Хадис

Кутуб ситтә, № 1387

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
166. Сафа мен Мәруа арасындағы сағи
Нөмірі
№ 1387 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1387
Кутуб ситтә, № 1387 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمْ يَطُفِ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَلَا أَصْحَابُهُ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ إِلَّا طَوافًا وَاحِدًا طَوافَهُ الْأَوَّلَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары Сафа мен Мәруа арасында бір-ақ рет сағи жасады. Ол – олардың алғашқы сағиы еді»1.

Түсіндірме

1. Риуаятта Сафа мен Мәруа арасындағы «тауап» сөзі сағиды білдіреді.

2. Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, қажылық пен ұмраны қатар атқарған кісіге екеуі үшін бір сағи жеткілікті. Алла елшісі (с.а.с.) мен бірқатар сахаба қиран, қалғандары таматтуғ қажылығын жасады. Қиран жасаған кісі ұмра тауабынан кейін сағи жасап қойса, ифада тауабынан кейін оны қайталамайды. Нәуәуи бұл риуаятты қиран жасағандарға қатысты деп түсіндірген. Оның айтуынша, таматтуғ жасаған сахабалар екі сағи атқарған. Біріншісін келген күні ұмра үшін, екіншісін Құрбан айттың алғашқы күні қажылық тауабымен бірге жасаған. Нәуәуи риуаятты қиран жасаған кісіге бір тауап пен бір сағи жеткілікті деген Шәфиғи мен оның ізбасарларының дәлелі деп санаған. Ибн Омар, Жәбир, Айша, Таус, Ата, Хасан әл-Басри, Мужаһид, Имам Мәлик, Ибн әл-Мәжәсун, Ахмад, Исхақ, Дәуіт пен Ибн әл-Мунзир де осы пікірде болған.

Екінші пікір бойынша, қиран қажылығын жасаған кісі де екі тауап пен екі сағи орындайды. Әбу Ханифа, Шағби, Нахағи, Жәбир ибн Зәйд, Абдуррахман ибн әл-Әсуад, Сәури мен Хасан ибн Салих осы пікірді ұстанған. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен екі пікірдің бірі де осыған сай. Сахабалардан Әли мен Ибн Мәсғудтың (р.а.) осылай үкім бергені риуаят етілген.

Үшінші пікір бойынша, қиран мен таматтуғ қажылығының екеуінде де бір тауап пен бір сағи жеткілікті. Хадистің сыртқы мағынасы осыған келеді. Ахмад ибн Ханбалдың ұлы әкесінің осылай үкім бергенін жеткізген. Бұл мәселе № 1285 хадисте де қарастырылды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 54, (1895); Нәсәи, Қажылық 182, (5/244); Мүслим, Қажылық 140, (1215) Ибн Мәжа, Мәнәсик (2972).