан адам Бәйтуллаға жеткенше ихрамнан шықпай, бөгет жойылғанын күтеді.
Фәуат – қажылық үшін ихрамға кірген адамның Арафатқа уақытында жете алмай, уақфаны өткізіп алуы. Арафат уақфасының уақыты арапа күні түстен кейін басталып, зүлхижжаның оныншы күні шынайы таң атқанша жалғасады. Осы аралықта Арафатта болмаған адам уақфаны өткізіп алған саналады.
Підия сөзінің негізгі мағынасы – тұтқынды босату үшін берілетін төлем. Мұны «ифда» деп те атайды. Қажылықта підия – қажылық немесе ұмра рәсіміндегі кемшілікті өтеу. Ондай тәртіп бұзушылық «жинаят» деп аталады. Підия құрбан шалу, садақа беру не ораза ұстау арқылы өтеледі.
- 1Тирмизи, «Хаж», 68 (907). Тирмизи Ибн Омардың өз амалы туралы Нафиғ жеткізген нұсқаны сенімдірек санаған.