وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ أَخْنَعَ اسْمٍ عِنْدَ اللَّهِ رَجُلٌ تَسَمَّى مَلِكَ الْأَمْلَاكِ، لَا مَالِكَ إِلَّا اللَّهُ تَعَالَى». قَالَ سُفْيَانُ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: مِثْلُ شَاهَانْ شَاهْ. قَالَ أَحْمَدُ بْنُ حَنْبَلٍ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: «سَأَلْتُ أَبَا عَمْرٍو رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى عَنْ أَخْنَعَ فَقَالَ: أَوْضَعُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алланың алдында ең қор есім – адамның өзіне “Мәликул-әмләк” (“патшалардың патшасы”) деген атақ беруі. Алладан өзге шынайы билік иесі жоқ».1
Суфиян ибн Уәйна бұл атақтың парсыша «шаһаншаһ» сөзімен мәндес екенін айтқан. Ахмад ибн Ханбал былай деген: «Әбу Амрдан “ахнағ” сөзінің мағынасын сұрадым. Ол “ең төмен, ең қор” деп жауап берді»2.
Түсіндірме
Ибн Хажардың түсіндіруінше, кей ғалымдар Суфиян ибн Уәйнаның араб сөзін басқа тілмен түсіндіргеніне таңданған, енді бірі оны сынаған. Ибн Хажар мұндай сын оның мақсатын дұрыс ұқпаудан туған деп есептейді. Сол заманда «Шаһаншаһ» атағы кең тараған еді. Суфиян хадистегі ескерту арабша «Мәликул-әмләк» атағын да, өзге тілдердегі соған мағыналас атақтарды да қамтитынын аңғартқан.
Ғұламалар хадистегі қатаң ескертуге сүйеніп, адамға мұндай атақ беруді харам санаған. Бұл үкім мағыналас атақтарға да таралады. Мысалы, «Ахкамул-хакимин» («үкім шығарушылардың ең әділі»), «Сұлтанус-салатин» («сұлтандардың сұлтаны»), «Әмирул-умара» («әмірлердің әмірі») деген атақтар осы қатарға жатады. Кей ғалымдар «Хакимул-хуккам» («қазылардың қазысы») атағын да Аллаға ғана тән үкім иелігін білдіреді деп түсінген. Оны «Мәликул-әмләкке» ұқсатып, қолданудан тартынған діндарлар көп болған.