وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ غَدَاةَ الْعَقَبَةِ وَهُوَ عَلَى رَاحِلَتِهِ: هَاتِ الْقُطْ لِي فَلَقَطْتُ لَهُ حَصَيَاتٍ مِنْ حَصَى الْخَذْفِ. فَلَمَّا وَضَعْتُهُنَّ فِي يَدِهِ قَالَ: بِأَمْثَالِ هَؤُلَاءِ إِيَّاكُمْ وَالغُلُوَّ فِي الدِّينِ، فَإِنَّمَا هَلَكَ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ بِالْغُلُوِّ فِي الدِّينِ». أَخْرَجَهُمَا النَّسَائِي. «وَحَصَى الْخَذْفِ» بِالْخَاءِ الْمُعْجَمَةِ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Ақаба жамрасына тас лақтыратын күні таңертең Алла елшісі (с.а.с.) көлігінің үстінде отырып:
– Маған тас теріп бер, – деді. Мен саусақпен лақтыратындай ұсақ тастар теріп бердім. Тастарды алақанына салғанымда, ол:
– Осындай тастар лақтырыңдар. Дінде шектен шығудан сақтаныңдар. Сендерден бұрынғыларды дінде шектен шығу құрдымға кетірді, – деді»1.
Түсіндірме
Хадис әуелі лақтыратын тастың көлемін көрсетеді. حَصَى الْخَذْفِ – сұқ саусаққа қойып, бас бармақпен шертіп лақтыратындай ұсақ тас. Оны көбіне ноқаттың көлеміндей деп сипаттайды.
Алла елшісі (с.а.с.) «Осындай тастар лақтырыңдар» деп, Ибн Аббас терген тастардың көлемін құптаған. Дінде шектен шықпау жөніндегі ескерту жалпы мағынада да, осы рәсімге қатысты да түсініледі. Тас лақтыруда бұдан ірі тас немесе өзге зат лақтырмау және белгіленген саннан асырмау меңзеледі.
Пайғамбардың (с.а.с.) осы ескертуіне қарамастан, жамраларға ірі тас, қолшатыр, таяқ не аяқкиім лақтыратын, тас лақтыратын орынға жүгіріп барып, оны аяқпен таптағысы келетін кісілер де кездеседі. Қажылық рәсімдері – құлдың сыналатын амалдары. Олардың мәні дінде белгіленген тәртіппен, Алланың разылығын көздеп орындалуында. Орындалған рәсімдерден заттай нәтиже күту қажылықтың мәнін түсінбеуден туады. Жамраларға тас лақтырғандағы мақсат – Алланың әмірін орындап, разылығына жету. Шайтанның азғыруына адам әуелі өз ішінде қарсы тұрады. Мүмін бұл рәсімді Алла елшісі үйреткен әдеппен орындайды.
Ғалымдар шектен шықпау жөніндегі өсиетті кеңірек түсіндірген: «Еш істе шектен аспаңдар. Жақсы көргенде де, жек көргенде де шектен шықпаңдар. Діни мәселелердің ұсақ-түйегіне бойлап, себептерін іздеуде де шектен аспаңдар». Олар сенімде де, амалда да шектен шығу болатынына назар аударған. Христиандардың Исаны (а.с.) шектен тыс жақсы көріп, оны құдай дәрежесіне көтеруі осыған мысал ретінде келтірілген.
- 1Нәсәи, «Қажылық», 217 (№3057).