وَعَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ ابْنِ عَبَّاسٍ بِعَرَفَةَ فَقَالَ: مَا لِي لَا أَسْمَعُ النَّاسَ يُلَبُّونَ؟ قُلْتُ: يَخَافُونَ مِنْ مُعَاوِيَةَ. فَخَرَجَ مِنْ فُسْطَاطِهِ وَهُوَ يَقُولُ: لَبَّيْكَ اللَّهُمَّ لَبَّيْكَ فَإِنَّهُمْ قَدْ تَرَكُوا السُّنَّةَ عَنْ بُغْضِ عَلِيٍّ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.
Сағид ибн Жубәйр былай дейді: «Арафатта Ибн Аббаспен (р.а.) бірге тұрған едім. Ол менен:
– Жұрттың тәлбиясын неге естімеймін? – деп сұрады. Мен:
– Муғауиядан (р.а.) қорқады, – дедім. Сонда ол:
– Ләббәйк, Аллаһумма ләббәйк! Бұлар Әлиді ұнатпағандықтан сүннетті тәрк етті, – деп шатырынан шықты»1.
Түсіндірме
Синди: «Бұл риуаят Арафатта тәлбия айту жайындағы пікірталастың неден туғанын және қай пікірдің негізді екенін көрсетеді», – дейді. Дегенмен риуаяттардың арақатынасын анықтамай тұрып, кесімді үкім айтуға болмайды.
Ибн Аббас (р.а.) тәлбияны التَّلْبِيَةُ شِعَارُ الْحَجِّ «қажылықтың нышаны» деп санаған. Оның пікірінше, ол ихрамнан шығуға бастайтын тас лақтыру рәсіміне дейін жалғасады. Көпшілік ғалым осы ұстанымда. Ал Әли, Айша, Ибн Омар, Имам Мәлик және Мәдина фақиһтарының көпшілігі тәлбияның Арафа күні түске, яғни уақфаға дейін айтылатынын жеткізген. Сондықтан Арафа күні түстен кейін тәлбия айтпау Әлидің көзқарасы саналады. Мәлики ғалымы Зурқани Алла елшісіне жақын болған Әли мен Айшаның тәлбияны осы кезде тоқтатқанын және көп ғалымның осыны ұстанғанын Фадл ибн Аббастың сахих хабарына басымдық бермеудің ең қуатты дәлелі деп санаған. Сахабалар өзге мәселелер сияқты бұл жөнінде де түрлі пікір ұстанған. Сондықтан хабарлардың бәрін ескеру керек. Автордың пайымдауынша, бұл риуаятта саяси таластың ізі бар әрі сахабаларға мін тағу байқалады. Ғалымдар сахабаға мін тағылған хабар мен ондай мін тағылмаған хабар қайшы келсе, соңғысына басымдық береді. Осы риуаятты талдамай тұрып, Синдидің асығыс түйінін қабылдау қиын. Бұл нұсқа Нәсәи жинағында ғана келтірілген әрі өзге риуаяттардан өзгеше. Ибн Хажар Тахауиден жеткен бір риуаятты талдай келе, қажылардың уақфада тәлбияны өзге зікірмен айналысқандықтан тоқтатқанын айтады. Ол осы түсіндірме пікірлерді үйлестіреді деп есептейді.
- 1Нәсәи, Хажж 197 (5, 253).