Хадис

Кутуб ситтә, № 922

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
146. Әртүрлі қырағатқа берілген рұқсат
Нөмірі
№ 922 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
922
Кутуб ситтә, № 922 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Омар

عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ هِشَامَ بْنَ حَكِيمِ ابْنِ حِزَامٍ يَقْرَأُ سُورَةَ الْفُرْقَانِ عَلَى حُرُوفٍ كَثِيرَةٍ لَمْ يُقْرِئْنِيهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَكِدْتُ أَنْ أُسَاوِرَهُ فِي الصَّلَاةِ فَتَرَبَّصْتُ بِهِ حَتَّى سَلَّمَ فَلَبَّبْتُهُ بِرِدَائِهِ. فَقُلْتُ: مَنْ أَقْرَأَكَ هَذِهِ السُّورَةَ؟ قَالَ: أَقْرَأَنِيهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ. فَقُلْتُ: كَذَبْتَ، إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَقْرَأَنِيهَا عَلَى غَيْرِ مَا قَرَأْتَ. فَانْطَلَقْتُ بِهِ أَقُودُهُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي سَمِعْتُ هَذَا يَقْرَأُ سُورَةَ الْفُرْقَانِ عَلَى حُرُوفٍ كَثِيرَةٍ لَمْ تُقْرِئْنِيهَا. فَقَالَ: أَرْسِلْهُ. اقْرَأْ يَا هِشَامُ. فَقَرَأَ الْقِرَاءَةَ الَّتِي سَمِعْتُهُ يَقْرَأُ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَكَذَا أُنْزِلَتْ. ثُمَّ قَالَ لِي: اقْرَأْ يَا عُمَرُ. فَقَرَأْتُ الْقِرَاءَةَ الَّتِي أَقْرَأَنِي. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَكَذَا أُنْزِلَتْ، إِنَّ هَذَا الْقُرْآنِ أُنْزِلَ عَلَى سَبْعَةِ أَحْرُفٍ فَاقْرَءُوا مَا تَيَسَّرَ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. «الْمُسَاوَرَةُ» الْمُوَاثَبَةُ.

Қазақша аудармасы

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай дейді: «Хишам ибн Хаким ибн Хизамның “Фурқан” сүресін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған үйретпеген бірнеше түрде оқығанын естідім. Намаз үстінде оған бас сала жаздадым. Өзімді ұстап, оның сәлем бергенін күттім. Намазын аяқтағанда, жағасынан ұстап: “Бұл сүрені саған кім осылай үйретті?” – деп сұрадым. “Алла елшісі үйретті”, – деді. Мен: “Өтірік айтасың. Алла елшісі оны маған сен оқығаннан басқаша үйретті”, – дедім де, Хишамды Алла елшісіне алып бардым.

Оған: “Уа, Алланың елшісі, мына кісінің ‘Фурқан’ сүресін өзіңіз маған үйретпеген бірнеше түрде оқығанын естідім”, – дедім. Ол: “Оны босат”, – деді де: “Хишам, оқы”, – деді. Хишам мен естігендей оқып берді. Алла елшісі: “Осылай түскен”, – деді. Сосын: “Омар, сен оқы”, – деді. Мен де өзіме үйретілгендей оқып бердім. Сонда Алла елшісі: “Осылай да түскен. Бұл Құран жеті қаріп бойынша түсірілген. Өздеріңе жеңіл келген түрімен оқыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранның жеті қаріп бойынша түсірілгенін айтады. «Жеті қаріп» дегенді қалай түсінеміз?

Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Ибн Хажар Қуртубиден олардың саны отыз беске жететінін жеткізеді. Қуртуби бұл санды Ибн Хиббаннан алған.

Осы тақырыпқа тікелей қатысты бірнеше пікірге тоқталайық.

1. Бір түсіндірмеде «жеті қаріп» тіркесі «жеті түрлі оқу» дегенді білдіреді. Құранды солардың қайсысымен де оқуға рұқсат. Бұдан әр сөз бен сөйлемнің жеті оқылымы бар деген қорытынды шықпайды. Кейбір сөздердің оқылымы жетеуге дейін жетеді. Одан көп нұсқада оқылатын сөздер де бар, бірақ олар сирек.

Оқылу түрі жетіден көп болған сөздердің бар екені жайлы хадистегі «жеті» саны арасындағы қайшылықты түсіндіру бабында мыналар да айтылған: «Хадистегі «жеті» саны ауыспалы мағынада айтылған, тура мағынасындағы жеті санын білдірмейді. Бұл ойды жеңіл жеткізу үшін қолданылатын тәсілге жатады. Араб тілінде «жеті» саны оннан аз сандарда көпше түрді білдіру үшін қолданылады. Дәл ондық сандарда көптікті білдіру үшін «жетпіс» санының, ал мыңдық сандарда көптікті білдіру үшін «жеті жүз» санының қолданылғаны секілді». Қади Ияз бен бір топ ғұламалардың пікірі осындай.

2. Омар мен Хишамның оқиғасы қырағат жөніндегі келіспеушіліктің Алла елшісі (с.а.с.) тірі кезінде-ақ болғанын көрсетеді. Убәй ибн Кәғб пен Ибн Мәсғудтан (р.анһума) жеткен риуаяттарда да осындай оқиғалар кездеседі.

3. Құран сүрелері Алла Елшісіне (с.а.с.) бір мәрте түсе тұра «жеті қаріп бойынша түсірілді» тіркесі бір сүренің жеті мәрте түсірілуі мүмкін деген жорамалды туындатады. Ғалымдар бұны былай түсіндіреді: әр рамазан айында сол кезге дейін түскен барлық уахилерді Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейіл (а.с.) періштеден тыңдайтын, сосын мешітте жамағатқа оқитын. Демек, солардың әрбірінде әртүрлі қырағат үйретілген. Өйткені Бұхаридің бір риуаятында: «Құранды Жәбірейіл (а.с.) маған бір қаріп бойынша оқытты. Мен оған өтініш жасап одан көп қаріп бойынша оқытуын талап еттім, ол көбейтті, мен тағы да арттыруын сұрадым, ол тағы арттырды, осылайша жетіде тоқтадық», – дейді.

4. Тирмизидегі бір риуаят бұл жеңілдіктің кімдерге қажет болғанын түсіндіреді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейілге: «Мен сауат ашпаған үмбетке жіберілдім. Арасында қарт әйел, егде кісі, ұл бала, қыз бала және бұрын ешбір кітап оқымаған адам бар», – дейді. Сонда Жәбірейіл былай жауап береді:

يَا مُحَمَّدُ إِنَّ الْقُرْآنَ أُنْزِلَ عَلَى سَبْعَةِ أَحْرُفٍ.

Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед, Құран жеті қаріп бойынша түсірілген», – деді.2 Бір аяттан ақыл-есі, ғылыми деңгейі, әлеуметтік жағдайы, тіпті өмір сүрген кезеңі өзгеше болған адамдардың пайдалануы, әртүрлі мағыналар шығаруы – оның жеті қаріп бойынша түсірілуінің ең тамаша көрінісі және дәлелі.

5. Құранның жеті қаріп бойынша түсірілуі түрлі болжамдар тудырса да, ол жерде сан-сапа сөз болып отырған жоқ. Осы өзгешеліктердің сенімді болуы Расулалладан сахих риуаяттармен жетуіне байланысты. Өйткені аталмыш риуаят осыны көрсетеді. Әзірет Омар да, әзірет Хишам да өз «қаріптерін» Расулалладан естігенін айтқан. Сондай-ақ, Расулалланың аузынан шықпаған «мутәрадифтермен» де оқылғанын көрсететін риуаяттар бар. Мысалы, әзірет Омар (р.а.) ибн Мәсғудтың حَتَّى حِينَ сөзін زعَتَّى حِينَ деп оқығанын естіген кезде: «Құран Хузәйл диалектісі бойынша түспеді, ел-жұртқа Құрайыш диалектісі бойынша оқы, ешқашан Хузәйл диалектісі бойынша оқыма» деп жазбаша ескерту жасайды. Сондай-ақ, осындай мысалдар әзірет Осман кезінде бекітілген ижмағтан бұрынғы уақытқа қатысты.

6. Осман (р.а.) Құранды Құрайыш тілінің үлгісімен жаздырып, сол үлгімен оқуды бұйырған. Осылайша үмбет ортақ мұсхафқа ұйысты. Сахабалардың келісімі бұл шешімге ижмағ сипатын берді.

Осы ижмағқа қарамастан, ғалымдар Құранды жеті қаріппен оқу рұқсатының күші сақталған-сақталмағанын талқылаған. Табари мен бірқатар ғалым тек Зәйд ибн Сәбит оқыған түрге рұқсат бар деп санаған.

Ашғари рұқсат негіз болғанмен, оған тыйым салудың мүмкін еместігін айтып, былай дейді: «Мұсылмандар Алла тарапынан түсірілген және оқылуына рұқсат берілген қырағаттарға тыйым салудың жайыз болмайтындығына бір ауыздан келіскен. Алланың рұқсат еткен нәрсесіне қарсы шығуға ешкімнің ақысы жоқ. Бұл жеті қаріп қырағаттарымызда бар. Алайда Құранның ішінде шашыраңқы түрде бар және қай жерлерінде екені белгісіз. Соған байланысты тәуәтур арқылы жеткен жерлерде бір қаріпті басқасынан бөліп-жармай Құранды түрліше оқуға рұқсат. Мысалы, Нафиғтың әрпін әл-Кисаи мен Хамзаның әріптерімен бірге жаттауға болады. Мұнда ешбір қиындық жоқ. Өйткені Алла Тағала құлдарына жеңіл болсын деп Құранды жеті қаріп бойынша түсірген».

Қырағат мәселесінде сахабалардың ижмағ еткеніне сенген Хаттаби былай деген: «Бұл мәселеде ең ақылға қонымды сөз мынау: «Құран кәрім оқушыға қолайлы түрде келгендіктен, оқи алуы үшін жеті қаріп бойынша түсірілген. Бұл – рұқсат. Алайда бұл рұқсат мағынасы бір-біріне сәйкес немесе бір-біріне жақын болған жерлерде рұқсат. Сосын бұл – қырағат мәселесінде сахабалардың ижмағынан бұрынғы кезеңде де рұқсат берілген еді. Ал қазір ижмағқа қарама-қайшы қырағатқа рұқсат жоқ».

Тахауи де осыған жақын пікір айтады. Оның пікірінше, «Жеті қаріп бойынша қырағат, әсіресе Исламның әуел басындағы зәрулікке орай рұқсат еді. Өйткені араб тайпалары арасында айтарлықтай диалектілік өзгешеліктер бар еді. Барлығын үйрену қиын болғаны секілді, бәрін де бір диалектіге бейімдеу де мүмкін емес болатын. Мұсылмандар арасында оқу-жазуды білетіндердің саны артқаннан кейін бұл мәжбүрлік жойылып, қырағаттар біріктірілді».

Бұл мәселеде ең сенімді түсіндірме – ибн Мәсғудтікі. Осы сахаба (р.а.) хадисте айтылған «жеті қаріптің» араб диалектілері екенін меңзеп, былай дейді: «Мен әртүрлі тайпалардан Құран оқығандардың қырағаттарын тыңдадым. Бәрі де мағына жағынан бір-біріне жақын еді. Сендер өзара «келіңіз» деген мағынадағы «һалумма», «ақбил» дегендерің секілді, бұдан былай қалай үйренген болсаңдар, солай оқыңдар».

7. Көпшілік ғалымдар «жеті қаріп» тіркесі «араб диалектілерін» білдіретінін құптап, мына диалектілерді айтқан: Құрайыш, Хузайл, Сақиф, Хауазин, Кинана, Тәмим, Йемен.

Құран һижреттен бұрын тек Құрайыш диалектісімен оқылатын. Һижреттен кейін Ислам әртүрлі тайпаларға тарала бастағанда, әртүрлі оқылуға қажеттілік туындап, соған байланысты, жоғарыда айтылғандай, жеңілдік үшін Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) диалектілерге қарай оқылу үшін қайта-қайта рұқсат сұраған, әр мәртесінде сұрауына оң жауап беріліп, оның саны жетіге дейін шыққан. Осы рұқсат та, жоғарыда айтылғандай, ардақты Пайғамбардың үйрету шартына байланысты еді. Әзірет Османнан кейін қайтадан Құрайыш тіліне оралған.

8. Жеті қырағат3

Алла елшісіне (с.а.с.) дейін тәуәтур жолымен жеткен жеті мәшһүр қырағаттың имамдары:

1. Нафиғ ибн Абдуррахман ибн Әбу Нуғайм әл-Ләйси (169/785).

2. Абдулла Ибн Кәсир әл-Мәкки (120/737).

3. Әбу Амр ибн әл-Ағла әл-Мазини әл-Басри (154/770).

4. Ибн Амир Әбу Имран Абдулла әл-Яхсуби (118/736).

5. Әбу Бәкір Асым ибн Әбин-Нәжуд әл-Куфи (127/744).

6. Хамза ибн Хабиб ибн Аммар (156/772).

7. әл-Кисаи Әбу әл-Хасан Али ибн Хамза (189/804).

Бұл қырағаттарды имамдардан кейін олардың мәшһүр шәкірттері жалғастырған.

Жинақ авторы өз дәуірінде кең қолданыста болған үш оқылымды атап өтеді.

1. Асымның Хафс жеткізген қырағаты. Мұсылмандардың көбі осы риуаятты ұстанады, мұсхафтар да көбіне осы үлгімен басылады.

2. Нафиғтың Уәрш жеткізген қырағаты. Мысырдан басқа Солтүстік Африка елдерінде кең тараған.

3. Әбу Амрдың қырағаты. Автор аталған үш оқылымның ішіндегі ең аз тарағаны осы екенін және оны Суданның бір бөлігінде қолданғанын айтады.

  1. 1Бұхари, «Фәдәил әл-Құран», 5, 27, «Хусумат», 4, «Тәухид», 53. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 270 (№818). Әбу Дәуіт, «Салат», 357 (№1475). Тирмизи, «Қырағат», 2. Нәсәи, «Салат», 37 (2/150–152). Мәлик, «Муатта», «Құран», 5 (1/202).
  2. 2Тирмизи, «Қырағат» (№2944).
  3. 3Ибнул-Жәзәри бұл жеті қырғатқа мына үшеуін де қосып, қырағат санын онға жеткізген: 1– Халаф ибн Хишам әл-Бәззар әл Бағдади (V. 229/ 843). 2– Әбу Жағфар Иәзид ибнул Қағқағ әл-Махзуми әл-Мәдәни (V. 130/ 747). 3– Әбу Мұхаммед Яқуб ибн Исхақ әл-Хадрами (V. 205/ 820).