وَفِي أُخْرَى لَهُ: «دَخَلَ فَمَضَى حَتَّى إِذَا كَانَ بَيْنَ الْأُسْطُوَانَتَيْنِ اللَّتَيْنِ تَلِيَانِ الْبَابَ جَلَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ تَعَالَى وَأَثْنَى عَلَيْهِ وَسَأَلَهُ وَاسْتَغْفَرَهُ ثُمَّ قَامَ حَتَّى أَتَى مَا اسْتَقْبَلَ مِنْ دُبُرِ الْكَعْبَةِ فَوَضَعَ وَجْهَهُ وَخَدَّهُ عَلَيْهِ وَحَمِدَ اللهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ وَسَأَلَهُ وَاسْتَغْفَرَهُ ثُمَّ انْصَرَفَ إِلَى كُلِّ رُكْنٍ مِنْ أَرْكَانِ الْكَعْبَةِ فَاسْتَقْبَلَهُ بِالتَّكْبِيرِ وَالتَّهْلِيلِ وَالتَّسْبِيحِ وَالثَّنَاءِ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى وَالْمَسَأَلَةِ وَالِاسْتِغْفَارِ ثُمَّ خَرَجَ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ مُسْتَقْبِلَ وَجْهِ الْبَيْتِ ثُمَّ انْصَرَفَ فَقَالَ: هَذِهِ الْقِبْلَةُ». «الْقَصْوَاءُ» الَّتِي قُطِعَ طَرَفُ أُذْنِهَا، وَلَمْ تَكُنْ نَاقَةُ النَّبِيّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَذَلِكَ وَإِنَّمَا كَانَ لَقَبًا لَهَا.
Нәсәидің басқа бір риуаятында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға кіріп, алға жүрді. Есікке жақын екі бағанның арасына келгенде отырды. Аллаға мадақ айтып, тілек тілеп, кешірім сұрады. Содан кейін Қағбаның артқы қабырғасына дейін барып, жүзі мен бетін қабырғаға тигізді. Аллаға мадақ айтып, дұға етті, кешірім сұрады. Қағбаның әр бұрышына кезек барып, тәкбір, тәһлил және тәсбих айтты. Алланы мадақтап, тілек тілеп, кешірім сұрады. Сыртқа шыққаннан кейін Қағбаға бет бұрып, екі рәкәғат намаз оқыды. Намаздан соң: “Құбыла – осы”, – деді»1. «Қасуа» деп құлағының ұшы кесілген түйені атайды. Алла елшісінің түйесінің құлағы кесілмеген еді. Бұл оның лақап аты болатын.
Түсіндірме
1. Алдыңғы он бір риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға кіруі, оны зиярат етуі, ішінде намаз оқуы және қай тұста қандай дұға жасағаны жөніндегі деректерді толықтырады. Ғалымдар осы мәселелерді әр қырынан түсіндірген. Сол пікірлердің маңыздыларына тоқталамыз.
1) Алла елшісі Қағбаға қашан кірген?
Ғалымдар үш ықтимал уақытты атаған:
1. Қаза умрасы кезінде.
2. Мекке алынған күні.
3. Қоштасу қажылығында.
Қаза умрасы кезінде кіруі ықтимал деген жорамал әлсіз саналған, сондықтан көп талқыланбаған. Ол кезде Қағба пұттарға толы еді. Алла елшісі (с.а.с.) ондай жерге кірмейтін. Худайбия келісімінде Меккеде үш күн аялдау көзделгенімен, Қағбаға кіру туралы шарт болмаған.
2. Мекке алынған күні. Бұл пікірді қуаттайтын риуаяттар бар. Ибн Хажар №1403 және №1404 хадистерге сүйеніп, Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға Мекке алынған күні кірген дейді. Пайғамбарға Қағбаның кілтін әкелген Осман ибн Талха туралы төменде толығырақ айтылады. Ол жәһилият дәуірінен бері Қағбаны күтіп, кілтін сақтаған.
3. Қоштасу қажылығында. Бәйһақи мен бірқатар ғалым осы пікірді ұстанған. Айшадан жеткен №1398 хадис те оны қуаттайды. Ал Мекке алынған күні кіргенін айтқандар бұл хабарды Пайғамбардың Мәдинаға оралған соң Айшаға айтқан болуы мүмкін деп түсіндіреді. Қоштасу қажылығында кірген деп есептейтіндердің кейбірі Қағбаға кіруді қажылықтың бір рәсімі санаған.
Бұл пікірді қолдағандар көп болмаған. Бұхари Ибн Омардың бірнеше рет қажылық жасағанымен, Қағбаға кірмегенін келтіреді. Ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға кіргенін жеткізген ең белгілі риуаятшылардың бірі еді. Сүннетті берік ұстанған оның қажылықта Қағбаға кірмеуін Бұхари бұл істің қажылық рәсімі еместігіне жеткілікті дәлел санаған.
4. Мекке алынған күні де, қоштасу қажылығында да кірген. Бірқатар ғалым риуаяттарды осылай үйлестірген. Бұл пікір Қағба ішінде намаз оқыған-оқымағаны туралы хабарларды да түсіндіреді. Бұхариге түсіндірме жазған Мухаллаб: «Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған жылы Қағбаға кіріп, екі рәкәғат оқыған, кейін қоштасу қажылығында да кірген. Соңғы кіргенінде намаз оқымаған», – дейді. Ибн Хиббан да екі хабарды әр уақытта болған екі оқиға деп қараған.
Нәуәуи бұған келіспей, Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға Мекке алынған күні кіргеніне күмән жоқ екенін айтқан. Ибн Хажар әр пікірдің дәлелін келтіріп, олардың бірін түпкілікті таңдамаған. Хадистен түйген үкімдерінің арасында Қағбаға кірудің мұстахаб екенін атаған.
2) Қағбаның ішіндегі намаз
Талас туғызған мәселе – Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқыған-оқымағаны. №1400–1402 хадистерде Біләл Хабаши (р.а.) Алла елшісінің Қағба ішінде екі рәкәғат оқығанын жеткізеді. №1405–1408 риуаяттарда Усама ибн Зәйдтен (р.а.) оның Қағба ішінде намаз оқымағаны айтылады.
Ибн Хажар тағы бір жайтқа назар аударады. Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадында» Ибн Омар Усамадан Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқығанын да жеткізеді.
Осы тақырыптағы сахих риуаяттар әртүрлі келген. Ғалымдар олардың мәнін ашып, бірнеше жолмен үйлестіруге тырысқан:
1) Біләл (р.а.) намаздың оқылғанын көргенін айтқандықтан, оның хабары негізге алынады. Бір хабар істің болғанын растап, екіншісі болмағанын айтса, болғанын растайтын хабарға басымдық беріледі.
2) Біләлдің (р.а.) риуаяты бірізді. Усамадан келген нұсқалар әртүрлі. Мәселен, Ибн Омар Усаманың «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбада намаз оқыды» деген сөзін де жеткізген.
3) Нәуәуи екі риуаятты былай үйлестіреді: «Қағбаға кіргендер дұға жасай бастады. Усама Алла елшісінің (с.а.с.) дұға еткенін көрді. Усама бір шетте дұға жасап жатқанда, Алла елшісі басқа тұста екі рәкәғат намаз оқыды. Жақын тұрған Біләл мұны көрді. Алысырақ тұрып дұғамен айналысқан Усама көрмей қалды. Есік жабық болғандықтан іші қараңғы еді. Араларындағы бағандар да оған кедергі жасауы мүмкін. Усама көргеніне сүйеніп, намаз оқылмады деген болуы ықтимал». Мухибб әт-Табари Усаманың сол аралықта сыртқа шығып, Алла елшісі намаз оқыған сәтте ішінде болмауы мүмкін екенін айтқан.
Бұл болжамды Әбу Дәуіт әт-Таялиси жеткізген риуаят қуаттайды. Усама онда: «Қағбаға Алла елшісімен (с.а.с.) бірге кірдім. Ол іштен суреттерді көріп, су алып келуімді сұрады. Су әкелгенімде, оны суреттерге шашып, оларды жуды», – дейді. Мұны қуаттайтын өзге риуаяттар да бар.
Ғалымдардың бір тобы Қағбадағы намаз туралы риуаяттардың біріне басымдық бермей, екеуін басқаша үйлестірген:
а) «Намаз оқыды» деген нұсқалардағы «салат» сөзі тілдік мағынасында, яғни «дұға жасады» деген мәнде қолданылған. «Намаз оқымады» деген нұсқаларда ол ғибадат атауы ретінде келген. Қағба ішінде парыз да, нәпіл де намаз оқуды мәкруһ санағандар осы түсіндірмені таңдаған. Алайда рәкәғат санын көрсеткен №1402 секілді риуаяттар бұл түсіндірмеге сыймайды.
ә) «Намаз оқыды» деген хабарлар нәпіл намазды, «намаз оқымады» дегендері парыз намазды меңзеуі мүмкін. Құртуби осы пікірде. Мәлики мәзһабында да осы түсіндірме негізге алынған.
б) Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға екі рет кіріп, бірінде намаз оқып, екіншісінде оқымаған болуы мүмкін. Осы пікірді ұстанғандар Пайғамбардың Қағбаға Мекке алынған күні ғана кіргенін айтқандарға риуаяттар оның сол күні екі рет кіруін жоққа шығармайды деп жауап берген.
3) Намаздың орны мен түрі
Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқығаны кеңінен қабылданған. Риуаяттарда оның орны мен қалай оқылғаны да айтылады. Ибн Омар Алла елшісінің намаз оқыған жерін сұрап білген, өйткені Қағбаға онымен бірге кіргендердің қатарында болмаған. №1400 хадисте айтылғандай, Алла елшісімен бірге Усама, Біләл және Осман кірген. Бір нұсқада Фадл ибн Аббас та аталады. Олар кіргеннен кейін есік жабылған.
Әзрақидың Мекке туралы еңбегінде Халид ибн Уәлид сыртта есік күзетіп, жиналған жұрттың ішке ұмтылуына бөгет болғаны айтылады.
Алла елшісі (с.а.с.) шыққан соң ішке алғаш кірген – Абдулла ибн Омар. Ол сол сәтті «Жас әрі қайратты едім» деп еске алған. Жұрттың арасынан өтіп, Біләлге Алла елшісінің намаз оқыған-оқымағанын, оқыса қай жерде оқығанын сұраған. Кейбір риуаятта рәкәғат санын сұрауды ұмытқанын өзі айтады. Ол Пайғамбар намаз оқыған жерді сол тұста өзі де ғибадат ету үшін сұраған. Оның пайымдауынша, Қағбаның сол тұсында оқылған намаздың сауабы мол. Риуаяттар Қағбаның сол кездегі ішкі көрінісін де сипаттайды. Ішінде үш-үштен екі қатарға қойылған алты баған болған. Пайғамбар алдыңғы қатардағы екі бағанның ортасында, қарсы қабырғадан үш шынтақтай жерде, алдына сутра қоймай екі рәкәғат оқыған. Намаз оқыған тұста қызыл мәрмәр тас болған.
Ибн Хажар бұл риуаяттар Қағбаның Ибн Зубәйр тұсындағы қирауына дейінгі көрінісін сипаттайтынын айтады. Абдулла ибн әз-Зубәйр қоршауда атылған тастардан бүлінген Қағбаны Ибраһим (а.с.) қалаған іргетасына дейін бұзып, қайта тұрғызған.
4) Қағбада намаз оқуға бола ма?
Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқуы ғалымдар арасында үкімге қатысты пікірталас туғызған. Ибн Аббас Қағбаның ішінде намаз оқуға болмайды деп санаған. Өйткені адам іште тұрғанда Қағбаның бір бөлігіне арқасын береді. Ал Қағбаға бет бұру жөніндегі әмірді ол бүкіл Қағбаға бағытталу деп түсінген. Мәликилердің бір бөлігі, заһирилер және Табари осы пікірде болған.
Әл-Мазари былай дейді: «Мәлики мәзһабында Қағба ішінде парыз намаз оқуға болмайды, оқыған кісі оны қайта оқиды деген пікір кең тараған». Кейбір ғалымдар білместікпен оқыған кісінің де қайта оқуын қажет санаған.
Тирмизи Имам Мәликтің нәпіл намаз оқуға рұқсат бергендігін жеткізеді. Нәуәуи кейбір ғалымдардың көзқарастарын келтіре отырып Қағбаның ішіндегі намаз сыртындағыдан абзал екендігін айтады. Алайда көпшілік ғалымдар сыртта оқудың абзал екендігіне бірауыздан келіскендіктен, бірауыздан абзал деп қабылдау таласты түрде абзал деп қабылдағаннан артық. Ғалымдардың басым көпшілігі Қағбаның ішінде намаз оқуды мұстахаб деп санаған. Бұл үкімді айтуда сүйенген дәлелді №1398 хадисте жазып өттік.
5) Қағбаның есігі не себепті жабылған?
Ғалымдар арасында дау тудырған тақырыптарның бірі осы. Алла елшісі Қағбаға кірген соң есігін неге жаптырған? Ибн Баттал: «Бұл жердегі хикмет халықтың Қағбаның ішіне кіргенін көріп, сүннет деп ойлап қалуынан сақтану» деп тұжырымдаған. Бұл жорамал сын көтермейді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) бұлай ойлағанда ешкімге білдірмей, жасырын барар еді. Әйтпесе бірнеше адам үшін мұстахаб болған амалдың, басқалар үшін де мұстахаб болары анық.
Есіктің жабылуына қатысты бірқатар көзақарстар айтылған:
• Қағбаның ішінде әр жерде намаз оқи алу үшін есік жабылған. Өйткені есікке бағытталған жағдайда Қағбаның бір-бөлігіне емес, сыртқа бағытталып қалады.
• Ханафиларде есік ашық күйде намаз оқуға болады.
• Шәфиғилерде Қағбаның есігі ашық күйде намаз оқуға болатындығын айтады.
• Қағбаның үстінде оқылатын намазға қатысты да әртүрлі көзқарастар айтылған.
6) Кейбір қосымша мағлұматтар
Бұл риуаяттардан жоғарыда айтып өткендерден басқа да пайдалар мен сырлардың бар екендігіне назар аудартады:
1. Сахабаның сахабадан риуаят етуі.
2. Абзалырақ нәрсе бар бола тұра, абзалырақ емесімен шектелуге болатындығы.
3. Ахад хабарды дәлел ретінде қабылдау.
4. Ибн Омардың (р.а.) сүннетті үйренуге деген жанкештілігі мен артықшылығы.
5. Сахабалардың ішінде абзал болғандары барлық нәрседе де алда дегенді білдірмейді. Әзірет Әбу Бәкір, әзірет Осман, әзірет Талха сынды үлкен сахабалардың ешбірі Алла елшісінің Қағба зияратында қасында болмаған.
6. Жалғыз оқитын намаздарда, мешіттерде тіреулердің артында емес, арасында да оқуға болады.
7. Мешіттерге есік салуға болады және жабуға рұқсат.
8. Алдыдан басқа біреулер өту мүмкін деген қауіп болған жағдайда сутра қою бұйырылған. Алла елшісі (с.а.с.) екі тіректің арасында тұрып, тіректердің бірінің артына өтіп, сутра жасамаған. Олай жасауының себебі де дуал жақын болғандықтан деп айтылады.
9. Намаз оқыған адам сутра қоятын қашықтық үш адымнан алыс болмауы керек. Кейбір ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбада намаз оқығанда дуалмен үш адым арақашықтықта болғанын білдіретін риуаятты дәлел ретінде қолданған.
10. Ғалымдардың «Харам мешітінің сәлем намазы тауап» сөзі Қағбаның ішіне қатысты емес сыртына қатысты. Өйткені Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйесімен келіп, шөктіріп, бірден Қағбаға кіріп, сонда екі рәкәғат сәлем намазын оқыған. Бұл намаз – сәлем намазы болуы мүмкін. Қағба өз алдына бөлек мешіт болуынан туындауы да мүмкін. (Яғни Қағбаны айналасынан бөлек алып қарағанда ол Харам мешіті емес, өз алдына жеке дара мешіт. Басқаша айтқанда, айналасындағы Матаф, Мақам, Рукн, Хижр, Зәмзәм құдығымен бірге Харам мешіті болады)
11. Қағбаның ішінде намаз оқу – мұстахаб. Алайда оған кіру арқылы ешкімге қиындық тудырмау керек. Ибн Аббастың: «Қағбаға кірудің қажылыққа еш қатысы жоқ» деп айтқандығы риуаят етілген. Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға Меккенің жеңісінде кіргенін айтқандардың тұрғысынан бұның қажылыққа ешбір қатысы жоқ екендігі анық. Өйткені ол кезде Алла елшісі ихрамсыз болатын.
12. Бұл риуаяттар «Күндізгі нәпіл намаздар екі рәкәғаттан оқылады» деп айтқандарға дәлел болады.
13. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Бұл (үй) құбыла» деген сөзін Хаттаби былай түсіндірген: «Бұл сөзбен Алла елшісі (с.а.с.) «Құбыла мәселесі осы үйге бағытталу арқылы нақты бекітілген. Сондықтан қияметке дейін құбыланы ешкім өзгерте алмайды, үкім жойылмайды, намазды үнемі осыған бағытталып оқимыз» дегісі келген.
Осы сөзбен «Харам мешітінде имамның орнын бекітуі де ғажап емес. Имам Қағбаның бұрыштарына немесе жан жағына емес тура өзіне бағытталады. Намаз бір шетіне бағытталып оқылса, қабыл болғанымен сүннет болғаны осы».
Нәуәуидің пікірінше хадистің мағынасы «Құбыла барлық харам аймағы немесе Мекке немесе Қағбаның айналасындағы мешіт емес, Қағбаның өзі» деген.
7) Осман ибн Талха
Мүслим келтірген №1404 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған күні Усамамен бірге келіп, Қағбаның алдында түйесін шөктіргені және Осман ибн Талхадан кілтті сұратқаны айтылады.
Осман ибн Талха ибн Әбу Талха (р.а.) Құрайыш тайпасынан шыққан. Әл-Хажаби деген лақап аты Қағбаға қатысты қызметінен қалған. Ол Қағбаны күзетіп, кілтін сақтаған. Кілтті беруден бас тартқан анасының аты – Сулафа, оны Үммі Сағид деп те атаған.
Әкесі Талха мен көкесі Осман ибн Әбу Талха Ұхұд шайқасында мұсылман болмай тұрып қаза тапқан. Османды Хамза (р.а.), Талханы Әли (р.а.) өлтірген. Османның Мусафи, Жулас, Харис және Килаб есімді бауырлары да сол шайқаста қаза болған.
Осман ибн Талха Худайбия бітімінен кейін Халид ибн Уәлидпен (р.а.) бірге мұсылман болып, Мәдинаға қоныс аударған. Риуаят бойынша, Нәжәшиден қайтып, Мәдинаға көшуді көздеген Амр ибн әл-Ас жолда Османмен кездеседі. Екеуі жолдас болып, Мәдинаға бірге барады. Алла елшісі (с.а.с.) оларды көргенде: «Мекке сендерге ең қымбат адамдарын жіберіп отыр», – деген.
Осман (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Мәдинада тұрып, Меккені алуға қатысты. Мекке алынған күні Алла елшісі Қағбаның кілтін Осман мен немере ағайыны Шәйба ибн Осман ибн Әбу Талхаға беріп: «Мұны мәңгіге алыңдар. Оны сендерден тек залым ғана тартып алады», – деді. Алла елшісі дүние салған соң Осман Меккеге қайтып, һижраның 42-жылы дүние салғанға дейін сонда тұрған. Басқа бір деректе оның Әжнәдин шайқасында шейіт болғаны айтылады. Пайғамбар Османға тапсырған хижаба немесе сидана қызметі жәһилият дәуірінен бері осы әулетке тиесілі еді. Бұл әулетті хажабиюн деп атаған. Хижаба Қағбаның күтімін, күзетін және кілтін сақтауды қамтыды. Кілтті ұстау абыройлы міндет еді. Хажибтің рұқсатынсыз ешкім Қағбаға кірмейтін. Мекке алынған күні Алла елшісі қажыларға су беру мен Қағбаны күту қызметтерін қалдырып, өзге қызметтерді тоқтатты.
Ғалымдар былай деген: «Бұл әулеттен Қағбаның кілттерін алу ешкімге рұқсат етілмеген. Бұл қызметті оларға Алла елшісі берген. Оларда мәңгі қалады. Олардан кейін ұрпақтары алады. Бұл істе оларға қарсы келуге, ортақтасуға болмайды. Бұл ұрпақ бар кезде, осы істі жалғастырады».
- 1Бұхари, «Қажылық», 51, 52, 54, «Мағази», 48, 77, «Салат», 30, 81, 96, «Таһажжуд», 25, «Жиһад», 127. Мүслим, «Қажылық», 388–397 (№1329–1332). Мәлик, «Муатта», «Қажылық», 193 (1/398). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 93 (№2023). Нәсәи, «Мәсәжид», 5 (2/33–34), «Қажылық», 126, 127, 131, 139 (5/216–221), «Құбыла», 6 (5/217). №1408 риуаяттың осы мәтіні – Нәсәи, №2914.