وَعَنْ أَنَسٍ وَأُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَعْتَكِفُ الْعَشْرَ الْأَوَاخِرَ مِنْ رَمَضَانَ، فَلَمْ يَعْتَكِفْ عَامًا، فَلَمَّا كَانَ الْعَامُ الْمُقْبِلُ اعْتَكَفَ عِشْرِينَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ عَنْ أُبَيٍّ، وَالتِّرْمِذِيُّ عَنْ أَنَسٍ.
Әнәс пен Үбәй ибн Кағб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасайтын. Бір жылы иғтикаф жасамай, келесі жылы жиырма күн иғтикаф жасады». Ибн Мәжа жеткізген нұсқада оның сол жылы сапарда болғаны айтылады1.
Түсіндірме
- Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетін үлгі етіп, рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасауға үндейді.
- Иғтикаф жасаған адам Қадір түнін құлшылықпен өткізуге ұмтылады. Күнделікті тірліктен бір сәт алшақтап, ойын жинақтайды, қателіктері үшін тәубе етіп, дұға мен мінәжатқа ден қояды. Осылайша жүрегін күнәдан тазартады.
- Алла елшісі (с.а.с.) дүние салған жылғы рамазанның жиырма күнін иғтикафпен өткізді. Әдетте Құранды Жәбірейілмен (а.с.) бірге жылына бір мәрте қайталап оқитын. Сол жылы оны екі мәрте қайталап оқыды. Риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) мұны өмірінің соңы жақындағанының белгісі деп ұққаны айтылады (Бұхари, №3624).
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 77 (№2463), Үбәй ибн Кағбтан. Тирмизи, «Саум», 79 (№803), Әнәстен. Ибн Мәжа, «Сиям», 58 (№1770).