وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَعْطَاهُ غَنَمًا يَقْسِمُهَا بَيْنَ أَصْحَابِهِ فَبَقِيَ عَتُودٌ فَذَكَرَهُ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: ضَحِّ أَنْتَ بِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ. وَفِي رِوَايَةٍ: «جَذَعٌ، فَقَالَ: ضَحِّ بِهِ».
Уқба ибн Амир (р.а.) былай жеткізді: «Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына бөліп беруі үшін оған бір отар ұсақ мал тапсырды. Бөлістен бір лақ артылып қалды. Уқба мән-жайды айтқанда, Алла елшісі: “Оны өзің құрбандыққа шал”, – деді».
Бір нұсқада Уқбаға жазағ қалғаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Оны құрбандыққа шал», – деген1.
الْعَتُودُ» مِنْ أَوْلَادِ الْمَعِزِ: مَا رَعَى وَقَوِيَ وَأَتَى عَلَيهِ حَوْلٌ. «وَالجَذَعُ» مِنَ الشَّاءِ: مَا دَخَلَ فِي الثَّانِيَةِ، وَمِنَ الْبَقَرِ وَالْحَافِرِ: مَا دَخَلَ فِي الثَّالِثَةِ، وَمِنَ الْإِبِلِ: مَا دَخَلَ فِي الْخَامِسَةِ.
Түсіндірме
1. Хадистегі «атуд» – оттай алатындай өскен ешкінің төлі. Оны бір жасар лақ деп түсіндіретіндер бар. Ибн Баттал бес айлық лақты да «атуд» деп атайтынын жазған. Осы риуаяттағы лақ бір жасқа толмаған болуы мүмкін. Ғалымдар бірнеше сахабаға лақ шалуға берілген рұқсатты жеке жеңілдік деп түсіндірген. Бұхариде Әбу Бурда айт намазына дейін құрбанын шалып қойғанын, қайта шалуға бір лағы барын айтады. Пайғамбар (с.а.с.) оған лақты шалуға рұқсат беріп, бұл рұқсат одан кейін басқаларға жүрмейтінін ескертті. Байһақи жеткізген осы риуаяттың бір нұсқасында да وَلَا رُخْصَةَ فِيهَا لِأَحَدٍ بَعْدَكَ «Сенен кейін бұған ешкімге рұқсат берілмейді» делінеді.
2. Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларына құрбандыққа деп өз малынан не соғыс олжасынан мал таратқанын көрсетеді. «Отар» деп аударылған сөз қойды, ешкіні, қозы мен лақты қамтиды. Таратылған малдың арасында ешкі мен лақ та болған.
Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, басшы мұқтаждарға мемлекет қазынасынан көмек бере алады деген.
3. «Жазағ» – малдың төлінің белгілі жасқа жеткенін білдіретін атау. Ибн Хажардың айтуынша, ол бір жасқа толған не толмаған төлге қолданылады. Кей ғалым алты, сегіз немесе он айды атаған. Ибн әл-Араби жазағ жасын малдың түріне қарай ажыратқан. Оның айтуынша, қозы алты айға, ешкі төлі бір жасқа, сиыр үш жасқа, түйе бес жасқа толғанда осы атауға лайық болады.
- 1Бұхари, Адахи 7, 2; Мүслим, Адахи, 15, (1965); Тирмизи, Адахи 7, (1500); Нәсәи, Дахая 13, (7, 218); ибн Мәжа, Адахи 7, (3138).