Хадис

Кутуб ситтә, № 828

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
109. «Мумтаһина» сүресі
Нөмірі
№ 828 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
828
Кутуб ситтә, № 828 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُبَايِعُ النِّسَاءَ بِالْكَلَامِ بِهَذِهِ الْآيَة: أَنْ لَا يُشْرِكْنَ بِاللَّهِ شَيْئًا، وَمَا مَسَّتْ يَدُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَدَ امْرَأَةٍ قَطُّ لَا يَمْلِكُهَا، وَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا أَقْرَرْنَ بِذَلِكَ مِنْ قَوْلِهِنَّ يَقُولُ: انْطَلِقْنَ فَقَدْ بَايَعْتُكُنَّ، لَا وَاللَّهُ مَا مَسَّتْ يَدُهُ يَدَ امْرَأَةٍ قَطُّ، غَيْرَ أَنَّهُ بَايَعَهُنَّ بِالْكَلَامِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдерден серт алғанда (қол алмастан) ауызша алатын және мына аятта берілген шарттарды қосатын: ﴿عَلَىٰ أَنْ لَا يُشْرِكْنَ بِاللَّهِ شَيْئًا وَلَا يَسْرِقْنَ وَلَا يَزْنِينَ وَلَا يَقْتُلْنَ أَوْلَادَهُنَّ وَلَا يَأْتِينَ بِبُهْتَانٍ يَفْتَرِينَهُ بَيْنَ أَيْدِيهِنَّ وَأَرْجُلِهِنَّ وَلَا يَعْصِينَكَ فِي مَعْرُوفٍ﴾ “Аллаға ешкімді һәм еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлық-қарлыққа бармау, зина жасамау, балаларын өлтірмеу, бөтен баланы немесе басқа біреуден тапқан баласын күйеуіне теліп өтірік айтпау, бірде-бір игі істе саған қарсы келмеу”1. Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) қолы бөтен әйелге мүлдем тимеген. Әйелдер аталмыш шарттарды өз сөздерімен қабылдаған соң, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кете берсеңдер болады, сендермен серттестік», – дейтін (және қол алыспастан олармен сертін тамамдайтын). Жоқ, Аллаға ант етейін, оның қолы ешқашан ешбір әйелдің қолына тиген емес. Әйелдерден тек ауызша серт алды».2

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла Елшісінің (с.а.с.) әйелдерден де серт алғанын және серттің қалай берілгенін көрсетеді. Ер адамдар шарттарды ауызша қабылдап, Алла Елшісімен қол алысқан. Ал әйелдер аятта аталған шарттарды жеке-жеке айтып, оларға бойсұнатынын білдірген соң, серт қол алыспастан аяқталған.

Дініміз әйел мен ердің қарым-қатынасына бірқатар қағида белгілеген. Бір-бірімен некелесе алатын әйел мен ер адам оңаша қалмайды, қажеттілік тумаса, бір-біріне қол тигізбейді. Дәрігерге қаралу секілді мәжбүрлі жағдайларда тексеруге және қол тигізуге рұқсат етіледі.

Хадистен қажеттілік туған кезде бөгде әйелмен сөйлесуге болатыны аңғарылады.

Әйелдерден Исламға қатысты серт алынғанда қойылған шарттардың Құран кәрімде жеке-жеке аталуы ой салады. Ер адамдардан алынған серттің дәл осылай тізілген тұрақты мәтіні жоқ. Риуаяттарда сертке әр адамның жағдайына қарай жекелеген шарттар қосылып отырғаны көрінеді.

Құранда осы шарттардың жеке-жеке аталуы олардың қияметке дейін өз күшінде қалатынын және әр дәуірде әйелдер үшін маңызын сақтайтынын көрсетеді.

Аяттағы «бала өлтіру» мәселесі жәһилия дәуірінің бір әдеті еді. Ұятқа қалу, кедейлену секілді себептермен жаңа туған нәрестелер тірідей топыраққа көмілетін. Қазіргі уақытта тұрмыс тауқыметін тартпасын, жас қалпын сақтап қалсын, бағып-қағып машақат көрмесін, некесіз баласы үшін ұялып жүрмесін деген секілді әртүрлі ойлар әйелдерді «бала өлтіру» қылмысына итермелеуде.

Демек, аят бала өлтірудің, қандай себеппен жасалса да, Исламды қабылдағанда берілген сертке қайшы екенін білдіреді.

  1. 1«Мумтахана» сүресі, 12-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Мумтахана», 2, «Талақ», 20, «Ахкам», 49; Мүслим, «Имарат», 88 (№1866); Тирмизи, «Тәпсір», «Мумтахана» (№3306, Ибраһим Жанан басылымында №3303).