وَفِي أُخْرَى عَنِ ابْنِ مُغَفَّلٍ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَلَى نَاقَتِهِ يَقْرَأُ سُورَةَ الْفَتْحِ وَيُرَجِّعُ فِي قِرَاءَتِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Муғаффал (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) түйе үстінде “Фәтх” сүресін оқығанын көрдім. Оқығанда дауысын құбылтып, тәржиғ жасады», – дейді.1
Түсіндірме
Ибн Муғаффалдың осы риуаяты Алла Елшісінің (с.а.с.) таржиғ бойынша Құранды тиләуат жасағанын көрсетеді. Таржиғтың дауысты тамақта ойнатып әндету екенін, Құран кәрімнің бұлай оқылуының тыйым салынғанын жоғарыда (№906 хадистің түсіндірмесінде) айтып өттік. Арадағы осы қарама-қайшылық хадисшілердің аталмыш хадис мәселесінде әртүрлі болжам айтуына себеп болған. Өйткені таржиғтың тыйым салынғаны анық. Алайда осы риуаят та сахих һәм бұл хадистің Бұхаридің «Китабут-Тәухид» бөліміндегі нұсқасында Алла Елшісінің (с.а.с.) таржиғты қалай жасағаны суреттелген, бір әлифті дауыстап үш бөлек әлиф секілді آ آ آ етіп оқығаны айтылған. Тіпті хадисті ибн Муғаффалдан жеткізген Муғауия ибн Қурра былай айтады: «(Даусыма) халықтың жиналуынан қорықпасам, ардақты Пайғамбардың қалайша таржиғ жасағанын ибн Муғаффалдың маған көрсеткеніндей мен де сендерге көрсетер едім».
Қуртуби «Мұндағы мақсат – мәдд жасалатын орында әлифтің жеткілікті мөлшерде созылуы» деп, тыйым салынған нәрсенің таржиғ еместігін меңзеген. Кейбіреулер ибн Муғаффал естіген таржиғ «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйенің үстінде болғандықтан, түйенің теңселуінен туындаған болуы мүмкін» деп айтқан. Осы пікірді құптаған ибн Әсир қосымша ретінде таржиғпен оқуды Расулалланың тек Мекке жеңісі кезінде ғана жасағанын айтады. Өйткені таржиғпен оқығанын көрсеткен риуаят жеңіс күніне қатысты. Нәуәуи «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранды таржиғпен оқыған» дейді.
Хадиске түсіндірме жазған ғалымдар тәржиғтың бұл түріне қатысты кесімді үкім айтпаған. Алла елшісінен (с.а.с.) сахих риуаят жеткендіктен, бұл мәселеде сақтық танытқан.
Әртүрлі хадистердегі ләхын (әуенмен оқу), таржиғ және тағанни (әсемдеу, әрлеу) жайлы бұйрықтардан Құран кәрімнің жағымды да тартымды жолмен оқылу керектігін түсінген ибн Хажар былай дейді: «Мынаны анық білемін, адам нәпсісі әуенмен оқылған қырағатты тыңдау кезінде сезінген қызығушылығы әуенсіз оқылған қырағаттан артық. Өйткені ұнамды нәрсе жүректі тебірентсе де, мұңға бөлесе де өте әсерлі».
Алдыңғы буын ғалымдары Құранды ән сарынына салып оқуға қатысты әртүрлі пікір айтқан. Құранды әдемі дауыспен оқудың құпталатынына келгенде пікірлері бір.
Абдулуаһһаб әл-Мәликидің риуаяты бойынша, Имам Мәлик әуенге салып оқудың харам екенін айтқан. Сондай-ақ, Әбут-Тайиб әт-Табари, әл-Мәуәрди, ибн Хамдан әл-Ханбали секілді бірқатар ғалымдар осындай көзқараста екені риуаят етілген.
Ибн Баттал, Ияд, Қуртуби секілді кейбір Мәликилер, Мәуәрди, әл-Бәндәнижи және Ғазали секілді Шәфиғилер, Сахибуз-Заһира секілді Ханафилер мәкруһ екенін риуаят еткен. Әбу Яғла мен ибн Акил секілді кейбір Ханбалилер де осы көзқарасты қолдаған. Ал кейбір сахабалар мен табиғиндер рұқсат екенін риуаят еткен. Шәфиғидің де үкімі дәл сондай. Әбу Ханифаның да үкімі осындай екенін Тахауи риуаят етеді.
Шафиғи ғалымы әл-Фурани бұлай оқуды рұқсат, тіпті мұстахаб деп санаған. Ғалымдар пікірінің алшақтығын әріптердің дұрыс дыбысталуына қойылатын шарттармен түсіндірген.
Әріп дұрыс айтылмаса, әндетіп оқудың харам екеніне ғұламалардың бір көзқараста екенін имам Нәуәуи «әт-Тибиянда» былай келтірген: «Ғұламалар Құран кәрімнің оқылуында дауысты әсемдеудің мұстахап екеніне бір ауыздан келіскен (ижмағ), тек мәдд оқылатын, яғни дауысты дыбыстың созылып оқылуы кезінде белгіленген шектен артық созбау керек. Егер шектен шығып, бір әріпті артығымен айтса немесе бір әріпті жасырса, дұрыс болмайды.
Имам Шафиғи: «Әуенге салу бір сөздің дұрыс дыбысталуын бұзса, мұндай оқу харам», – деген.
- 1Бұхари, Фәдәил әл-Құран 24, 30, Мағази 48, Тәпсір, Фәтх 1, Тәухид 50; Мүслим, Мусафирин 237, (794); Әбу Дәуіт, Салат 355, (1467).