Хадис

Кутуб ситтә, № 887

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
140. «Насыр» сүресі
Нөмірі
№ 887 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
887
Кутуб ситтә, № 887 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُدْخِلُنِى مَعَ أَشْيَاخِ بَدْرٍ فَكَأَنَّ بَعْضَهُمْ وَجَدَ فِي نَفْسِهِ. فَقَالَ: لِمَ تُدْخِلُ هَذَا مَعَنَا وَلَنَا أَبْنَاءٌ مِثْلُهُ؟ فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّهُ مِمَّنْ عَلِمْتُمْ، فَدَعَانِى ذَاتَ يَوْمٍ فَأَدْخَلَنِى مَعَهُمْ فَعَلِمْتُ أَنَّهُ مَا دَعَانِي إِلَّا لِيُرِيَهُمْ. فَقَالَ: مَا تَقُولُونَ فِي قَوْلِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ: إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ فَقَالَ بَعْضُهُمْ: أُمِرْنَا أَنْ نَحْمَدَ اللَّهَ وَنَسْتَغفِرَهُ إِذَا نُصِرْنَا وَفُتِحَ عَلَيْنَا. وَسَكَتَ بَعْضُهُمْ فَلَمْ يَقُلْ شَيْئًا. فَقَالَ: أَكَذَا تَقُولُ يَا ابْنَ عَبَّاسٍ؟ قُلْتُ: لَا. قَالَ: فَمَا تَقُولُ؟ قُلْتُ: هُوَ أَجَلُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَعْلَمَهُ لَهُ فَقَالَ: إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ. فَذَلِكَ عَلَامَةُ أَجَلِكَ: فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَاسْتَغْفِرْهُ إِنَّهُ كَانَ تَوَّابًا. فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا أَعْلَمُ مِنْهَا إِلَّا مَا تَقُولُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Омар (р.а.) мені Бәдір шейхтарының жиналысына алып баратын. Біреулері мені жақтырмай: «Оны неге бізбен бірге отырғызасың, бұл біздің балаларымыз қатарлы ғой!» – деп, әзірет Омарға наразылық білдірді. Әзірет Омар оларға: «Оның кімдерден екенін білесіңдер ғой», – деп, олардың сөзіне мән бермегендей болды.

Бір күні Омар мені тағы да олардың мәжілісіне алып барды. Бұл жолы менің жиынға қатысуға лайық екенімді көрсетпек болғанын аңғардым. Омар (р.а.) олардан: «Алла Тағаланың ﴿إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ﴾ “Алланың жәрдемі мен жеңісі жеткенде,”1 деген сөзі жайлы не айтасыңдар?» – деп сұрады. Кейбіреуі: «Көмекке және жеңіске қол жеткізген кезде Алланы мадақтап, Одан кешірім сұрау бізге бұйырылған», – деді. Қалғандары үн қатпады.

Әзірет Омар (р.а.) маған қарап: «Ибн Аббас, сен де осылай ойлайсың ба?» – деді. Мен: «Жоқ», – дедім. Әзірет Омар: «Олай болса айт, сен не ойлайсың?» – деп маған сөз берді. Мен былай дедім: «Бұл сүре арқылы Расулалланың (с.а.с.) ажалы хабар берілген. Бұл сүреде Алла Тағала (Елшісіне былай деген): «Алланың жәрдемі мен (көптеген жеңістерге жол ашқан) ұлы жеңісі келген кезде, біліп қой, бұл – сенің ажалыңның жақындағанының белгісі. Олай болса, Раббыңды мадақ айтып ұлықта һәм Одан кешірім тіле! Өйткені Ол – Тәууәб (құлдарының шынайы тәубесін қабыл етуші, онымен қоймай, оларды артығымен сауапқа бөлеп, сый-сияпатқа кенелтуші)!»

Сол кезде әзірет Омар: «Мен де сенің айтқаныңдай ойлаймын», – деді.2

Түсіндірме

Жоғарыдағы риуаяттан әзірет Омардың (р.а.) жасы кішкентай ибн Аббасты (р.а.) үлкендермен бірге мәжілістерге қатыстырғанын көреміз. Мұхаммед ибн Осман ибн Әбу Шәйбаның «Тарихында» әзірет Омардың (р.а.) ибн Аббасқа үлкендер сөйлеп жатқанда сөйлемеуін ескерткендігі де айтылады. Алайда мұһажирлерден кейбір кісілер әзірет Омарға аздап ренішін білдірген. Тирмизидің «Мусаннафындағы» бір риуаятта Мұһажирлер әзірет Омарға: «Ибн Аббасты шақырғаның секілді біздің балаларды да шақырсаңшы?» – деген. Әзірет Омар: «Ол естияр бала, әрі көп ізденетін, (көрген-білгенін) қағып алатын зерек бала», – деп жауап береді.

Омар (р.а.) ибн Аббас үшін: «Оның кімдерден екенін білесіңдер ғой», – деп, Алла Елшісіне (с.а.с.) жақындығын меңзеген. Алайда басқа риуаяттардағы «Оның қандай екенін білесіңдер ғой» деген сөзі арқылы ибн Аббастың зерек, алғыр, ғылымға құштарлығы т.б. артықшылықтары меңзелген болу керек. Өйткені ибн Аббастың өмірі жайлы айтылғандарға қарап, оның ғылымға деген құштарлығы үшін сахабалардың ілтипатына бөленгенін көреміз.

Омар (р.а.) олардың шағымын дұрыс қабылдап, ештеңе айтпайды. Алайда оларға ибн Аббастың бұл мәжіліске қатысуға лайық екенін көрсеткісі келген. Сол мақсатпен бір мәртесінде ибн Аббас бар мәжілісте жамағаттан «Насыр» сүресін қалай түсінгендіктерін сұрайды. Аталмыш риуаятта сүреге қатысты бір ғана пікір айтылған. Алайда басқа риуаяттарда кейбіреулері «Қала мен ауылдардың жеңісі» десе, біреулері «Білмейміз» деген, қалғандары ештеңе айтпаған.

Ибн Аббас «Насыр» сүресінің Алла Елшісіне «ажалының жақындағанын» хабар бергенін айтады, оның осы пікірін барлығы құптайды.

Ахмад ибн Ханбалдың бір риуаятында ибн Аббастың жұртты таңғалдырған жауабынан кейін Омар (р.а.) жамағатқа: «Өздерің куә болғандай (оның осы қабілетін) жақсы көргенім үшін маған айып тақтыңдар?» – дейді. Ибн Сағдтың риуаятынан дәл сол мәжілісте әзірет Омардың Қадір түні жайлы да сұрағанын, ең толыққанды жауапты тағы да ибн Аббастан естігенін көреміз.

Ибн Хажар жеткізген басқа риуаят бойынша, әзірет Омар (р.а.) бір мәртесінде бір мәселе жайлы сұрайды, ешкім жауап бере алмайды, оған ибн Аббас қана жауап береді. Осыған байланысты: «Осы бала құрлы жоқсыңдар ма әлде шамаларың жетпеді ме?» – деп, ибн Аббасқа қарап: «Мен саған сөйлеме деп айтқан едім, енді олармен бірге сен де ойыңды білдірсең болады», – дейді.

Ғалымдар аталмыш хадистен мынадай үкімдер шығарған:

1. Алла берген нығметті дәріптеп, қадірін білмегендерге ұғындыру үшін адам әдептен аспай өзі жайлы айта алады. Мұндағы мақсат – нығметті көрсету. «Духа» сүресінің 11-аятында ﴿وَأَمَّا بِنِعْمَةِ رَبِّكَ فَحَدِّثْ﴾ «Раббыңның әр нығметін шүкірлікпен жадыңда ұста және өзгелерге айтып жүр.» делінген. Мұны мақтану, тәкаппарлану үшін айту дұрыс емес.

2. Құранның кейбір ишараттарына сүйеніп, мағына шығаруға болады. Алайда бұның тек нағыз ғұлама кісінің ғана қолынан келетіні, бұл істі солар ғана жасай алатыны да айтылған.

  1. 1«Насыр» сүресі, 1-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», 4, «Мәнәқиб», 25, «Мағази», 50, 85; Тирмизи, «Тәпсір», «Насыр» (№3362, Ибраһим Жанан басылымында №3359).