وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «إِنَّ مِنْ أَزْوَاجِكُمْ وَأَوْلَادِكُمْ عَدُوًّا لَكُمْ الْآيَةَ. قَالَ هَؤُلَاءِ رِجَالٌ مِنْ أَهْلِ مَكَّةَ أَسْلَمُوا وَأَرَادُوا أَنْ يَأْتُوا النَّبِىَّ ﷺ فَأَبَى أَزْوَاجُهُمْ وَأَوْلَادُهُمْ أَنْ يَدَعُوهُمْ فَلَمَّا أَتَوُا النَّبِيَّ ﷺ رَأَوُا النَّاسَ قَدْ فَقِهُوا فِي الدِّينِ فَهَمُّوا أَنْ يُعَاقِبُوهُمْ فَنَزَلَتْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِي.
Ибн Аббас (р.а.) ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّ مِنْ أَزْوَاجِكُمْ وَأَوْلَادِكُمْ عَدُوًّا لَكُمْ فَاحْذَرُوهُمْ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар да шығуы мүмкін. Олардан сақ болыңдар!»1 деген аят жайлы былай деді: «Аяттағы сөздер бірқатар меккелік ер адамға айтылған. Олар исламды қабылдап, һижрет жасап, Алла елшісіне (с.а.с.) бармақшы болады, бірақ әйелдері мен балалары өздерін тастап кетпеуін өтініп, олардың һижрет жасауына кедергі болады. Әлгі кісілер кейінірек һижрет етіп келгенде, халықтың дін жайлы көп нәрсе үйренгенін көреді. Осыған байланысты (өздерінің әуел бастан-ақ һижрет жасауына кедергі болған) әйелдері мен балаларын жазаламақ болды. Осы кезде Алла Тағала аталмыш аятты түсірді».2
Түсіндірме
Аят белгілі бір оқиға үшін түскенмен, үкімі жалпыға қатысты әрі барлық кезеңнің адамдарына айтылған. Аят әрбір мүминге былай дейді: «Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар шығуы мүмкін. Олар сендердің жақсылық жасауларыңа, Аллаға ғибадат жасауларыңа кедергі болады немесе діни және дүниелік істеріңе қарсылық танытуы мүмкін. Олай болса, олардың істеріңе араласуына алаңдамай, жақсылық жасамақ ойларыңнан танбаңдар, олардың айтқанымен жүрмеңдер...»
Аяттың жалғасы мұндай жағдайларда олардың кедергі келтіргеніне қарамастан, әйелі мен балаларын жазаламай кешіріммен қарау керектігін көрсетеді: ﴿وَإِنْ تَعْفُوا وَتَصْفَحُوا وَتَغْفِرُوا فَإِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾ «Әйтсе де, соған қарамастан оларға кеңшілік жасасаңдар, кешіріммен қарасаңдар және оларды кешіре білсеңдер, шүбәсіз, Алла – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!»3